Басты ақпарат

Қосымшамен қосанжарламасақ болмай ма?

Елорда мектептерінде оқитын балалардың қосымшаға бармайтыны кемде-кем. Қандай мектепте оқып жатса да, уақыт тауып қосымшаға барады. Керек десеңіз, сенбі, жексенбі күні де балалардың қосымшадан қолы босамайды. Мұны көп ата-ана баласының сабақ үлгерімін жақсартады, емтихандардан сүрінбей өтуіне көмектеседі деп қарайды. Өзінің қызметі қарбалас, баласының сабақ үлгерімін қадағалауға мұршасы болмайтындар өз жауапкершілігін ақша төлеп, қосымша арқылы «толықтайтын» жағдай да жоқ емес.

[smartslider3 slider=2266]

Жұрттың бәрі баласын қосымшаға беріп жатқан соң, «Біз де қатардан қалмайық» деп қараға еріп шабатындар да бар. «Бекер жүргенше, үйрене берсін» деп баласын бокс, домбыра, ән, би қосымшаларына беріп жатады. Бірақ оған бейімі қандай, баланың болашағы үшін нендей маңызды рөл атқарады, қосымшаның өнімі қаншалық деген мәселелерді де ой елегінен өткізген орынды секілді.

«Арзанның жілігі татымайды» дегендей, алатын ақысына қарай қосымша сабақ беретін орындардың беретін білім сапасы да ұқсамайды. Бірақ баласын көп ақша төлеп қосымшаға беруге жұрттың бәрінің жағдайы жете бермейді. Осы тұрғыдан алғанда, жұрттың көбі қосымша сабақ беретін орындардың сапасынан гөрі алдымен алатын ақысына баса назар аударатыны табиғи. Қазақстанда университетке дейін оқу тегін болғанмен (ақылы мектептерді айтпағанда), жұрт балалардың қосымша оқуына біраз ақша төлейді. «Арық атқа қамшы ауыр» дегендей, бұл – көпбалалы, экономикалық кірісі төмен отбасыларға едәуір салмақ. Әрине, балаларымыз мектеп қабырғасында білім алып жатыр, ол арада да әртүрлі үйірмелер бар. Ізденген балаға білім алудың барлық жағдайы жасалған. Сөйте тұра баланы қосымшаға сүйрейміз. Неге?

Мектептердің оқу сапасы өте төмен бе, жоқ әлде мұғалімдердің деңгейі қосымша сабақ беретіндерге жетпей ме – мәселе осында. Қоғам осы мәселеге баса назар аудармағаннан кейін оқу-ағарту ісі де бизнеске айналып барады

Мектептердің оқу сапасы өте төмен бе, жоқ әлде мұғалімдердің деңгейі қосымша сабақ беретіндерге жетпей ме – мәселе осында. Қоғам осы мәселеге баса назар аудармағаннан кейін оқу-ағарту ісі де бизнеске айналып барады. Бұл біздің келешегімізге пайдалы ма, зиян ба? Оны да санаға салып салмақтап жатқан ешкім жоқ. Балалардың жүгі де ауыр. Оларда бо­йын жазып, қан тарқатып ойнайтын уақыт аз. Оқу мен үйренудің құлақ кесті құлына айналып барады. Ал Батыс елдері болса қазір балалардың жүгін барынша азайтып, дербес ойлау қабілетін жетілдіруге және баланы бейіміне қарай тәрбиелеуге күш салып жатыр. Яғни қазір университет оқып, табақтай диплом алу маңызды емес, керісінше, жан бағып, өз қалауы бо­йынша экономикалық құн жаратқаны маңызды. ­«Дипломы бар, бірақ жұмысы жоқ, жұмысы болса да, табысы мардымсыз мәде­ниетті қайыршы болмасын» деген көзқарас басым.

Қазіргі таңда университет оқымаған адам надан қалады деген көзқарастың күні батты. Жоғары оқу орындарын тауыспай-ақ кәсіп ашып, нәпақасын тауып, қоғамға еселі үлес қосып жатқан азаматтар да баршылық. Демек, біздің Білім және ғылым министр­лігі осы мәселені де ескергені орынды секілді. Әсіресе, балаларымыз қосымшаға бармаса, оқуы ойдағыдай болмай ма деген түйінге баса назар аударған жөн. Өйткені біздің көкейде «Қосымшамен қосанжарламаса, мектептің берген білімі жеткіліксіз бе? Жоқ, әлде біздің білім беру жүйесі сапасыз ба?» деген сұрақ тұр…

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button