Қала мен Сала

Қарбаласқа толы жыл нәтижелі болды

Санаулы күндерден кейін тышқан жылын аттандырып жіберіп, «сиырды» қарсы аламыз. Осы өлара шақта өткенімізді қорытындылап, болашағымыз­ды болжамдап алғанымыз дұрыс. Қандай жетістік-жақсылықтарға жеттік, неден қапы қалдық? Жоспарланған шаруалардың қайсы іске асып, қайсы қиыс кетті? Қоғамдық өмірде қандай елеулі оқиғалар орын алды?

Індетпен күрес қарқын алды

Әлемнің әлегін шығарған COVID-19 індеті астананың да аспанынан жай түсіргендей қылды. Ол ел экономикасына да, күнделікті тіршілігімізге де зор кесірін тигізді. Әйтсе де, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жоғарғы және жергілікті атқарушы биліктің жұмыла жұмыс істеп індеттің алғашқы толқынын еңсерді. Эпидемиология­лық жағдайға байланысты елордада зертханалар көбейді, ем-домға қажет жасақ-жабдықтар мен дәрі-дәрмектер жеткізілді. Кеселге шалдыққан 15 мыңнан астам тұрғын сауығып шықты. Қазір 176 адам әлі ем алып жатыр. Салыстырмалы түрде айтсақ, тәжтажал ушығып тұрған жаз айларында бір күнде 3911 науқас төсекке таңылатын.

Үнемделген қаржы бақылауда

«Індеттен әсіресе шағын және орта бизнес зардап шекті. Мемлекет ШОБ субъектілерін қолдау үшін жеңілдіктер жасады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекет пен квазимемлекеттік сектордың өнімсіз шығындарын азайту мақсатында ауқымды жұмыс жүргізілді. Көптеген іс-шаралар қысқартылды. Мәдени шаралардың көбі онлайн өтті. Соның нәтижесінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің бюджетін 43 миллиард теңгеге үнемдедік» деді қала әкімі Алтай Көлгінов елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп берген кезінде.
Үнемделген қаражат ең алдымен COVID-19-бен күреске, денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтар сатып алуға жұмсалған. Сонымен нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге, індет кезінде шағын және орта бизнесті қолдауға, жұмыспен қамту мәселелеріне, қаланың инфрақұрылымын жақсартуға және қоғам үшін өзекті басқа салаларға бағытталған.3 млн шаршы метр үй пайдалануға беріледі

Қала әкімінің айтуынша, қазіргі күні елордада 48 мың адам үй кезегінде тұр екен. Әлеуметтік әлжуаз топ өкілдері үшін жыл соңына дейін «Қолжетімді баспана» сегменті бойынша 8 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілуі тиіс. Сонымен бірге тұрғын үй сертификаттарының көлемі 1 миллионнан 1,5 миллион теңгеге дейін ұлғайтылған.
Соңғы он жылда елорда халқы екі есе өсіп, 1 млн 200 мыңға жетті. 2030 жылға қарай тұрғындар саны 2 миллионға жетеді деген болжам бар. Осыған орай құрылыс жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр.
– Бас жоспарға сәйкес «Мыңжылдық» аллеясында, «Тәуелсіздік» сарайы­нан бастап «Нұрлы жол» вокзалына дейін, жалпы аумағы 5 шақырым қашықтықта құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Қазір оның бойындағы ескі саяжайлар сырылып, ол жерлерге тұрғын үй кешендері салынып жатыр, – деді Алтай Сейдірұлы.
2020 жылдың соңына дейін 3 млн шаршы метр үй пайдалануға беру жоспарланған.

Үлескерлер үміті жанды

Жаңа құрылыстармен бірге ұзақ жылдарға созылған үлескерлер мәселесі де әлі өзектілігін жоғалтқан жоқ. Өткен жылдың басында қалада 52 проблемалық нысан болған. Былтыр олардың «сақалды құрылысқа» айналған 10 нысаны бойынша мәселе оңтайлы шешіліп, құрылыстары қайтадан жүрді. Биыл жыл аяғына дейін 20 проблемалық үй бойынша нақты шешім қабылданды.
«Сөйтіп 52 проблемалық үйдің 30-ның мәселесі шешілді. Бұл оңай шаруа емес. Сот үрдісі мен қаржы моделі, жобалық-сметалық құжаттардың қалпына келтірілуіне көп уақыт жұмсадық. Елордада тұрғын үй құрылысына қатысты проблемалық жайттарды шешу үшін Елбасының тапсырмасымен 40 млрд теңге бөлінген. Бірақ бұл қаржы аздық етті. Сондықтан ел басшылығы тағы қосымша қаржы бөлді. Ол құрылысы тоқтап қалған нысандарға жан бітірді. Әр нысаны бойынша пайдалануға беру кестесі жасалып, құрылыс жұмыстары қарқынды қолға алынды» деді Алтай Көлгінов.

Бес жылда елу мектеп салынады

Астанада тұрғындар санының үздіксіз артуы жыл сайын жаңадан 10-12 орта мектеп салуды қажет етеді. Өйткені осыдан 10 жыл бұрын оқушылардың саны 74 мың болса, қазір олар 193 мыңға жетті. Егер өсу қарқыны осы мөлшерден таймаса, он жылда оқушылар саны 400 мыңға жетуі мүмкін. Ал құрылыс жұмыстары қарқынды жүру үшін бұл іске тек бюджет қаржысын ғана емес, жеке инвесторларды да тартқан абзал.
Бала көптігінің өз қиындықтары бар. Өткен жылы 22 мектепте балалардың саны белгіленген межеден асып кеткен. 8 мектеп үш ауысыммен оқытуға мәжбүр болған. Биыл олардың саны екі есеге азайды.
«2019 жылы жаңадан 6 мектеп салынса, 2020 жылы 12 мектеп салынды. 2021 жылы кем дегенде 12 мектептің құрылысын аяқтап, пайдалануға беруді көздеп отырмыз. Жалпы бес жылда 50-ге жуық мектеп салу жоспарланған» деді әкім.
Жалпы, ағымдағы жылы жаңадан 29 әлеуметтік нысан ашылды. Оның ішінде дәрігерлік көмек, үш қосымша білім беру нысаны, 4 оңалту орталықтары және отбасын қолдау инс­титуттары бар. Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы бойынша 26 әлеуметтік нысан жөндеуден өтті.
Сондай-ақ «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығына бүгінге дейін 60 мыңнан астам адам сауал жолдап, өздеріне қажет кеңес алған.Газдандыру экологияны жақсартады

Биылғы жылдың басты оқиғасының бірі – астананы газдандыру ісі. Сыр елінен тартылған «Сарыарқа» магистралды газ құбыры 1 мың 81 шақырым жолды басып өтіп, биыл қыста елордаға жетті. Жергілікті билік көгілдір отынды тұтынушыға жеткізу үшін қалаішілік желі тарту міндетін мойнына алды. Соған сәйкес үш кезең бойынша 300 шақырымды құрайтын газ құбыры тартылды. 1-ЖЭО мен 2-ЖЭО-да төрт су жылытатын қазандық газға көшірілді. Басқа қазандықтар да алдағы жылдары газға ауыстырылады. Ендігі күні «Көктал-1», «Көктал-2» және «Агроқалашық» тұрғын алаптарындағы жеке секторларға газ жеткізілген. 1 мыңнан аса тұрғын оның техникалық құжаттарын алды. Тағы 3 мың адам жеке шарттарын рәсімдеуде. Газдандыру ісімен лицензиясы бар мамандар айналысуда.
– Қала, негізінен, үш түрлі жолмен ластанады. Біріншісі – жылу-электр орталықтарының, екіншісі – жеке сектордағы үйлердің, үшіншісі – автокөліктердің түтіні. Ал шаһарымызда тұрғындар мен автомобиль саны жылдан-жылға көбейіп келе жатқандығы, өндіріс ошақтарының қуатының артуы бұл проблеманы одан сайын ушықтыра түседі, – деді қала әкімі.
«Экологияны сауықтыру мақсатында жолаушы тасымалдайтын 100 электроавтобус сатып алдық. Жеке инвестициялар есебінен тағы осындай автобустар алуды жоспарлап отырмыз. Қазір инвестор автопарк салып жатыр» деді А.Көлгінов.
Газдандыру, көгалдандыру және көліктерді баламалы энергия көздеріне көшіру қала экологиясын әжептәуір жақсартады. Аулалар абаттандырылды

Биыл елордада 760 мың шаршы метр аумақ абаттандырылды. Бұл – 150-ден астам аула және 60 қоғамдық кеңістік. Келесі жылы да аумақтарды абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар жалғасатын болды.
«Аулаларды, гүл бақтары мен желекжолдарды жобалауға тұрғындардың қатысуы аса маңызды. Өйткені олар аулада не орнату керектігін, аумақты қандай аймақтарға бөлу керектігін жақсы біледі. Қаланың оң жағалауына, сонымен бірге бұрын бос, иесіз жатқан не батпақты жерлерге баса назар аударылды. Осылайша қала картасында жаңа тартылыс нүктелері пайда болды. Келесі жылы да аумақтарды абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстарды жалғастырамыз» деді Алтай Көлгінов.
Қыркүйек айында «Нұрлы жер 2020-2025» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы кешенін дамыту бағдарламасы бойынша лифтілер ауыстырылды. Бір кіреберісте тұрғын үй кешені пайдалануға берілген сәттен бастап, яғни 2009 жылдан бері лифтілер жұмыс істемеген, ал басқалары апаттық жағдайда болды. Сол себептті бірінші кезеңде 100-ден астам лифтіні жаңартуды жоспарланған. Қазір олардың жартысы жаңартылып болды.
Тұрғындар арасында «бүкір көпір» аталып кеткен (Бөгенбай батыр даңғылы) көпірдің «жыры» көптен бері толастаған емес. Оның бір бөлігі қыркүйек айында опырылып түскен, Құдай сақтап, әйтеуір адам шығыны болған жоқ. Алтай Көлгінов атышулы көпір жөнінде былай деді: «Бұған дейін ол көпірге кешенді зерттеу жүргізілді. Техникалық қорытынды көпірдің бір бөлігі апаттық жағдайда екенін көрсетті. Қазіргі уақытта 60-тан астам балкалар бөлшектеліп алынған. Көліктер көпірдің сол жағымен ғана қозғалады. Көпірді жөндеу жұмыстарын 2021 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз».
Қорыта айтқанда, қолжетімді әлеуметтік баспана 3 есе, ал мектептер 2 есе көбейді. Оңалту және медицина орталықтары желісі кеңейтіліп, газ тартылды, ұзаққа созылған құрылыстар аяқталып, апатты жағдайдағы ескі үйлер сүрілді, суағарлар салынып, тұрғын алаптары дамытылды және тағы көптеген ауқымды жұмыстар атқарылды. Сөйтіп 2020 жыл нәтижелі қорытындыланды деуге толық негіз бар.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button