Мәдениет

«Қар қызы» немесе Оралханның өзі

Көрнекті жазушы-драматург Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» повесі желісімен бір уақытта Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары сахналарына спектакль жол тартты. Елорданың «Жастар» театрында әдеби шығарма аттас романтикалық драманы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай сахналады.Қоюшы режиссердің өзі актер кезінде шығармадағы кейіпкердің бірі – Бақытжан бейнесін сомдағанын айта кетейік. Ал бұл жолы бұл бейнені жас әртіс Ербол Тілеукеновке тапсырды.
Повесті оқығандар білер, шөпке трактормен аттанған үш жігіт боранда адасып, арып, ашып, жапандағы жалғыз үйге жетеді. Ондағы қыңыр, қырсық Қоңқай шалмен тартысқа түседі. Бастарынан әртүрлі оқиғаларды кешіп, ең соңында сиыршы шалдың үйінде аңыз болып кеткен қар қызымен кездеседі. Нұржан (Елдос Шайкенов) мен қар қызы – Алмажан (Қаламқас Мелисова) арасында сезім пайда болып, жігіт қар қызының мекенінде қалуға бел байлайды. Мұндағы Нұржан – Оралханның өзі. Яғни жазушы шығармасында өз басынан кешкен оқиғаларды жазып шыққан.
Бір атап өтерлігі, спектакльде сиыршы шалды Оралхан Бөкейдің құрдасы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мұхтархан Манап кейіптеді. Сексеннің сеңгіріне жақындап қалған актер бекітіп берілген бейнені сергек ойнап шықты. Көпшілік Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғани Құлжановтың да өнерін са­ғынған болар. Көрермендер әйгілі актерді Қоңқай шал бейнесінде көрді.
Сонымен қатар спектакльде Данияр Оразаев, Шехназа Қызыханова, Наурыз Сабағатова сынды жас әртіс­тер көрінді. Олар сомдаған кейіпкерлерден жастыққа тән албырттықты, аруларға сай келетін нәзіктікті көрдік. «Жастар» театры «Қар қызы» спектаклінің премьерасымен осы жылды жапты. Қазіргі кезде өнер ошағында балаларға арналған жаңа жылдық ертегілер жүріп жатыр.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button