Саясат

Қарақұсованың қазақшасын келеке етпейік!

Бізде бір жағымсыз әдет бар. Жоғары лауазымды бір шенеунік немесе депутат қазақша сөйлеймін деп қате жіберіп жатса, жаппай жабылып сынаймыз.

Жуырда Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарақұсова апайымыз үш тілде оқыту туралы журналистің сауалына қазақша жауап беріп, дүйім елге жексұрын болды. «Өйтіп қазақша сөйлемей-ақ, орысша сөйлей салмады ма екен», «Үндемей-ақ қоймады ма», «Масқара ғой мынау. Бұдан Есімовтің ағылшыншасы тәуір ме деп қалдым» деп әлеуметтік желі қолданушылары жарыса сөзбен «сойып» салды. Мұны көрген Гүлжан Жанпейісқызы да, өзге сөйлейін деп талпынып жүргендер де үркетіні анық. Неге осы біз мемлекеттік тілде сөйлеуге деген ниеті бар адамды мазақ қылуға құмармыз? Осыны түсінбей-ақ қойдым.

Бүйте берсек, жұртқа мазақ боламын деп сөйлемей қояды емес пе? Өз басым Парламентте тілші болып жүріп, Гүлжан Жанпейісқызынан 8 наурыз мерекесінде екі мәрте қазақ тілінде сұхбат алдым. Шамасы келгенінше ой-пікірін қазақша жеткізді. Мәжілістің бұрынғы спикері, марқұм Орал Мұхамеджановтың кезінде төменгі палатадағы өзге ұлт өкілдерінің 98 пайызға жуығы мемлекеттік тілде сөйлейтін үрдіс болушы еді. Егор Каппель, Виктор Киянский, Розақұл Халмұрадов және т.б. сауалдарын қазақша жолдайтын. Кейбірінің тілдері келмей жатса да, оларға тыңдап отырған басшылар да, әріптестері де құрметпен қарайтынын көзбен көрдік.

Айтайын дегенім, қазақ тіліне ашық қарсы тұрмаса да, өз ана тілін біле тұра, биік мінберден әдейі сөйлемейтін, сөйлегісі келмейтін депутаттар да, лауазымды шенеуніктер де аз емес. Бірақ соларды жан баласы сынамайды. Әлде әлеуметтік желідегі сынағыштар олар орыс тілді болған соң, сынап-мінеуге қорқа ма? Туған ұлтының болашағынан қол үзгендерді неге мазақтамаймыз? Грузин парламентінде грузин тілін білмей, эстон парламентінде эстон тілін білмей тұрып, сол елдің депутаты болып, заң шығару деген мүлдем жоқ. Кезінде Парламентте депутат болған ұлт зиялысы Амангелді Айталы ағамыз: «Тек Қазақ елінде ғана қазақтың тілін, тарихын, мәдениетін білмей-ақ заң шығара беруге болады» деп мәлімдеме жасағаны есімізде. «Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат жаныңнан түңілсін» демей ме қазақ?! Ендеше, мемлекеттік тілде сөйлеген немесе сөйлеуге талпынған жандардың шашбауын көтергеннің орнына, жөні сол екен деп сынға алу жөн бе? Қазақша Қазақ елінің Парламентіндегі депутат сөйлемегенде, басқа кім сөйлейді? Бір-бірімізді қалың елге келеке еткеннен не ұтамыз? Осыны ойланайықшы!

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Бір пікір

  1. Осыдан бірнеше жыл бұрын да осылай талпынып жүр еді, әлі талпынуда, өкінішке карай. Қолында билігі бар осындай ханымдар мен мырзалар ең бірінші тілге деген жанашырлықтан бастап, өздері мықтап меңгеріп алса жақсы болар еді… Әйтпесе олар ана тілін үйренем деп «талпынып» жүргенше, үш тілді меңгерген қаншама түлектер қанат қақты.

Пікір үстеу

Back to top button