Таным

ҚОЛА ДӘУІРІНІҢ ҚҰНДЫЛЫҒЫ

Қазақ жерінің асты-үсті қазынаға толы. Әрине, біз бұл жерде қазба байлықты ғана меңзеп отырған жоқпыз, сан ғасырлардан көш тартқан асыл мұралардың көптігін де айтамыз. Өткен ғасырда қазақ даласынан табылған «Алтын адам» бейнесі адамзат өркениетіндегі әлемдік сенсация саналды. Одан бері де отандық археологтар осы салада бірқатар ғылыми жаңалықтар ашты. Жуырда осындай тағы бір тың жаңалықты естідік.

14

КӨНЕ ДӘСТҮРДІҢ КЕЛБЕТІ

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің археолог-ғалымдары Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы аумағынан қола дәуірі­нің құндылығы саналатын жә­дігерлерді тапқан.
Жалпы, аталған универ­си­теттің ректоры, белгілі ғалым Ерлан Сыдықовтың бастама­сымен Қазақстандағы археоло­гиялық зерттеулер жұмысы қолға алынған. Осы мақсатта 2014 жылы зерттеу экспедиция­сы құрылып, оның негізгі екі бағыты таңдалады. Біріншісі Шығыс Қазақстан облысының Абай, Аягөз және Жарма аудан­дарының аумағы болса, екіншісі – Ақмола облысының Атбасар, Зеренді өлкесі.
– Біздің мақсатымыз, – деп сөзін бастаған оқу ордасының археология және этнология кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Ұлан Үмітқалиев, – архео­логиялық табылған мұралар арқылы сол дәуірдің келбетін бүгінгі адамның көз алдына елестетіп, нақты ақпар беріп, жәдігерлерді тыңғылықты әрі кешенді зерттеуді көздедік. Олар жайында деректі фильм түсірсек дейміз. Бүгінгі халқымыздың сақ және түркі дәуірінің арасындағы этногенездік байланысты анық­тап, этнографиялық зерттеулер жүргізу. Сонымен бірге, тұрғылықты жердің әдеп-ғұрпы мен салт-дәстүрін, табиғаты және жер-су атауларын зерт­теуді мұрат тұттық, – дейді ол.
Біз сөзге тартқан ғалым – «Шыңғыстау» археологиялық экспедициясын басқарып, құнды олжаны тапқан азамат.
– Жалпы, сіздер зерттеген өлке туралы бұрынғы ғалым­дардың жазған деректері бар ма?
– Әрине, біз оның барлығын толық зерттедік. Бұрын ол жерде кімдер болып, хатқа түсіріп, не жазғандығын анықтадық. Ресейлік Сергей Черников деген ғалым 1949-1967 жылдары Шығыс Қазақстан өңірінде болып, осы аймаққа зерттеу жұ­мыстарын жүргізген. Ол бір сөзінде Шыңғыстау өңірінде, бүгінгі Абай ауданы аума­ғында ертеден келе жатқан ескерт­кіш­тер бар екендігін айтып, олар­дың зерттелмей жатқан­дығын баян­даған. Содан кейін осы өл­­ке­нің тумасы, археолог-ғалым Әбдіманап Оразбаев ағамыздың жазған еңбектерін оқыдық. Осындай ғылыми нақты деректерге сүйендік. Содан кейін бұл жер ұзақ жылдар бойы полигон аймағы саналып, археологтарға жол жабық болды. Көптеген тарихи ескерткіштер зерттелмей қалды. Бір жағынан, мен де осы елдің баласымын. Сондықтан маған туған жерімнің әрбір қыры мен тасы таныс. Олардың барлығы өткен тарихтан сыр шертіп тұрғандай болады.

«ҚЫРЫҚҮҢГІРДІҢ» ҚҰПИЯСЫ

Абай ауданының оңтүстік-батысына қарай Қарқаралымен шектескен Шаған деген өзен ағады. Оның бойында Тоқтамыс батыр ауылы бар. Соның ірге­сіндегі «Қырықүңгір» деп атал­ған жерден қола, ерте темір дәуірі және ғұн, түркі, сармақ кезеңдері мен кейінгі қазақ зираттарына дейінгі бірін-бірі жауып жатқан көлемі екі шақырымды құрайтын қорым табылған. Ол биік алаңқай өзен жағасында орналасқан. «Көне дәуірді мекендеген адамдардың түсінігінде тұрғылықты мекен мен зират­тардың ортасын міндетті түрде өзен бөлген. Бұл «өлілер әлемі судың ар жағында болу керек» деген ұғымды білдіреді. Біз осы жерді үш жыл қатарынан зерттедік. Бұған дейін 12 қола дәуірінің қоршауы аталған әлеуметтік дәрежесі төмен адам­дар мен үлкен бір қоршау қа­зылды. Оның көлемі 25х25 м құрайтын ерекше ескерткіш деуге болады. Сонымен бірге, «мұртты оба» аталған ерте темір дәуі­рінің ғұрыптық ескерткішін анықтадық. Одан құрбандыққа шалынған жылқының сүйегі мен қыш ыдыстары табылды. Ал бас­ты жаңалығымыз: қола дәуіріне жататын қорымнан еркек пен әйелдің және ба­ланың сүйегін таптық. Бәрі де бір алаңда жатқанымен, бөлек
жерленген. Бір отбасының мү­шелері болуы керек. Онда ер адамды оң иықпен жатқызған. Мәселен, ананың құрсағында сәби қалай жатады, дәл сондай кейіпте. Әйелді сол иықпен қойған. Баланы да оң иықпен жерлеген. Демек, оны ер бала деп айтуға болады. Бас­тысы, ер адамның аяқ жағынан – 140 асық, әйелдің аяқ жағынан
37 асық табылды» деді ғалым. Табылған асықтардың барлығы жаңа емес, мүжілген, егілген, қолға ұсталған, тіпті тұмар ретінде мойынға таққандар да кездескен.

АСЫҚ ТУРАЛЫ АҢЫЗ

«Бізді бір ой жетелейді. Мұсылмандыққа дейінгі көне дәуірде қайтыс болған адамға «топырақ салу» деген ғұрып болғанға ұқсайды. Ол уақытта да зират басына тек ер адамдар барған секілді. Асық – ер аза­маттың белгісі. Яғни, жерлеуге барған адам зират басына асық апарып, топырақ ретінде салған. Ал кейбір тұмар белгісіндегі асықтарды адамдар ет жақын туыстары қаза болғанда олармен қимастықпен қоштасып, мойнындағы асығын үзіп салған деп ойлаймын. 140 асықтың кездесуінің өзі бір сыр. Қола дәуірінде, яғни осыдан үш мың, екі мың жыл бұрын жүз қырық адам жерлеуге қатысу деген кәдімгідей үлкен жиналу болып есептеледі» дейді археолог.
Әрине, мұндай жағдай бұ­рынғы ғалымдардың зерт­те­уінде де кездескен. Оны Ресей археологтары Еуразия даласында кең тараған деп айтады.
Олар асықтарды көбінесе бала­лардың бейітінде кездеседі деп жазады. Кеңірек ашып көрсетпей, «баланың ойнап, ұтып алған асығы» деген пікір келтіреді. Ал біздің ойымызды нақтылай түсетін дүние, әйелден отыз жеті асықтың табылуы бекер емес. Бұл тек бір ғана қабірден кезікпеген. Басқа да қорымдарды зерттеу кезінде айтулы мәдениеттің осы өлкеде кең тарағаны көрінеді.
Біздің халқымызда асық туралы аңыз көп. Ол жайында айтылған нақыл сөз де жетерлік. «Асық ойнаған азар…» деген мақалды бала күнімізден білеміз. Бірақ оның астарына жіті үңілген жоқпыз. Сөйтсек, оның да себебі бар екен. Асық туралы аңыздарды Ұлан Үмітқалиев бізге әдемілеп айтып берді. Оның айтуынша, бір адам жақын ағайынның баласын бауырына басса, оған ырымдап, асық жілік береді. Қыз баланы асырап алса, кәрі жілік береді. Оңтүстік Қазақстанда кие қонған Асық атаның мазары бар. Кейбіреулер ол кісіні асықты жақсы ойнаған деп айтады. Бұл дұрыс емес. Ол кісі әулие болса, асықты иіріп отырып, жорамал жасайтын қасиеті болған деуге болады. Бір кезде асық елдік мәселелерді шешетін маңызға ие болған. Көне қоғамда асық құмар ойын саналған. Дәулетті адамдар осы ойынға құмар болғаны сонша, бір үйір жылқысы мен жүздеген қойын салып жіберетін болған. Қазақ хандығы дәуірінің тұсында әлгі айтқан құмар ойынға тыйым салған екен.

ТАРИХТЫ ТЕРЕҢ ТАНИМЫЗ

Сондай-ақ, ғалым қорым­нан сол уақыттағы әйелдер таққан алтын әшекей, сүйектен жасалған жебе, қабанның, қас­қырдың тісінен жасалған тас моншақтардың табылғанын айтады. Алтын әше­кейлердің көбі ұрланған. Бүгінде құнды жәдігерлердің барлығы мұқият зерттелуде. Алдымен әрбір табылған затқа археологиялық болжам жасалады. Бұған дейін қазбалардан табылған жәдігерлермен салыстырады. Олардың барлығы біздің дәуірімізге дейінгі он екінші ғасырдан, яғни қола дәуірінің орта кезеңінен сыр шертетін мұралар деп айтуға болады.
Осы жәдігерлерді қарағандылық Арман Бейсенов деген ғалым­мен бірлесіп, Лондонға тексеруге жіберген.
Сайып келгенде, елордалық археологтардың тапқан жәді­герлері тамыры терең тарихымызды тануға қосылған сүбелі еңбек деп бағалауға болады.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button