РуханиятСұхбат

Қажығали МҰХАНБЕТҚАЛИҰЛЫ, жазушы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: Не жазсақ та, біліп жазайық…

Қазақтың қабырғалы қаламгері Қажығали МҰХАНБЕТҚАЛИҰЛЫ
75 жасқа толды. Сырбаз суреткер тырнақалды туындыларымен аузы дуалы ағаларын елең еткізіп, әдебиет есігін еркін аттады. Прозашының қарымды қаламынан туған әңгіме-хикаяттары – ешқандай шашауы жоқ, бас-аяғы жинақы, жарау аттай жұтынып тұрған көркем дүниелер. Ұзақ жыл иін қандырып жазған «Тар кезең» романы да қазақ әдебиетінің қазынасына қосылған сүбелі еңбек. Жетпіс бес деген белеске келіп отырған асыл ағаны туған күнімен құттықтай барып, шағын сұхбат өрбітіп едік…

– Аға, бала жасынан әдебиетке, кітап оқуға құштар болмаған жанның жазушы болуы – екіталай дүние. Олай болса, сіздің қаламгер болуыңызға әсер еткен ортаңыз қандай болды, кімді үлгі тұтып, кімнен тәлім алдыңыз?
– Иә, бізді бала жастан әдебиетке құмар қылған – кітап. Кәдімгі көркем әдеби шығармалар. Қазақ әдебиеті пәнінен сабақ берген, ауданымыздағы жоғары білімді алғашқы мұғалімдердің бірі Ыбыраев Арыстанғали деген ұстазымыздың да еңбегі зор. Мен осы кісіден тәлім алдым.
– Сіз әп дегеннен әдебиеттің шағын жанрында өнімді еңбек еттіңіз. Әңгіме, повестеріңізді оқырмандар жоғары бағалап, іздеп жүріп оқыды. Бірақ кейінгі жылдары осы жанрға қалам тартпай кеткен секілдісіз, әлде жазып жүрсіз бе?
– Ә дегеннен қаламгерлікті әдебиеттің ауыр жанры – романнан бастаған кісілер сирек те болса, бар. Бірақ… солай ету жұрттың бәріне қойылар шарт емес.
Әдетте, болашақ жазушылардың көпшілігі тырнақалды шығармасын әдебиеттің шағын жанры – әңгімеден немесе хикаяттан бастайды. Біз де сөйттік. Егер жазған-сыз­ғанымды Сіз айтқандай:
«…оқырмандар жоғары бағалап жатса, іздеп жүріп оқыса…» бәріне де мың да бір рақмет! Ал енді… осы жанрға кейінгі жылдары қалам тартпаған болсам, оның белгілі
себептері бар. Өзіңіз білетін «Тар кезең» атты тарихи романды жазу барысында басқа шаруа­ларға мойын бұруға еш мүмкіндігім болмады. (Бәлкім, менің жұмыс істеу дағдыма бір мезгілде екі шығарманы қатар жазу сәйкес келмеген шығар…)
Әрине, «Осыны әңгіме етіп жазсам…» деген ойтүрткі болған (күнделік дәптеріме белгілеп қойғандарым да бар). Алайда ширек ғасырға жуық уақыт өтіп кеткенде, олардың көбінен суынып
қалыппын және соларды
жазуға қызықтырған себеп­тер де ұмыт болыпты. «Те­мірді қызған кезде соқ­паған соң», өкінгеннен пайда жоқ. Есесіне, жаңа сюжеттер, жаңа идея­лар мазалап жүр. Соларды қолға алу керек деген
ойдамын.
– Мархабат Байғұт ағамыз сіз туралы «Жиырма жыл жоғалған жазушы» деп «Тар кезең» романы жарық көргенде «Егемен Қазақстан» газетінде көлдей мақала жазды. Расында, Сіз Сырым Датұлының отаршылдыққа қарсы көтерілісін індете зерттеп, айтулы еңбегіңізді ұзақ жыл толғатып жаздыңыз. Оны жұртшылық жылы қабылдап, мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. Осы сүйекті шығарманы жазуға не түрткі болды, әлі де алып тұлға жайында айтылмаған тарихи деректер бар ма?
– Мархабат бауырым да, басқа қаламдастарым да «жиырма жылдан астам уа­қыт жоғалтып алғандары» рас. Себебін жоғарыда айттым. «Осы сүйекті шығарманы жазуға не түрткі болды?» деген сауалыңызға тоқтар болсам, «Ел қамын жеген ерлердің, Сөз білген жанда қақы бар…» (Ығылман Шөрекұлының Исатай-Махамбет дастанының эпиграфы!) деген бір ауыз сөз себеп болды.
Халық тағдыры тар кезеңге тап келгенде, тығырықтан шығар жол тапқан елдің есті азаматтары туралы жазба­ғанда жазушы нені жазуы керек?!
Ал олар туралы әлі де айтылмаған тарихи деректер, әрине, өте көп. Тек бір ескерер нәрсе – мен тарихи деректердің жинаушысы емеспін, мен көркем тарихи роман жазып отырған адаммын. Сондықтан кітаптың көркемдік тініне сіңіспейтін көптеген оқиғалар романға енбей қалуы – табиғи жағдай.
– Кейбір оқырмандар қаламгерлер бүгінгі күнді емес, өткенді жазуға құштар деп сын тағып жатады. Шындығында, жыл санап емес, ай санап емес, күн санап құбылып тұрған қазіргі қоғамдағы көріністер сөз зергерлері назарынан тыс қалып жатқан жоқ па?
– «Қаламгерлер бүгінгі күнді емес, өткенді жазуға құштар» деп сын айтып жүргендер – баяғы соцреализм әдісімен сынаудан әлі де ажырай алмай жүрген байғұстар ғой. Әйтпесе нені жазып, нені жазбау туралы қаламгерге талап қоюға немесе кінә артуға кімнің қандай қақы бар?! Немене жазушы біреудің (яки қоғамның) жалдап алған малайы ма?!
Ал енді… бүгінгі тірлік туралы шығармалар керек болса, қазіргі қоғамдағы небір жексұрындар жайлы жазылып жатқан дүниелер бар ғой… Керек еткен кісі тауып алсын да, оқысын! Тек олар жайлы терең пайымды, көп планды шығармалар тудыруға тарихи ситуациялар әлі пісіп-жетіле алмай жатыр. Әйтсе де, ондай шығармалар дүниеге әлі келеді деп бек сеніммен айтуға болады.
– Ара-тұра сын мақалалар жазасыз, мұндағы мақсатыңыз не?
– Мен тек қана жазушы емеспін. Қазақтың мемлекеттік университетін қызыл дипломмен үздік бітірген кәдімгі филологпын! Филолог болған соң, ең қарапа­йым ұғымдар туралы түсінігінің өзі қате қаламгерлердің жазған-сызғандары жайлы лажсыздан сыни пікірлер айтатын кездерім бар. Керек десеңіз, солардың басын құрап, «Тоғысар арнамыз бір толғанғанда…» деген әдеби-сын ма­қалаларым топтас­тырылған кітап та шығардым. Басты ұстанымым – «Не жазсақ та, біліп жазайық, ағайын» деген принцип.
– Тоқсаныншы жылдардың басында «Түркістан» газетінде қызмет істеп жүргенде саяси тақырып­тарға біраз қалам сілтеді­ңіз. Қоғамдағы кейбір келеңсіздіктерді ашынып жаздыңыз. Қазір де саяси белсенділігіңіз, азаматтық көзқарасыңыз қалай, әлі де қандай мәселелерге алаңдап жүресіз?
– Жалпы, мен саяси белсенді адам емеспін. Бірақ ол менің өзімдік азаматтық көзқарасым жоқ деген ұғымды білдірмейді. Мұның айғағы – ара-тұра болса да, мер­зімді баспасөз беттерінде жарияланған ой-пікірлерім. Оқып көріңіздер… Әлі де алаңдатар жайттар жетерлік. Кезі келгенде, олар да жазылар.
– Бір мақалаңызда «кенеттен қолымнан жазу келмей қалса, «адам аяғы баспаған» қалың тоғайлардың біріндегі жалғыз үй қорықшының көмекшісі болып кетер едім» деп айтыпсыз. Осы ойдан айныған жоқсыз ба?
– Бұл сауалыңызда баяндап отырған ойды ертеректе… тым ертеректе… қолға қалам алған алғашқы жылдарда айтқаным рас. Бірақ одан бері сан жылдар өтті ғой. Қаламгер ретінде қалыптас­тық… Мінеки, «оқырмандар жоғалтып алып, қайта тапқан жазушы» деп өзіңіз келіп отырсыз… Жұрт іздейтіндей болсақ, енді белгісіздіктің
тұманына сіңіп, жоғалып
кетудің реті жоқ шығар.
– Жетпіс бестің белесіне көтерілдіңіз. Осыған дейін­гі өмірден не түйдіңіз, не білдіңіз?
– Өмірден түйгенім: қолыңнан келгенінше еңбек ет; қолыңнан келгенінше төңірегіңдегілерге жақсылық жаса; ал жақсылық жасау қолыңнан келмесе, ең болмағанда жамандық жасама. Білгенім: бұл дүниеде тазалыққа ештеңе де жетпейді. Бір үзім наныңды адалынан же! Шырылдасаң, шындық үшін ғана шырылда!
– Әсерлі әңгімеңізге рақ­мет, аға!
Сұхбаттасқан
Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button