Басты ақпаратҚала тіршілігі

Қоғамдық көлік көпшілікке қолайлы ма?

Осы жылдың шілде айынан бері елордадағы қоғамдық көліктерде қолма-қол төлем жүйесі алынып, орнына көлік картасы іске қосылғаны белгілі. Осының нәтижесінде жолаушылардың 93 пайызы көлік картасын тұрақты қолданып келеді. Сол сияқты табыс көзі де орташа есеппен алғанда 30 пайызға артқан. Айтарлығы, бұл бастама биыл ғана міндеттелгенмен, көлік картасының енгізілгеніне бірнеше жыл болғаны анық. Дегенмен осы жаңашылдықтың әсерінен қоғамдық көліктерде туындаған кей өзгерістердің астаналықтар үшін әлі де қолайсыз тұстары бар. Біз осы тұста автобус төңірегінде шешімін таппай тұрған бірнеше мәселені қозғауды, сондай-ақ өзге елдердегі тәжірибені мысалға алуды жөн көрдік.

«Алдынан кіресің, артынан шығасың»

Елордадағы қоғамдық көліктердің бұл ережесі қала тұрғындары мен қонақтарын әбден мезі еткені жасырын емес. Қарбалас уақытта жолаушылардың алдыңғы есіктен кіріп, валидация арқылы төлем жасауын жүргізушінің өзі тікелей қадағалауы оның басты міндетіне үстеме жұмыс болып қана қоймай, жолаушылардың да тығыз уақытын алып, құқығын шектейді. Бұған қоса, кестеде көрсетілген уақыттан кешікпес үшін жүргізушілердің құстай ұшатыны тағы бар. Жақында осындай оқиғаның бірі кісі өлімімен аяқталғаны белгілі. №40 бағыттағы автобус сауда-экономика колледжінің 15 жастағы студентін қағып өлтірген болатын. Қайғылы жағдай болған тұста рұқсат етілген жылдамдық 50 км/сағ болса, автобус 53 км/сағ жылдамдықпен өтіпті. Рас, мұндай оқиға мұнымен ғана шектелмейді.
Айтарлық тағы бір мәселе, ортаңғы және артқы есіктен шығуға ұмтылған жолаушылар алдыңғы кіреберістегі жұрттың ішке кіріп болуын күтуге мәжбүр болады. Бұл процесс бірнеше минутқа созылатын сәттер кездесіп жатады. Онсыз да асығып тұрған жолаушының біраз уақыты осы тұста зая кетеді.
– Осындай тәртіп қандай ыңғайсыз еді! Автобусқа кіру үшін біраз уақытымды жұмсап едім. Шығу үшін, міне, тағы да тұрмын. Қаншама уақытым кетті. Бұл – Astra картасын пайдалану міндеттелген уақыттан бері күнде қайталанатын мәселе. Алдынан кіресің, артынан шығасың… Салонның бір емес, үш жерінде валидация тұр. Бірақ жүргізуші тек алдыңғысынан ғана төлетеді, – деп кейіді авто­бустан шыға алмай тұрған жолау­шылардың бірі. – Жүргізушіден мұның себебін сұрасаң, жөнді жауап қайтармайды. «Бастықтар солай тапсырма берген. Бізге емес, жоғары жаққа айтыңыз!» деген жауап алдым. Мәдениеттен сондай жұрдай болар ма? – деп мәселенің тағы бір шетін шығарып қалды.
Рас, электронды жолақы жү­йесі міндеттелген күннен бастап осыған ұқсас түрлі ыңғайсыздықтар арта түспесе, кеміген емес. Жолаушылардың бәрі діттеген жеріне бір-ақ автобуспен жете салмайды. Ал әлгі ереже
екі-үш автобуспен қатынайтындар үшін тіптен қиындық тудырып отыр.
– Қап, ана автобус жүріп кететін болды ғой. Енді келесісін 15-20 минут күтуіме тура келеді. Көлік картасы биыл ғана міндеттелгенмен, қолданысқа енгізілгеніне біраз уақыт болды емес пе?! Қоғамға қолайсыз
тұсы неге ертерек шешілмеген? – деген жолаушының ренішіне куә болдық.
Осы орайда «Кондукторлар қайда? Олар не істейді?» деген заңды сауал туындары анық. Бір қызығы, Астанадағы қоғамдық көлікте кондуктор қызметкерлері жұмыс істемейді. Бұған «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердиевтің сөзі дәлел.
– Жаңа жүйе бойынша кондукторлар жұмыс істемейді. Енді
автобуста ренжісу де, соқтығысу да, өзге де орынсыз жайттар болмайды. Ал кәсіби кондукторлар автобус паркінің бақылау желісіне, сол сияқты көлік бақылау
қызметінің өзге де түрлеріне орналастырылады, – деген болатын «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы.
Дегенмен қазір қоғамдық кө­лік­тердің кейбірінде жүргізу­шіден бөлек тағы бір қызметкердің жұмыс істеп жүргенін байқауға болады. Олардың мін­деті – жұртшылықтың жол­ақысын төлегенін тексеру. Енді бұған қоса Көлікті бақылау департаментінің мамандары жо­лау­шылардың картасын тағы бір тексеріп өтетінін айта кетейік. Жүргізуші, кондуктор, одан қала берді бақылау қызметкерлері үш жақтап жүріп тексерсе, жолақысын төлемегені үшін 2 АЕК, яғни 4810 теңге айыппұл салынатыны тағы бар. Осының нәтижесінде жақында «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары Бейбіт Есжанов жыл басынан бері жолақысын төлемеген жолаушыларға бас-­аяғы 27 млн 214 мың теңге айып­пұл салынғанын мәлімдеген болатын. Ал былтыр­ғы мәліметтерге сүйенер болсақ, 1 шілде мен 24 қараша аралығында 7980 адам ереже бұзыпты. Сондай-ақ, осы уақыт аралығында ақшасын алып, билет бермегені үшін 173 кондукторға жалпы көлемде 1928650 теңге айыппұл салынған. Осындай тексерісі қатал бола тұра, жолаушыларды алдыңғы есіктен ғана кіргізу қаншалықты орынды?

Wi-Fi Аты ғана бар

Осыдан үш жыл бұрын қоғамдық көліктерге тегін Wi-Fi интернет тарату жүйесі енгізілген болатын. Мұны еліміздегі бірқатар БАҚ сүйінші сұрап, ақпарат таратқан. Дегенмен Wi-Fi жү­йесі бар автобус деген аты болмаса, қазір қоғамдық көліктерде ғаламтор пайдалану мүмкін емес. Осыны білмек мақсатында №60 бағыттағы автобустың жүргізушісінен сұрағанымызда оның жұмыс істемейтінін айтып, себебін түсіндіріп бере алмады.
Айта кетейік, 2016 жылы Қа­зақстан Internet Live Stats мә­ліметі бойынша ғаламтор пайдаланатын елдердің арасында 43-орында тұрғаны белгілі болды. Бұл халықтың 55,8 пайызы, яғни 9,9 млн тұрғынның интернетті пайдаланатынын көрсетеді.

«Оңай» назарға алынса…

Алматы қаласындағы қоғамдық көліктерге «Оңай» төлем жүйесінің енгізілгеніне үш жылға жуық уақыт болып қалды. Бүгінге дейін бұл бастаманың да қала тұрғындарына ыңғайсыз тұстары болғаны рас. Мәселен, қолма-қол төлем қабылданбаған. Осының салдарынан алғашқы күні-ақ жүздеген адамға айыппұл салынып үлгерді.
Алайда бүгінге дейін осыған ұқсас түрлі қиындықтар шешімін тауып келеді. Ал елордада биыл ғана енгізілгендіктен, тәжірибесі кенжелеу «Astana LRT» ұйымы кей мәселелердің шешімін табуда «Оңай» ұйымына жүгінсе жөн
болар ма еді?! Мысалға алар болсақ, Алматыдағы қоғамдық көліктерде валидация жасағанын тексеру жүргізушілердің міндетіне жатпайды. Тиісінше, жолаушылар да автобустың қалаған есігінен кіріп, шыға алады. Ал бақылау ұйымының қызметкерлері кез келген уақытта кіріп, тексеруге хақылы.
Сол сияқты төлем картасын толтыру кез келген Qiwi аппараттары арқылы жүзеге асырылады. Аппарат қосымша қызмет үшін артық ақша алмайды. Оның сыр­тында «Оңайдың» өзіндік автоматтары барын айта кеткен жөн. Осының нәтижесінде көлік картасын толтыру кезінде ұзын-сонар кезек болмайды.

Шетелдік тәжірибе қандай?

Осы орайда Польша мен Түркия елдеріндегі тәжірибені мысалға алуды жөн көрдік.
– Биыл жыл басында Польшаның Варшава қаласына оқуға түскенмін. Мұнда жолақы электронды түрде жүргізіледі екен. Бақылаушы қызметкерлері де сирек кіреді. Содан не керек, студент болғаннан кейін ақшамды үнемдейін деп жолақыны шамамен бір аптадай төлемей жүргенмін. Бірде аяқастынан кіріп келіп, бәрімізді тексеріп шықты. Кезек маған келгенде қылмысымды біліп қойып, айыппұл салды. Оның сомасы менің бір апта төлемеген ақшамнан әлденеше есе көп болды. Артынша шетел азаматы болғаннан кейін визамның күші жойылуы мүмкін екені туралы ескерту келді. Осындай үлкен айыппұл салынатындық­тан, жұрт мұндай қулыққа бармайды екен, – деп түсіндірді Олжас есімді студент.
Ал Түркиядағы жағдай аздап өзгеше көрінеді. Мәселен, Ыс­танбұл қаласында автобустың жүретін жолы болғандықтан, оның аялдамасына кез келген адам емін-еркін кіріп-шыға алмайды. Ал «Istanbul kart»
электронды билеті бір реттік және бір күндік болып сатылады. Мұндай билеті болмаған жолаушы аялдамаға кіре алмайды. Тиісінше, жолақысын төлемей, заңсыз жүрген жолаушыны да кезіктіру мүмкін емес.
Қорыта айтар болсақ, әрбір бас­таманың бастапқыда кемшін тұс­тары болуы заңдылық. Алайда уақыт оздырмай, шешімін таппай тұрған орнын өзге елдер қолданған тәжірибе арқылы шешілгені жөн.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button