Басты ақпаратТуризм

Қызғылт көлді көрдіңіз бе?

Ерейментау ауданында орналасқан Көбейтұз көлі осы жазда аяқ астынан танымал болды. Көлдің батпағы мен тұзы дертке шипа екені бұрыннан белгілі болатын. Дегенмен, жұрттың көпшілігі оның бір ерекше қасиетін біле бермейді. Атап айтқанда, бұл көл жылына бірнеше рет қызғылт түске боялады.

Көбейтұз көлі – Ақмола облысы Ерейментау ауданында орналасқан ірі көлдердің бірі. Емдік қасиетінен бөлек, туристерді еліктіретін жайт – көлдің қызғылт түске боялатыны. Ғалымдардың мәліметінше, бұл тұзды суда тіршілік ететін дуанелла (латын тілінде «Dunaliella salina») галофил бактерияларының көбеюіне байланысты көрінеді.
Бүгінде бұл шипалы көлді көпшілік толық біле бермейді. Ал біз жақында арнайы барып келдік. Сондықтан енді барамын деген адамдарға көріп-білгенімізді айтқымыз келді.
Қызғылт көл Нұр-Сұлтан – Павлодар тас жолының бойында жатыр. Саяхаттап баратын болсаңыз, жол-жөнекей екі дәмхана, жанармай бекеттері бар. Қона-жатып келемін дегендер үшін шағын қонақ үй де тұр.
Көлдің ғажайып сәтін тамашалаймын дегендер алдымен Ерейментау қаласына дейін жетеді. Жол теп-тегіс – автобан. Ерейментаудан өткеннен кейін «Қоржынкөл станциясы» атты тақтайшаға көзіңіз түседі, бұл – Нұр-Сұлтан қаласынан 176 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекеннің анықтамасы. Сол анықтама тақтайшадан оңға бұрылып, туннель арқылы жолдың арғы бетінде орналасқан «Ақжол» кешеніне жол тартасыз.

Көлдің лайы мен тұзы сүйекке, теріге әсер етеді. Салқын тигенде бөлме температурасындағы балшықты тұзды денеге тартса, өте жақсы қыздырады. Келетіндер көп, Қазақстан түгіл, Ресейдің де түкпір-түкпірінен саяхатшылар келіп жатады.

«Кешеніміз 2016 жылдан бастап жұмыс істейді, қонақ үй және кафеміз бар. Әзірге қонақ үйімізде 8 нөміріміз бар, бағасы – тәулігіне 5 мың теңге. Жаз мезгілінде туристер келіп тұрады. Көлдің лайы мен тұзы дертке шипа болғандықтан, емделушілер қатары да көбейіп келеді. Жас кезімізде ата-әжелеріміз киіз үйін көтеріп, «Тұзға кеттік…» деп айтатын еді. Сол көл осы Көбейтұз екен» дейді бізбен әңгімесінде кешеннің иесі, жеке кәсіпкер Алтын Бөкешова.
Осылайша «Ақжол» кешенінен оң жаққа шамамен 3 шақырым жүрсеңіз, біз өзімізше атап отыр­ған «қызғылт» көлге жетесіз.
Далада қыркүйектің қара суығы тұрса да, көл жағасында қарттар суға аяғын салып, ем алып отыр. Ал бірнеше адам көлдің тұзын жинап, суын бөтелкелерге құйып алып жатыр.
Жергілікті тұрғын Сағади Нығметовтың айтуынша, бұл суды суық тигенде бөлме температурасына дейін келтіріп, денеге жақса, керемет ем болады екен. «Көлдің лайы мен тұзы сүйекке, теріге әсер етеді. Салқын тигенде бөлме температурасындағы балшықты тұзды денеге тартса, өте жақсы қыздырады. Келетіндер көп, Қазақстан түгіл, Ресейдің де түкпір-түкпірінен саяхатшылар келіп жатады» дейді ереймендік азамат туған жерін мақтан етіп.
Иә, егер бағалай білсек, еліміздің әр аймағында осындай шұрайлы, шипалы табиғат сыйлары көп қой. Тек жөн-жобасын жасап, насихаттай білсек, нұр үстіне нұр болар еді. Олай болса, қызғылт түске құбылып тұратын «Көбейтұз» көліне барып, шипасына бөленіңіз.

Әсел ИБАДУЛЛА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button