Жаңалықтар

ҚАРАҒАЙ, ҚҰСТАР һәм ҚЫРҒИ

Біздің ауламыздағы кешегі балаң қарағайлар аз ғана жылдың ішінде көк тірердей болып, шырқап өсті. Кейбіреулерін ұлым Айбек екеуміз отырғызып едік. Балалар да ұйқылары қанған соң, ауламыздағы кішкене орманның құшағына енеді, рахат­танып… Күні бойына дауыстары бір толастамайды сол жерден. Табиғат-анамыздың үйіміздің алдындағы осынау бір бөлшегіне мен панамыздай, ұлы жаратылыс құдіретінің күшіндей құрметпен қараймын. Таң сібірлеп атысы­мен қарағайлардың ұшар баста­рына неше түрлі құстар қонып, ән сала бастайды. Іштерінде суық торғайлар, сарыжағал шымшықтар, тіпті, қайдан келгені белгісіз бұлдырықтар да жүреді, бұтақтан-бұтаққа секіріп…

Мен қарағайлар саясындағы темір күркешеге кіріп, айналам­ды қызықтауға бейілмін әркез. Аяғымның астында шаруақор құмырсқалар жүреді, әлденендей жұмыстарына асығып. Кейде олардың аптыққан тіршіліктеріне зу етіп, кенеттен қона қалатын бала торғайлар бастарын қисайта таңдана қарайды. Әдетте, бұл жерді түн баласы жастар ме­кен етеді. Солардан торғайлар үшін қорек болар талай дәмдер қалады. Торғайлардың арасында әлсіздері де жолығады. Бірде сондай қанаттының бірін осы маңда кердең басып жүретін, үсті-басы кір-қожалақ қара мысық бас салып, алып кетті, жертөле жаққа. Өткен күзде ауладағы осы қарағайлардың ұшар басын қайдан келгені беймәлім бір қырғи мекендеп жүрді. Заңғар биіктегі ағаш ба­сында отырып, үй шатырын мекен еткен көгершіндерге көз салғандай болады да, ке­неттен атқан оқтай зымырай шырқап кетеді… Бұрындары бұл маңда күл-қоқыстарға құмар шағалалар көп болатын. Енді жоқ. Қырғидың жұмысы ма деймін… Көгершіндер болса, аспан астында еркін қалықтап жүр. Өздері неше түрлі. Ақ көгершін, көк көгершін…

Смағұл РАХЫМБЕК, жазушы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button