ЖаңалықтарҚала мен Сала

Қыркүйек айынан бастап ЭКСПО билеттері қолма-қол кассаларда сатылады

Әлем алдында абыройымызды асқақтататын  «ЭКСПО – 2017» көрмесіне 290 күн қалғаны белгілі.  Ал, көрмеге билеттерді онлайн-сату 10 маусым күні  басталған болатын.  Көрменің алғашқы билетін онлайн-сату жүйесі арқылы Астана қаласының 24 жасар тұрғыны Олжас Оңалов иеленген. Бұйыртса, қыркүйек айынан бастап билеттерді қолма-қол кассалардан да алуға болады. 

Кіру құны – 6000 теңге

Билет сатып алған адам бағ­дарлама бойынша көрмені тамашалай алады. Белгіленген кіру құны – 6000 теңге. Дәл қазір арнайы ашылған tickets.expo2017astana.com сайты арқылы онлайн билет сатып алуға болады. Ұйым­дастырушылардың айтуынша, соғыс ардагерлері, мүмкіндігі шектеулі жандар, жетім балалар мен 6 жасқа дейінгі балаларға кіру – тегін. Ал, зейнеткерлер, көп балалы аналар, студенттер мен оқушыларға жеңілдіктер жасалады.
Бүгінде 89 мемлекет пен 15 ха­­­­лық­аралық ұйым «ЭКСПО-2017» көр­месіне қатысуға ниет білдірген. Көрмеге би­лет­терді сату кезең-кезеңмен жүзеге асуда. Мәселен, 10 маусым-10 шілде аралығында про­мо-кезең өткізілді. Бұл кезде билеттер барынша төмен бағамен сатылды. Ал 10-20 мау­сым күндері аралығында сатылған билеттерге 50%, 21-30 маусымда 30%, 1-10 шілдеде 20% жеңілдік жасалды.
Әзірге, электронды қанша билет сатылғаны туралы ақпарат белгісіз. Билет сатумен айна­лысатын компания тамыз айы­ның соңында нәтижесін жариялайды.

Туроператорларға тиімді ұсыныс

Осыдан бір апта бұрын туропероторлар үшін тиімді ұсыныс қолға алынды. Яғни, еліміздің және әлемнің туроператорлары мен турагенттіктері үшін билеттерді ресми алдын ала сату кезеңі басталады. Арнайы әзірленген коммерциялық ұсыныс әртүрлі билеттік пакеттерден тұрады. Сатып алынған билеттер санымен ғана емес, ұсынылатын жеңілдік көлемімен де ерекшеленеді. Минималды пакет 2000 билеттен тұрса, максималды пакет бойынша шектеулер жоқ.
Сонымен қатар, 10 тамыз күні ресми реселлерлер болуды жоспарлаған көрме әріптестері үшін де арнайы промокезең басталды. Олар көрме билет­тері арқылы өз өнімдерін на­си­­хаттауға мүмкіндік алады. Көрменің билеттік операторынан сатып алушы компания билетпен бірге қызмет көрсетіп, тауарын ұсына алады. Мәселен, әуежай билетін сатып алғанда қосымша ЭКСПО билетін ұсы­нуы мүмкін. Сол сияқты теміржол билетін алғанда да, көр­ме билетін алуға мүмкіндік болмақ.
Көрменің барлық реселлер­лері үшін алынатын билеттердің санына байланысты әртүрлі пакеттік ұсыныстар мен жеңіл­діктерден тұратын біре­гей ұсыныс әзірленген. Реселлерлерге промокезеңдер уақытында билеттік пакеттерге қосымша жеңілдіктер ұсынылады.

Офлайн-кассалар ашылады

1-қыркүйектен бастап еліміз бойынша офлайн-кассалар ашылады. Ұлттық мерекелерді өткізу аясында билеттерді көшпелі сату жоспарланған. Бұдан басқа, билет сатуға «ЭКСПО-2017» серіктестері – «Қазпошта», «Қазақстан темiр жолы», «Air Astana» секілді ірі компаниялар тартылады. Жалпы, билеттерді алдын ала сату биылғы 10 маусымнан басталып, 2017 жылдың 9 маусымына дейін жүргізіледі.

Билет туралы білген жөн

Электронды билет сатып алу үшін алдымен tickets.expo2017astana.com сайтына тіркеліп, билетке тапсырыс жасайсыз. Өзіңізге қажет билет түрі мен санын таңдағаннан кейін , электронды төлеу тәсілі арқылы банк картасымен онлайн төлейсіз. Электронды билет ауыстырылмайды, бірақ қайтаруға болады. Оны қағаз билетке ауыстырудың да қажеті жоқ, себебі электронды билет «қағаз» билетке балама болып табылады.
Айта кету керек, күні белгі­ленген және белгіленбеген би­лет­тің айырмашылығы болады. Күні белгіленген билет тек сол күні ғана көрмеге келуге жарамды. Күні белгілінбеген билет бойынша көрмеге келер алдын, уақытын өзіңіз таңдайсыз. Бір тапсырыс кезінде 50 билет қана сатып алуға болады. Көрмеге кіру кезінде азаматтардың жеке басын куәландыратын құжаттың болуы міндетті.
Сондай-ақ, ЭКСПО-ны өт­кізу шеңберінде түрлі мәдени және қызықты іс-шараларды қамтитын бағдарламалары арнайы күндер қарастырылған.
10 маусым – ашылу күні, 6 шіл­­де  – Астана күні, 30 тамыз – Конституция күні және 10 қыркүйек – жабылу күні. Бұл күнге арналған билеттің бағасы күні белгіленген және ашық даталы билет бағасына қарағанда қымбаттау болады.
Арнайы күндерге билеттердің сатылуы туралы ақпарат алдын ала жарияланатын болады.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button