БілімЖаңалықтар

Қазақ тілін қастерлеген Кузнецов

Жақында редакцияға біреу «Астана ақша­мында» мақаламды жариялағым келеді деп телефон шалды. Аты Семен екен, бірақ қазақ­шаға судай, бір орысша қоспасы жоқ. Жазғаны бірден қызықтыра кетті. Оқыдым да, оқырманмен жүзбе-жүз тілдесуге асықтым.

????????????????????????????????????

Өзі Астанада туып-өскен, білім алған. Қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі. Жастайынан қазақ тілінен олимпиадаға қатысып, ғылыми жұмыстармен айналысқан. Тіл меңгеруге құлшынысты оятқан да – сол ұлы мамандықтың иесі ұстаз. Қазіргі таңда Семен Кузнецов тағы бір мамандықтың тізгінін ұстап, балалар үйінде заңгер болып отыр. Астана әкімдігіне қарасты мекемеде балалардың барлық құқықтары сақталған дейді ол. Жасөспірімдердің құқығын қорғау, әлеуметтік мәртебесін орнату және құжат­тарды рә­сімдеу жұмыстары – Семеннің мойнында.
2010 жылы Білім және ғылым министрлігінің нұсқауы бойынша балаларды әлеуметтендіру жұмысы қарқынды атқарылып келе жатыр. Ол дегеніміз бала­лар үйінің тәрбиеленушілері жақын жерде орналасқан мектепке барып, ел қатарлы білім ала алады. Бүгінде жеткіншектер елордалық №8 және №16 орта мектептерінде оқиды.
Семен балалар үйінен бұрын мектепте ұстаздықпен қатар әлеуметтік педагог болып қыз­мет атқарды. Елордалық Кәме­летке толмағандарды бейімдеу орта­лы­­ғында да тәжірибе жи­нақ­тады. Тұрмысы нашар отбасылардан шыққан балаларға қарайласу – жауапты іс. Оларға қалайша қол ұшымды беремін, нендей көмек көрсете аламын деген сауалдар көкейінде жүрді. Дұрысы – сол мекемеге барып, жасөспірімдермен тікелей жұмыс істеу болды.
Балалардың тағдырына ешкім немқұрайлы қарамайтыны анық. «Асырап алам деушілер жиі келіп тұра ма?» деп сұрағанымызда, Семен: «Біздің үйде бірге туған апалы-сіңлі, ағалы-інілілер көптеп кездеседі. Баланы туысынан бөліп-жаруға құқығымыз жоқ дегенде, біразы бас тартады. Жағдайлары келмейді» деп жауап берді. Қалай болғанның өзінде, мекемедегі 118 балаға 52 тәрбиеші бас-көз болып отыр.
Сабақтан тыс уақытта Семен «Қазақшаңыз қалай?» деген үйірмені жүргізеді. Фототілші екеуміз сол сабақтардың біріне қатысуға мүмкіндік алдық. Оқушылармен сөйлесудің сәті де түсті. Ұлтына қарамастан балалар қазақ тілінде еркін сөйлейді, ешқандай көзбояушылық жоқ. Карина есімді қыз «Сүйікті пәнім – қазақ тілі» деп ағынан жарылды. Бұл да Семеннің ұс­таздық қабілетінің жоғары екендігіне дәлел болар.
Семеннің айтуынша, мемлекет қазақ тілін біртіндеп үйрену үшін барлық жағдайды жасап отыр. Тіл білудің маңыздылығын өз мысалында насихаттап жүр. Қазақ қызына үйленіп, отбасын құрды. Жұбайы Айсұлу – тарих пәнінің мұғалімі. София есімді қыздары өсіп келе жатыр. Отбасында тек қана қазақ тілінде сөйлесуге тырысамыз дейді. Ата-жұрты орыс болғанымен, қазақтың жерін өз Отанындай көреді. Кездесудің соңында сары қазағымыз Семен Кузнецов «Қазақ даласына қай кезде де қарыздармын. Мені жетілдірген – осы өлке, осы топырақ. Менің бүгінім де, болашағымда да – Астана» деді.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Бір пікір

Пікір үстеу

Back to top button