Жаңалықтар

Қазақ тілінің ұлттың ақпарат кеңістігіндегі әлеуеті

Ақпараттың заманауи тұтынушысы қоғамның саясат, экономика және әлеуметтік-мәдени өмірі саласындағы цифрлық технологиялардың ықпалымен өмір сүруде. Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды жедел енгізу ұлттық бірегейлікті, мінез-құлық пен азаматтық белсенділікті және адамның өмір салтын өзгертетіні белгілі. Қазақстанның медиа нарығын дамыту моделі ұлттық мүдделерді ескере отырып, ашық ақпараттық кеңістік қағидаттары негізінде жүзеге асырылып келеді. Коммуникациялық технологиялар қазақ қоғамының барлық саласына еніп, билік пен халық арасындағы ақпараттық алшақтықты азайтуда.

[smartslider3 slider=3694]

Ұлттық ерекшеліктер, халықтың технологиялық жаңалықтарды қабылдау ерекшеліктері Қазақстанда жүргізіліп жатқан ақпараттық саясаттан анық көрінеді. Мысалы, қазақстандық телеарналар аудиториясының қалауы мен сұранысын анықтау бойынша жүргізілген зерттеулер соңғы жылдары ойын-сауық контентінің тұрақты өсу үрдісін көрсетіп отыр. Телевизия менеджерлері телебағдарламалардың тәрбиелік мүмкіндіктерін, оның мазмұны мен танымдық мүмкіндіктерін жете бағаламайды деген қатты пікір бар.

Ел халқы ана тілінде сапалы телеконтентті көргенді жөн көретіні анық. Яғни, қазақ тіліндегі телевизиялық өнімдердің сапасын өсіру арқылы ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесін шешу перспективасы зор. Дегенмен, қазіргі көрермендерге барлық өнімдер қызық емес, ол көркемдік сипаты жоғары, мазмұны ұлттық менталитетке сай келетін жобаларды іздейді. Бұл гипотезаны растығын отандық телеарналар рейтингінің динамикасынан байқауға болады

Цифрлық дәуір ұлттық тілдер мен мәдениеттерге үлкен қауіп төндіріп келеді. ЮНЕСКО деректері бойынша жыл сайын 10 этнос ана тілін жоғалтады екен. Тілді жоғалту мәдениеттің, онымен бірге қабылдау тәсілдерінің жойылып, ұлттық болмыстың жоғалуына әкеледі. Сондықтан медианың коммуникациялық мүмкіндіктері арқылы ана тілін сақтау маңызды міндеттің қатарына қосылған. Қазақ тілінің сөздік қорын байыту, ұмытылған және сирек қолданылатын сөздерді ақпарат айналымына қайтару міндеті де журналистерге үлкен жауапкершілік жүктейді.

Телевизия адамзаттың ақпарат әрі рухани нәр алатын қуат көзіне айнала отырып, өмір салтымыз бен күнделікті тіршілігімізге берік орнығуда. Ұлттық теледидар, өнер дегеніміз – қайталанбас, рухани дүние. Егер суреткер экранда өзінің шығармашылығы арқылы өз халқының рухани әлемін, оның проблемаларын көркем келісті тілмен өрнектеп, өмірдің шыншыл көріністерін сәттілікпен бейнелей алса, сонда ғана ол ұлттық телетуындыға айналады. Осындай ұлттық хабарлардың БАҚ-тағы көрсетілу деңгейі әлі де арнайы зерттеулердің, ғылыми сараптамалардың арқауы бола алатындығы анық.

Ұлттық дәстүр, тіл мәселесі, оның елдегі саяси ахуалдың тұрақтылығына тигізер ықпалы және бұқаралық коммуникация құралдарының рөлі мен міндеті қоғамда әрқашан қызу талқыланатын тақырыптар. Ғалымдар, саясаткерлер, философтар, тарихшылар, журналистер қазіргі медиадағы қазақ тілінің жағдайын, салт-сана, этносаралық қарым-қатынас және ішкі саясат мәселелерін тереңнен зерттеп, оған айрықша назар аударып келеді.

Телепублицистика проблемалары мен әдебиеттегі әдет-ғұрып, салт-сана алыс-жақын шетелдер мен қазақ ғалымдарының зерттеулерінде, ғылыми еңбектерінде, монографияларында кеңінен көрініс тапты. Ұлт мүддесі жолында дәстүрді дамытқан қазақ әдебиетінің қайраткерлері де ұлттық мәселеге байланысты ойларын ашық айтқан кесек тұлғалар.

Цифрлық дәуірде ақпараттың қазақ тілінде еркін таралуына басымдық берілуі Қазақстандағы тілдік саясаттың ерекшелігіне байланысты жүргізілуде. Дегенмен, билингвалды Қазақстан жағдайында қолданылу аясы кеңірек орыс тілі қазақтілді ақпараттық ортаның қалыптасуына тежеуіш сипатына ие болуда. Бұл пікірімізге дәлел ретінде алдымен, Қазақ елінің бүгінгі ақпараттық кеңістігіндегі жағдайды зерттеу қажет. Тәуелсіз ел болғанына қарамастан Қазақ елінің билігі өткізетін ресми, бейресми жиындар, мәжілістер мен баспасөз мәслихаттары көбіне орыс тілінде өткізілетін үрдіс әлі де жалғасуда.

Бұдан 10-15 жыл бұрын журналистердің қазақша қойған баспасөз мәслихатын өткізушілер тосырқай қарайтын. Қазір шенеуніктер қысқа да болса қазақ тілінде жауап беруді өзінің міндеті санайтын болды. Бұл да тілдік мәдениеттің қалыпты арнаға түсе бастағанын көрсететін құбылыс. Әрине, журналистер де әрбір баспасөз мәслихатында қазақша білікті сұрақтар қойып, оған қазақ тілінде жауапты талап етуі қажет. Сонда ғана мемлекеттік тілде сөйлеудің міндетті екенін билік те, қоғам да жақсы түсінетін болады.

Бүгінде Қазақ елінде толық қазақ тілінде өткізілетін шаралар көбейіп келеді. Бұндай шаралар мәдени, рухани, әдебиет пен тарих бойынша проблема көтерген мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың іс-шаралары. Бірақ әлі де сақталып келетін инерциямен – елімізде қаржы-экономикалық, технологиялық және ірі өнеркәсіптік мәселелер қаралатын жиындар орыс тілінде өткізіледі. Қазақтың қаржы-экономикалық саласы, әзірше, өзінің мемлекеттік тілінде сөйлей алмай, тұсалған аттай кібіртіктеп жүр. Аталған салалардың тізгінін ұстап жүрген басшылардан бастап, қатардағы қызметкерлеріне дейін қазақ тіліне шорқақ немесе мүлдем білмейді. Олар қазақтілді журналистердің қаржылық сауаты мен дәрежесі төмен, қаржы-экономикалық процестерді түсінбейді деп ойлайды. Сәтін салып баспасөз мәслихатында экономика мен қаржы саласының білгір мамандарына қазақша сауал қойылса орысша жауап қайтарады.

Технология мен коммуникация, IT, қаржы-несие, экономика тақырыптарының қазақтілді медиада сирек көтерілуінің себептері жиі талқыланатын проблема. Қазақ тілінде жазатын журналистердің экономика тақырыбына бара бермеуі, сауатты сараптама жасай алмауы қазақтілді ортаның саясатқа ықпалын, қаржы-экономикалық әлеуетін, сауатын төмендетеді. Сондықтан да, қазақтілді басылымдардың, интернет ресурстардың журналистері аталған салалар бойынша білімдері мен құзыреттерін өсіріп, қоғамға сапалы талдамалы материалдар мен кәсіпкерлікке баулитын бағыттарды жиі талқыға шығарып, түсіндірулері қажет.

Цифрлық дәуірдің журналистері (қазақ журналистері) тек қазақша ғана емес, орыс, ағылшын тілдерінде де материал әзірлеуге бейімделуі тиіс. Журналистика факультеттері мен бөлімдерінде экономика мен қаржы, өнеркәсіп пен технология, IT саларына арналған оқу бағдарламалары, курстары жүргізілуі заман талабы. Ақпарат нарығында осы сипаттар жас журналистерге қосымша артықшылық берері анық.

Л.Н.Гумилев атындағы ұлттық университетінің ақпарат, журналистика бағыты бойынша 2019 жылдан бергі бекітілген Білім бағдарламалары болашақ журналист мамандарын жаңа ақпарат нарығының талаптарына сай болуына бағытталған. Бұл бағдарламалар дуалды білім беру жүйесіне негізделіп жасалған және жоғары білікті кәсіби журналист дайындауға ұшталған.

Елімізде қазақ тілінде экономика тақырыбының тиісті деңгейде, жан-жақты, терең сараптамаға ілінбеуінің тағы бір себебі – ақпарат көздерінің, сұхбат берушілердің әлеуметтік-экономикалық ахуал туралы негізгі ақпаратты орыс тілінде беруінде деп ойлаймыз. Мемлекет билігіндегі ресми лауазымды тұлғалар мәлімдеме, баяндамаларын, Парламент депутаттары Үкіметке сауалдарын көбінесе орыс тілінде жеткізеді. Олардың мәлімдемелерінің қазақ тіліндегі бөлігінде әлеуметтік-экономикалық маңызды мәлімет аз болады, баспасөз хабарламасының басында немесе аяғында екі-үш сөйлем ғана мемлекеттік тілде жазылады. Мұндай үрдісті шенеуніктердің баяндамаларында қазақ және орыс тілдерінің арақатынасын зерттеген қазақстандық Гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығының мамандары дәл анықтаған. Халық алдында баяндамалардың қазақ тіліндегі бөлігінде «тәуелсіздік», «бірлік», «татулық» пен қазақтардың мемлекет құрудағы айрықша рөлі, тіл мен салт-дәстүр туралы көп айтылады.

Орыс тіліндегі баяндамада нақты мәліметтер, статистика мен ақпаратқа қаныққан мәліметтер молынан беріледі. Екі тілдегі баяндамалардың мазмұнының екі түрлі болып келуінің себебін әлі де арнайы зерттеулер жүргізіп анықтаған дұрыс. Көп жағдайда саяси мемлекеттік қызметкердің екі тілдегі баяндамасын камераға жазып алған тележурналист оның қазақша сөзін мазмұнды, мәліметке бай болғаны үшін емес, тек қазақша болғаны үшін ғана пайдаланып жатады. Бағдарламаның орыс тіліндегі нұсқасында, керісінше, мазмұнды мәселені жан-жақты ашатын синхрон қолданылады. Сол арқылы қазақтілді көрерменге жалпылама, қызықсыз, құрғақ ақпарат ұсынылады. Бұл – қазақ аудиториясына жасалған қиянат деп бағалауға тұрарлық үлкен кемшілік.

Ұлттық тілдің дамуы мен қоғамдағы моральдық-этикалық категориялардың арасындағы байланыс әрқашанда қоғамның дәстүрлі сипатын, толеранттылық дәрежесін көрсетеді. Этика – кәсіби моральдің құрылымын зерттейтін ғылым десек, ұлттық құндылықтарды мұрат еткен журналистке моральдік нормаларды ұстану қажетті қасиет. Ресейлік ғалым Н.Багрянцеваның: «Журналистердің жазған еңбектері, ең бастысы одан шыққан қорытындылары бұқара халықтың мүддесіне сәйкес болғаны дұрыс. БАҚ-тың әсерімен қоғамдық пікір мен көзқарастар жиынтығы, құндылықтар үнемі өзгеріп отырады. Журналистке қойылатын моральдік талаптарды түсінудің ешбір қиындығы жоқ, алайда, сол моральдық талаптарды дұрыс пайдалана білу қиындық туғызады. Талқыланып, талданып қабылданған кодекстің өзі журналистің алдынан шығатын оқиғадан шығатын дұрыс жолды көрсетіп бере алмауы мүмкін. Осындай кезде журналистің кәсіби этикасы мен ар-ұяты ғана көмекке келеді» деген пікірі біздің көзқарасымызды қуаттайды.

Бүгінде қазақстандық журналистерге артылған жауапкершілік тізімін былай топтастыра аламыз:

  1. Ұлттық мүддені, қоғамға қатысты құндылықтарды сақтау және қорғау, азаматтық көзқарастар қалыптастыру.
  2. Демократиялық қоғам институттарымен санасу. Қазақ елінің ішкі заңдарына бағыну, халықаралық және құқықтық заңдылықтарын сақтау.
  3. Адамның ар-ұяты мен намысына сыйластықпен қарау, өзін сыпайы әрі қарапайым ұстау, этикалық-моральдық нормаларды сақтау.
  4. Кәсіби қызметін жоғары деңгейде және шынайы орындау.

Қазақстанның ақпараттық кеңістігіндегі қазақ тілі мен журналистік этика мәселесі күн тәртібіндегі маңызды түйткілдердің бірі. Әлемдік тәжірибеге сүйенер болсақ, шетелдердің ірі ақпараттық холдингтарында бұл мәселе корпоративтік этика кодексінің қабылдануымен оңтайлы шешілген.

Журналистер мен бұқаралық коммуникация құралдарының менеджменті арасында мәмілегерлік сипаттағы құжаттарда ішкі шығармашылық процестерде туындайтын әртүрлі жағдаяттар мұқият көрсетілуі қажет. Бұл құжаттарда кімді қандай жағдайда түсіруге болады, қандай видео жазбаны таратуға тыйым салынады, кадрлардың көлемі мен дауыс ырғағы жөнінде де мұқият айтылуы міндетті. Тіпті, телевизияда «блиц-сұрау» аталатын әлеуметтік сауалнама жүргізудің тәртібі де ішкі корпоративтік ережеде жазылғаны жөн. Блиц-сұрауларды пайдалану пікірді жақтаушылардың көптігін емес, тек қана пікірлер алуандығын көрсету үшін қажет. Кәсіби тележурналистер блиц-сұрауды қолданғанда мынадай ережелерді сақтауы тиіс: әлдебір даулы немесе белгісіздік туындатқан мәселеге орай ешкімнің сойылын соқпайтындай барлық тараптың пікірін көрсету; қойылған сұраққа нақты жауап берілуі қажет.

Цифрлық дәуірдегі шексіз сөз бостандығы жағдайында Қазақ елінің телевизиялық эфирінде журналистің ішкі моральдық шектеулерінің қаншалықты маңызды екені талас туғызбайды. Сойқанды оқиғалар жариялау арқылы рейтингтің соңына түскен, әрі бәсекелестігі күшті шетелдік, нақты айтқанда батыстық ақпарат кеңістігінде мұндай шектеулер дер кезінде қабылданған. Демократиялық үрдістерді соңғы 20 жылда сезіне бастаған Қазақ елінде бұл шектеулер бүгінде орынсыз көрінгенімен болашақта қалыпты саналуы әбден мүмкін. Өйткені, нарықтық қатынастарға бейімделген телеарналарда шығармашылық топтың кәсіби мәдениетін қалыптастыратын ішкі корпоративтік этикалық ережелер жиынтығын қабылдауға сұраныстар да күшті болады.

Қоғамда рухани құндылықтарды, ұлттық ерекшеліктерді насихаттауға үндеу ақпарат құралдары үшін өзекті мәселе болып қалуы тиіс. Мемлекеттік органдардың медиа құралдарын өз ықпалында ұстауға, олардың қызметіне идеологиялық бақылау жүргізуге қауқары жетеді. Бірақ, демократиялық дәстүрлері орныққан елдерде бұқаралық коммуникация құралдары өздерінің функцияларын еркін іске асыра алады. Ондай елдерде ақпарат құралдарына мемлекет тарапынан бақылау тек төтенше немесе соғыс жағдайында ғана іске қосылады.

Сөз бостандығы қағидаларына сүйенген демократиялық қоғамдардағы медиа биліктің ісін бақылау мен сынауға ерекше құлшыныспен қатысады. Бұқаралық медиалар демократиялық қоғамдардың ажырамайтын құрамдас бөлігі саналады. Осылайша қоғамдық күштердің ықпалымен бұқаралық коммуникация құралдарының цифрлық дәуірдегі функциялары мен рөлі күшейе бермекші. Ұлт пен мемлекеттің мүддесіне қызмет ету, қоғамдық мораль мен этикалық нормаларға сәйкес болу қазақ журналистикасы үшін абыройлы мақсат. Сонда ғана Қазақ елі, қазақ ұлты ғаламдану процесінде өзіндік бет-бейнесін сақтап, өзінің экономикалық, рухани әлеуетін күшейте алады.

Ұлбосын Есенбекова,

қауымдастырылған профессор,

филология ғылымдарының кандидаты

 

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button