Мәдениет

Елорда ескерткіштері – елдіктің белгісі

Елордада тарихи мәні зор ескерткіштер көп. Есiлдің оң жағындағы хан Кененің, Керей мен Жәнібек хандардың ескерткіш мүсіндері мен «Ашаршылық құрбандарына ескерткіш» өскелең ұрпаққа ел тарихынан мағлұмат және елордамызға ажар беріп тұр. «Отан-Ана» мемориалы – жоңғар шап­қыншылығы мен Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға құрмет. Әйелдің қолындағы шара – бейбіт күн мен берекенің символы. Барельефтің оң жағында кеңес әскері, ал сол жағында жоңғар шапқыншылығында елді қорғаған қазақ батырлары бейнеленген. «Мәңгілік ел» қақпасы. Сол жақ қапталдағы «Ақсақал» мүсіні – даналық символы, сол жақта ананың рельефті мүсіні бар. Қабырғалары қазақы өрнекпен безендіріліп, ортасына қалқан, екі жағына тайқазан орнатқан. «Қазақ еліне мың алғыс» ескерткіші осы «Мәңгілік ел» қақпасы мен «Ботаникалық бақтың» арасына қойылған. Ашаршылық нәубетіне арналған ескерткіш көрген адамды тебірентеді.
Абайдың, Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің, Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Әлия Молдағұлова және тағы басқа тұлғалардың еңселі ескерткіштері – елдік пен ерліктің белгісі. «Жер ана» монументінде Сақ ханшайымы Томирис қорғаушы екі барыспен мүйізі жеті метрге жуық бұқаның үстінде тұр, ол да – тарихқа тағзым. Ал Теміржол вокзалындағы «Бата» мүсіні жолаушыларға ақ жол тілеу ниетімен қойылған.

Жадыра МҰРАТБЕКОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button