Қоғам

Сағы сынбаған биікке самғайды

Ерекше қажеттілігі бар мүгедек жандар біздің қоғамда да аз емес. Мемлекет басшысы олар үшін бірдей мүмкіндік жасауды тапсырған болатын. Бұл бағытта бас шаһарда ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, сол арқылы өз істерін бастауға қолдау көрсету елордада жақсы жолға қойылған. Мемлекеттің «Бизнес бастау» жобасы аясында кәсіпкерліктің қыр-сырын үйреніп, жеңілдетілген несие алғандар қаншама. Солардың бірі – ерекше қажеттілігі бар көпбалалы ана Аякөз Шнейдер.

[smartslider3 slider=2073]

Балалық шағы ата-анасының қасында қамсыз өтті. Не кием, не ішем демеді. Орта мектепті ойдағыдай бітіргеннен кейін алдымен агроном, кейін есеп және аудит мамандығы бо­йынша жоғары оқу орнын тәмамдап, көп ұзамай жұмысқа орналасты. Одан кейін өсу баспалдақтары: сүйген жігітіне тұрмысқа шығып отау құру, дүниеге бірінен соң бірі алты баланы дүниеге әкеліп, бақытқа бөлену. Өмір осылай тек шуақты күндерімен жалғаса береді деп ойлады ол сол кезде. Бірақ… Тағдыр оны маңдайынан сыйпамады. Оқыстан болған жол апатынан кейін өмірлік жарынан көз жазып, ол аз болғандай, өзі жарымжан боп арбаға таңылды. Аспан айналып жерге түскендей күй кешті. Бірақ аңырап қалған шиеттей алты баласын ойлағанда, ол тез есін жинады. Ендігі жерде тек солар үшін өмір сүруі керек екенін түсініп, өзінің мүгедектігіне қарамастан, ажалмен қанша рет бетпе-бет келсе де, аурумен арпалыса жүріп, дәрігерлердің «үміт жоқ» деп сан мәрте отадан бас тартып, қайтарып жібергеніне қарамастан, алған бетінен қайтпады. Ақыры, алты баланы аяққа тұрғызу үшін ауруын еңсеріп, алға қарай адымдады.

Ол кезде балапандарының төртеуі әлі тым кішкентай еді. «Жығылғанға – жұдырық» дегендей, есі шығып, мына түріммен оларды қалай жеткізем деп есеңгіреп жүргенде, үлкен ұлына дәрігерлердің қателігінен «эпилепсия» диагнозы қойылды. Жүрегі қан жылады. Пешенесіне жазылғаннан қашып құтыла алмасын ұққан соң, перзенттері үшін бо­йындағы бар күш-жігерін жинап, қайта тұрды. Қиналған сайын шыңдалып, Жаратқанның жіберген сынақтарын қайыспай қарсы алды. Мүжілмеді. Бауыр еті – балаларының болашағы үшін бәрін де көтерді.

Байғұс ана не көрмеді десеңізші! Арбада отыр­ған адамның жайын он екі мүшесі сау адам қайдан ұқсын?! Талай есікті тоздыр­ды. Жұмыс сұрап барған жерлерден оның мүгедектігі барын білгенде сыртын беріп, сұлу-сыпайы қоштасып, шығарып салатын. Содан соңғы үмітін арқалап, қалалық Жұмыспен қамту орталығына бас сұқты. Қос бірдей жоғары білімі, 25 сертификаты бар білікті маманға сол кезде айына 45 мың теңге төленетін қоғамдық жұмыс ұсынылғанда, Аякөздің қандай күйде болғанын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

[smartslider3 slider=2077]

Киім тігуді ол сонау бала күнінде әжесі Жібектің жанында жүріп үйренді. Революцияның, репрессияның және Ұлы Отан соғысының куәгері болған кейуана ашаршылық жылдарындағы зұлмат заманды есіне алғанда, етегі жасқа толатын. Айтуынша, қиын-қыстау кезеңде отбасында бас көтерер ер азамат қалмаған соң, балық аулауға арналған ау тоқып, ол дайын болған соң балық аулап жан баққан көрінеді.

«Өнерді үйрен де жирен» демекші, өмір деген бір орында тұрмайды екен-ау. Мың құбылған мынау тірліктің желқайығы қайда апарып соғарын кім білсін. Көпті көрген данагөй қария соның бәрін алдын ала ойлап: «Үйренгенің өзіңе жақсы, көмектессең маған жақсы. Түбі бір қажетіңе жарар, қарап ал» деп немересін қасынан қалдырмайтын. Тағдырдың талқысына түсіп, үсті-үстіне келген ауыртпалықтан бас көтере алмай жүргенде ­Аякөз әжесінің айтқандарын есіне алды. Сөйтіп қалалық Жұмыспен қамту орталығы арқылы «Бизнес бастау» кәсіпкерлік негіздері бо­йынша курсқа оқуға түседі. Оны ойдағыдай аяқтағаннан кейін жобаны қорғап, грант ұтып алады. Сол ақшаға тігін машиналарын сатып алып, арнайы цех ашады. Кейін Жұмыспен қамту орталығы жіберген мүмкіндігі шектеулі бірнеше адамды жұмысқа қабылдай бастады.

2020 жылы елде карантин басталғанда, бір реттік бетперделердің қат болғаны бәріміздің есімізде.

«Сол кезде маскаға деген сұраныстың көптігінен тапсырыс көбейді. Түн демей, күн демей жұмыс істеуге тура келді. Бір апта­ның ішінде 3000 маска тапсырған күндер болды. Бұл отадан кейінгі кез болатын. Отыруым оңай емес, қозғалуым да қиын кез еді. Сол сәт балаларымның көрсеткен қолдауы мені жігерлендіріп, алға қарай қорықпай қадам басуыма итермеледі. Аз қамтылған отбасыларға тегін тарату үшін еріктілерге көп маска тігіп берген сол кездерді, сонау бір жылы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен қаладағы сауда үйінде өткен жәрмеңкеге қатысқанымызды қалай ұмытайын?!» деді кәсіпкер.

Иә, бәрі есінде. Ол күндерді ұмыту мүмкін емес. Сұраныс көбейген соң ZETA магазиндер желісі үшін экосөмкелер тігуді қолға алып, кейіннен дастархан, куртка, балалар киімдері, тұтастай отбасыға арналған үйге киетін киімдер мен кешкі сәнді және той көйлектерін тігумен айналыса бастады. Қазір ғаламтордың қарыштап дамыған заманы ғой. Instagram, Facebook парақшасы арқылы жарнама жасап, тапсырысты сол жерден, әлеуметтік желіден тауып алып отырады.

Аякөз ұжымы туралы айтқанды ерекше жақсы көреді. Себебі ол үшін қарамағындағылардың әрқайсысының орны бөлек. Бәрін де өзі таңдап жұмысқа алған. Мақсаттары ортақ, мүдделері бір болғандықтан, барлық іске бірге қуанады, мұңайса бірге мұңаяды. Өйткені олардың бәрі – мүмкіндігі шектеулі жандар, жалпы саны – 8. Бәрі бір үйдің баласындай ұйымшыл. Бір-біріне көмектеседі. Шұғыл тапсырыс келіп түссе басқа істі қоя тұрып, тапсырысты тездетіп бірге орындауға кіріседі. Мәселен, аға шебер Гүлфайруздың құлағы дұрыс естімесе де, қолынан келмейтіні жоқ. Қасындағыларға білгенін үйретуден жалықпайды. Әминаның да құлағының мүкісі бар. Ол тігін цехына колледжді бітіргеннен кейін келді. Ерекше қажеттілігі бар жандардан құралған тігін цехының жұмыс істеп жатқаны жөнінде телеарнадан көріп, Қарағанды қаласынан келген. Ангелина да жас маман. Владимир болса мылқау. Соған қарамастан тоқу мен тігудің шебері. Бір ғажабы, осының бәрін өз бетімен үйренген.

Атасы Қабдолла Арсекеев те қара жаяу адам болмағанға ұқсайды. Кеңес Одағы кезінде Қазақстаннан бидайдың қатты сорттарының үлгілерін халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне апарған атақты адам еді. Солтүстікте бақша дақылдарын өсіріп аты шыққан атасының жоғары наградалары, соның ішінде Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендері болды. Шамасы, шыдамдылық пен еңбекқорлық, бойындағы қайсарлық Аякөзге сол кісіден дарыса керек.

Аякөздің арманы асқақ. Ол ерекше қажеттілігі бар мүгедек балаларға кесте тігу мен іс тігуді тегін үйрету үшін еліміздің басқа өңірлерінен тағы бірнеше цех ашып, кәсібін кеңейткісі келеді. Шағын моториканы машықтандыру арқылы табандылық пен төзімділікке баулитын осы кәсіпті дамыта отырып, мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамға пайдалы болуына ықпал етуді армандайды. Арманы алдамаса екен.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button