Басты ақпаратМәдениет

«Сахнадан сәлемнің» жұлдыздары

Өткен жексенбіде Астанада бір аптаға созылған «Сахнадан сәлем» атты театрлардың IV халықаралық фестивалінің шымылдығы жабылды. Қала күні мерекесіне орай ұйымдастырылған шараға бұл жолы он бір өнер ұжымы қатысты. Елордалық театрлармен қатар Алматы, Жезқазған, Орал, Өскемен, Шымкент, Семей қалаларындағы театрлар және Киев пен Мәскеуден келген қонақтар көрермендерге тақырыбы және жанры жағынан әр алуан қойылымдарды ұсынды.

ERM_4745
Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар және жасөспірімдер театры осетин драматургы Георгий Хугаевтың (аударған Қ.Төлеуішов) «Қара шекпен» әфсанасын қойды. Қойылымды режиссер Асхат Маемиров сахналады.
Фестиваль сарапшыларының бірі, Қазақстанның Халық әртісі, профессор Талғат Теменов өткенді жаңғыртып, аталмыш спектакль өткен ғасырдың жетпісінші жылдары танымал болып, көптеген театрларда қойылғанын еске түсірді.

Жалпы, Г.Хугаев 20 шақты пьесаның авторы екен. Солардың ішінде режиссерлердің де, көрерменнің де үлкен ықыласы осы «Қара шекпенге» ауған.
Ал классик жазушының атындағы алматылық театр сахнасында аталмыш туындының премьерасы былтырғы жылдың ақпанында өтіпті. Көрерменге ол несімен қызық? «Ит – адамның досы» деген ұғым бар. Аталмыш қойылымның негізгі айтатын идеясы да соны меңзейді. Тауда қой бағатын шопанның Тұзар атты иесіне адал иттің рөлін көпшілікке телехикаялар арқылы таныс актер Данияр Базарқұлов сомдады. Жалпы, қойылымға тамаша актерлік ансамбль тартылған. Қосүрей атын алған қоянның рөлінде атақты актриса, ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Лидия Кәден көрінеді. Сылаң атты түлкіні талантты актриса Гүлбаһрам Байбосынова, Құртқа – Көкшуланды Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Жанар Мақашева ойнады. Шыны керек, әфсанада көрінетін ерлер бейнелері осы әйел бейнелерге қарағанда солғын тартқан. Оны қойылымнан соң баға берген сарапшылардың көпшілігі де атап өтті.
Солардың бірі – белгілі драматург, театр сыншысы Еркін Жуасбек кезінде М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында бұл шығарманың қойылуын құп көрген. Режиссер ретінде Асхат Маемиров таңдалған. Алайда, белгілі бір кедергілер болып, қойылым қойылмай қалды. А.Маемировтың табандылығының арқасында аталған туынды Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар және жасөспірімдер театры сахнасына жол тартқан.
Кейінгі кезде театрларда режиссер­лердің драматургтердің пьесасын қидалау жағдайлары жиі кездеседі. Немесе режиссерлер шығармаға жанынан өз ойларын қосып, негізгі идеяны көрермен түсінбей қалып жатады. Бұдан бұрын киноларда мұндайға жолыққанбыз. Әсіресе, классикалық шығармалар негізінде шетелдік кино түсірушілер осындайға әуес. «Асхат Маемиров драматургтің еңбегін бағалап, ештеңені қидаламапты. Режиссердің қолына қайшы алмағаны көрініп тұр. Бұл өте дұрыс болды» деді Е.Жуасбек.
Алайда, бұл жағдай кері әсерін де тигізген сияқты. Сарапшылардың көбісі спектакль ұзаққа созылғанын, артық сценалар көп кездесетінін айтты. Әсіресе, Ресейден келген қонақтар қаталдау болды. Театр және кино актері, режиссер, Ресей театр менеджерлері гильдиясының мүшесі, «Мәдениет қайраткерлерінің астаналық цехі» кеңесінің мүшесі Игорь Краснопольский қойылымда мінез жетіспегенін жеткізді. «Әфсанада Көкжал атты қасқырлар көсемінің бейнесіне қаттылық жетіспеді. Ол қасқыр емес пе, ақырғанда аузынан жалын атып шығу керек. Мен оны байқамадым. Қасқыр бейнесі болған соң оның образының өзі көрерменге үрей шақыруы тиіс. Мысалы, «Кездесу орнын өзгертуге болмайды» көркем фильміндегі «Бүкірдің» рөлін ойнайтын Армен Джигарханян бақырып-шақырмайды, бірақ оның сұсты түріне қарап-ақ сескеніп қаласың» деді И.Краснопольский.

ERM_4674
Театртанушы, «Балтық үйі» жобасы­ның үйлестірушісі, ТМД және Балтия елдерінің «Ресейдегі кездесу» Халықаралық теа-трлар фестивалінің жетекшісі Мария Юрьеваның бағасы бұдан өткен болды. «Қойылымды тамашалап отырып, есіме еріксіз «Хатико» фильмі түсті. Оқиғасы өте ұқсас екен. Жалпы мынадай спектакльдер ұшпаққа шығармайды. Мұнда көп сөзділікке ұрыныпсыздар. Көп сөйлемей, рөлді ойнауларыңыз керек еді» деді ол.
Оған жауап берген Еркін Жуасбек қазақ театрында сөзге көп мән берілетінін, былайша алғанда ұлттық театрымыз «Ең басында сөз болған» ұстанымын ұстанатынын айтып, жағдайды түсіндірді.
Жалпы, «Сахнадан сәлем» фестива­лі қазақ театрларының артық-кем тұстарын көрсететін жақсы алаң екеніне көзімізді жеткіздік. Шыны керек, елдегі орыс театрларының өнері ұлттық театрларымызға қарағанда басымдау болып көрінді. Мұның алдында өткен Астанадағы М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры сахналаған «Ояну» треш-драмасы соған дәлел.
Ал, фестивальді жақын шетелден келген қонақтар түйіндеді. Киевтің «PaperWall» театры «Он, Она, Жизнь» спектаклін ұсынса, Мәскеудің «Театр Луны» драматург Александр Марданьның режиссер Наталья Когут қойған «Антракт» драмасын сахналады. Осы соңғы спекталь бізге белгілі жазушы-драматург Дулат Исабековтің «Актриса» спектаклін есімізге түсірді. Орыс қойылымында да, қазақ туындысында да актерлердің сахнадағы және сахнадан тыс өнері туралы айтылады. «Театр Луны» тақырыпты тамаша алып шыққанын айта кетейік. Онда бізге, әсіресе, Анфиса дейтін кейіпкердің рөлін сомдаған қарт актриса, Ингушетияның еңбек сіңірген әртісі Ирина Чипиженконың бейнені сомдауы қатты ұнады.
Сонымен, «Сахнадан сәлем» Театр­лар­дың IV халықаралық фестивалі түйінделді. Келесі жылға жоспарланған V мерейтойлық фестиваль «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрме аясында ұйымдастырылып, 18-20 күнге жалғаспақ. Сөз жоқ, аталмыш фестивальдің театр өнеріне берері көп, алайда, биылғы фестиваль өткен соң бізге бірнеше ой келді. Аталмыш фестиваль биыл 25 жылдығын атап өтетін Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының негізін қалаушы режиссер, бас қаламыздың қазақылануына үлкен үлес қосқан Жақып Омаров атын иеленсе немесе сол кісі атындағы жүлде тағайындалса деген пікіріміз бар. Сондай-ақ, фестивальдің әнұраны да жазылуы тиіс сияқты. Біздіңше, атаулы шараның осындай кемшіліктері бар. Ал басқа жағынан айтарымыз жоқ.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button