Мәдениет

Қазақ биінің салтанаты

Елордада Қазақ ұлттық хореография академиясының ұйымдастыруымен Шара ­Жиенқұлова атындағы VI республикалық қазақ биі байқауы өтті. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен 20 ансамбль мен 15 жеке орындаушы қатысты.

Байқау аясында көрме ашылды. Мұнда алғаш рет қазақтың тұңғыш бишісі, Халық әртісі Шара ­Жиенқұлованың сирек суреттері бар бірегей фотоальбом ұсынылды. Би нөмірлерінің көрсетілімі елорда­дағы Astana Ballet театрының сахнасында өтті.

Шара Жиенқұлова атындағы VI республикалық қазақ биі байқауының қазылар алқасының құрамында Шараның шәкірті, Қаз КСР Халық әртісі Гүлжан Талпақова, Әзербайжан Республикасының Халық әртісі Тарана Мурадова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мукарам Авахри, Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы «Шалқыма» халық би ансамблінің көркемдік жетекшісі Абдрасул Есекеев болды.

Көрмедегі QR-кодтар Қазақ ұлттық хореография академиясында 2016-2022 жылдар аралығында қойылған билердің бейнежазбасын жаңғыртуға мүмкіндік берді. Ал VI байқау бағдарламасы Анвара Садықова мен Алмат Шәмшиевтің шеберлік сабақтарымен, Шараның ізбасарлары – белгілі педагог және ғалымдар К.Бейсенова мен Т.Ізімнің дәрісімен жалғасты.

Байқау қорытындысында «Ансамбль» аталымында Қазақ ұлттық хореография академиясының ансамблі бас жүлдені иеленді. «Жеке орындау» аталымында осы академияның атынан қатысқан Әліби Ескендіров пен Ерсұлтан Тойғұлов бірінші орынды иеленді. Осы аталымда Астананың «Наз» мемлекеттік би театрының бишісі Омар Мұхамметәлиев үшінші орынды иеленді. «Балетмейстерлік өнер» аталымында Алмат Шәмшиев топ жарды. «Салтанат» би ансамблінің бишілері Мереке Төрехан мен Балауса Сылқымбай, «Ертіс концерт» мекемесіне қарасты «Алтай» халық би ансамблінің бишісі Құралай Қантаева, «Топтық орындау» аталымында Жетісу облыстық филармониясы мен астаналық «Контраст» ансамблі байқау дипломанттары атанды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button