Мәдениет

Сәкен музейінің жәдігерлері

Астанадағы М.Әуезов пен С.Сейфуллин көшелерінің қиылысында осыдан 150 жылдай бұрын бой көтерген ағаш үй бар. Мұнда бұл күнде Сәкен Сейфуллин музейі орналасқан. Осы ақпан айында аталмыш мұражайдың ашылғанына 35 жыл толды. Музейдің тұңғыш директоры – Роза Асылбекова. Қазіргі басшысы – көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы. 

Музейде көптеген жәдігерлер жинақталған. Атап айтқанда, Сәкеннің шығармашылығына қатысты төте жазу мен латын графикасымен жарық көрген еңбектеріне байланысты жақында «Латын және төте қарпімен жазылған Сәкен шығармалары» атты көрме өтті. Көрмеге қойылған еңбектердің арасында Сәкеннің өз туындылары ғана емес, ол құрастырған кітаптар да болды.

Мұражайға кіргеннен бастап ерекше атмосфераны сезінесіздер. Кірер есік алдындағы төселген кілем, ағаш есіктердің ашылып жабылуына дейін сол заманның көрінісі іспетті. Музей осындай қарапайым ерекшеліктерімен келген қонақтарды өзіне тартады.

Мұражай орналасқан үйде Сәкен Сейфуллин өмір сүрмеген. Тек Сәкеннің осында жұмыс істегендігі айтылады. Өзінің тұрған үйі қазіргі Амангелді Иманов көшесінде болған деседі. Ол үйдің орнына биік ғимараттар мен мейрамхана бой көтерген.

Музей сыртының өзі кетіп бара жатқан тұрғындарды шақырып тұрса, ішіндегі құндылықтың мәні тіптен терең. Мұражайда ел үшін ғұмырын арнаған тұлғаның өмір жолы мен шығармашылығы және отбасы туралы мәліметтер сақталған. Музей қонақтары жай тамашалап қана қоймай, рухани азық алып қайтары анық.

Бірінші залда «Ақсұңқар Сәкен» деп аталатын үлкен гобеленге көзіміз түседі. Бұл 2008 жылы арнайы тапсырыспен жасалған. Келесі зал Сәкеннің балалық және жастық шағына арналған. Ол бөлмеде Сәкеннің оқып білім алған жерлері мен оқушыларға сабақ бергені туралы мәліметтер сыр шертеді. Үшінші залда Сәкеннің қоғамдық және мемлекеттік қызметі туралы мұралар сақталған. Онда Сәкен Ақмолада тұрған үйінің макеті қойылған. Сәкен Сейфуллин туралы толық ақпарат білгісі келетін адам міндетті түрде осы музейге келуі керек.

Бізге экскурсия қызметкері Гүлсара Сұлтанқызы көрнекті тұлғаның өмірбаяны мен шығармашылығы туралы баяндап береді. Жәдігерлердің бірі – Сәкен Сейфулиннің 1927 жылы араб графикасымен жарық көрген «Тар жол, тайғақ кешу» романы. Романның 1936 жылғы екінші басылымы латын графикасымен, кейін 1960-2004 жылдары кирилл әрпімен баспадан бірнеше рет шығып, қырғыз, ұйғыр, орыс тілдеріне аударылды. Кітаптың алғашқы беттерінде Алаш көсемдері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұсынұлы, Міржақып Дулатұлының суреттері берілген.

Мұражайда Сәкен Сейфуллин киген костюм шалбары мен туфли көзге ерекше түседі. Бұл жәдігерлер Сәкеннің киімге өте ұқыптылықпен қарағанын танытады. Олардың жанында Сәкеннің таяғы бар. Сол заманда зиялы қауым өкілдері таяқты сән үшін қолданатын болған.

Әдеби залда өзбек шапаны мен тақия сақталған. Бұларды Сәкен 40 жасқа толғанда өзбек жазушылары сыйлаған. 1936 жылы Сәкен Сейфуллиннің шығармашылығының 20 жылдығы атап өтілді. Соған Совет үкіметі алтын сағат сыйлаған. Сағаттың артында Сәкеннің есімі жазылған.

– Бұл музейден жазушының жары туралы да мол мағлұмат алуға болады. Сәкен Сейфуллинге арналған жеке кабинет бар. Мұнда ақынның жазу үстелі, киім ілгіш, баспа машинкасы, кітап сөресі, шкаф, портрет, кілем, қолшатыры мен қабырға сағаттары тұр. Бұл бөлмедегі үстелге Сәкен еңбектерін жазған. 1922 жылы қатарынан үш туындысы жарық көрді. Бұл – «Бақыт жолында», «Асау тұлпарлар», «Қызыл сұңқарлар» атты шығармалары. Сонымен қатар «Еңбекші қазақ» газетінде жарық көрген «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген мақаласын да осы жерде отырып жазған, – дейді экскурсия қызметкері Гүлсара Сұлтанқызы.

«Ел есінде» деп аталатын залда Сәкеннің ғұмырының соңына байланысты жәдігерлер орналасқан. Ату жазасына бұйырған анықтамалары, тұтқындау жөніндегі құжаттары, тінту қаулысы, айыптау қорытындысы – барлығы осы залда сақталған.

    Алмагүл БЕРДІМҰРАТ,  

                                                                                Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 4-курс студенті

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button