Қала тіршілігі

САҚ ЖҮРСЕҢ, САУ ЖҮРЕСІҢ

f_4d5772e0e242b

Кейінгі кезде жаяу жүргінші жолынан адам қағу оқиғасы жиілеп кетті. Өткенде «Toyota Land Cruiser» маркалы көлігін мінген әйел біреудің көзінің қарашығындай жалғыз ұлын мерт қылды.  Астана қаласының Ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасының мәліметі бойынша, соңғы төрт айдың ішінде Астанада жаяу жүргіншілердің қатысуымен 80 көлік апаты болған. Соның салдарынан 81 адам әртүрлі дене жарақатын алып, 5 адам қайтыс болған.  

Жолдағы қауіп – жүгенсіз жүргізушілерден
Көлік – қажетті дүние. Әсіресе, уақытының көбі жол жүрумен кететін қалалықтар үшін пайдалы. Бірақ машинаны абайлап жүргізбесе, ол – өзіңнің де, өзгенің де өміріне қатер төндіретін қауіпті механизм. Ал қатер – машинаны дұрыс айдамағаннан, жол жүру ережесін сақтамағаннан болады. Көлік жүргізетіндердің түсінігіне салсақ, жол қозғалысының ережелері тәртіп сақшыларына ұсталмау үшін ғана керек сияқты. «Бағдаршамның қызылына қарамай өтіп кетсем, тұтас қос сызықты басып кетсем, МАИ ұстап алар ма екен?» деп бірінші кезекте қауіпсіздікті емес, инспекторға ұсталмауды ойлап отырады. Автокөлікте телефонмен сөйлесіп отырып, «жолдағы қарауылдар көріп қоймасын» деп, алды-артына алаңдап отыратын жүргізушілерді де талай көріп жүрміз. Ал шынтуайтында, жолда абайлап жүру, жылдамдықты қалыпты мөлшерден асырмау, жаяу жүргіншілерге жол беру, қарама-қарсы жолға шығып кетпеу, бағдаршамға бағыну секілді жол ережелерінің бәрі адамдардың қауіпсіздігі үшін жазылған. Бұл ере­женің әр тармағында ұзақ жылғы тәжірибе жатыр. Олардың ешқайсысы жайдан-жай пайда болмағанын ұғыну керек.
Егер көлік айдағандардың бәрі жол жүру ережесін сақтап, тәртіпке бағынғанда қазіргідей жаға ұстарлық жағдайлар болмас еді. Мәселен, өткен­де Иманов пен Қажымұқан көшесінің қиылысында қаршадай ұлды қағып, өлтіріп кеткен әйел ережеге бас ұсынып, жаяу жүргіншілер өткелінде ақырын жүргенде, бала аман қалар ма еді…
Гәптің бәрі – жүгенсіз жүретін жүргізушілерден болып отыр. Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасының жол-патрульдік полициялары өткен бір аптаның ішінде елорда бойынша 6 мыңнан астам жол жүру ережесін бұзу оқиғасын тіркепті. Соның 900-і жылдамдықты асыру болса, 115-і жаяу жүргіншілерге жол бермеуге қатысты болған. Ал 350 жүргізуші көлікті рулінде отырып, ұялы телефонмен сөйлескені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бір қызығы, жол-көлік апатына ұрынатындардың басым көпшілігі көлік айдауды жаңадан үйреніп жүргендер емес, әбден тіс қаққан, тәжірибелі жүргізушілер екен. Астана қалалық ІІД ӘПБ-ның ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Лариса Красникова солай дейді. «Жол ережесін өрескел бұзып, ірі апаттарды жасайтындардың жүргізушілік өтілін қарасақ, көлікті кемі бес жыл айдаған болып шығады. Апат адамның машина айдау тәжірибесімен өлшенбейді, аяқ астынан болады. Сондықтан көлік жүргізушілердің қай-қайсысы да абайлап жүргені абзал» дейді ол.
Қаланың адамдарына өмірі уақыт жетпей, үнемі асығып-үсігіп жүреді. Бірақ көлік асығып-аптығуды көтермейді. Апаттың болуы – көзді ашып-жұмғанша. Сондықтан «сақ жүрсең, сау жүресің» деген қағидатты жаяу жүргінші де, жүргізуші де естен шығармағаны жөн.

Көлік жоқ деме – аяқ астында
Обалы не керек, Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасы жұртшылықты жолдағы қауіп-қатерден сақтандыру үшін айтудай-ақ жұмыс істеп жатыр. Мектептерге арнайы барып, балабақшадағы балдырғандарды да қалдырмай, жолда өздерін қалай алып жүру керек, қандай ережелерді қаперде ұстау қажеттігі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп әлек. Полицейлер «Назар аударыңыз – жаяу жүргінші!» республикалық шарасының аясында елорда аялдама­ла­рының қабырғасына жаяу жүргін­шілерді жолдағы қауіп-қатерден сақтандыратын, жол жүру ережелерінен хабар беретін суреттерді де іліп тастады. «Сыпайы жүргізуші» акциясын қолға алып, тәртіпке бағынатын көлік иелерін өзгелерге өнеге етті.
Астанада жаяу жүргіншілерге ар­налған шаралардың өзі – бір төбе. Айталық, «Абайла, жаяу жүргінші!» республикалық іс-шарасының шеңбе­рінде жаяу адамға жол бермейтін жүр­гізу­шілерді жауапкершілікке тартты. Акция аясында 3 мыңға жуық көлік жүргізушісіне айыппұл салынған.
Жаяу жүргінші де – жол қозғалы­сының қатысушысы. Сондықтан олар да жолдан алды-артына қарап, абайлап өтуі керек. Биылғы жыл басынан бері жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен, тоқтап тұрған көліктің арасымен жүгіріп шыққан 10 мыңнан астам жаяу жүргінші 90 миллион теңге сомасына әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.
Жаяу жүргіншілерге арналған ала жолақтан әр адам байқап өтуі тиіс. Кейбіреулердің «жол өзімдікі» деп жан-жағын бағамдамай, атып шығатыны бар. Ал қатты жылдамдықпен келе жатқан көлік алдынан кенет шыққан адамды байқамай қалуы мүмкін. Байқаған күннің өзінде қатты келе жатса, жылдамдығын тежеп үлгермейді. Сондықтан әркім сақ жүргені дұрыс. Әсіресе, ата-аналар балаларына жолдан байқап өтуін әрдайым айтып отыру қажет. Балалар ешқашан жолдан жүгіріп өтпесін! Ал кешкілік уақытта оларға ашық түсті киім кигізген дұрыс екен. Бұл жүргізушілердің жолдағы баланы байқауына септігін тигізеді дейді мамандар.

Ала жолақ – қауіпсіз өткелге айналуы тиіс
Елордада барлығы 647 жаяу жүргінші өткелі бар екен. Соның 71-і – бағдаршамға бағынатын реттелмелі жолақтар. Ал қалған басым бөлігі – реттелмейтін жолақтар. Көлік жүргізушісі де, жаяу жүргінші де осы реттелмейтін жолақта қырағы болуы тиіс. Сол үшін жасалып отырған арнайы белгілерді де жол бойынан көруге болады. Мысалы, жаяу жүргінші өткеліне жақындаған сәтте жүргізушіге белгі беретін гүрілдек жолдар 2500 жерде бар. Ал жасанды жол кедергісі («лежачие полицейские») 1918 өткелде орналасқан. «Абайла, жаяу жүргінші!» белгісі 30-дан астам жаяу жүргінші жолына қойылған. Бірақ соған қарамастан жаяу жүргін­шілерді қағу оқиғасы тыйылмай отыр.
Шет мемлекеттерде жаяу жүргіншілер жолына ерекше мән беріледі. Оларды байқамай өту мүмкін емес. Мысалы, Сан-Маринода жаяу жүргіншілер белгісі көк болса, жердегі жолақты да ақ пен көк түске анық етіп бояп тастайды екен. Ал Германияда көлік көп жүретін жердегі жаяу жүргіншілер жолдарының бәрі арнайы құрылғылармен жабдықталған. Жолдың арғы бетіне өткісі келген адам әлгі қондырғыдағы пернені басады. Сол кезде көліктің бәрі кілт тоқтайды да, жаяу жүргінші алаңдамай өте береді. Ал Израильдің жаяу жүргінші жолдары тегіс бағдаршамдық құрылғымен жабдықталған. Үнемі ашық сары түс жанып тұратын қондырғыны байқамауы мүмкін емес.
Ал Астанада қалай? Жол белгілері жаяу жүргіншілер жолын қауіпсіз етуге жеткілікті ме? Жұртшылықтың пікірі қандай? «Мерседес» көлігін жүргізетін Ғалымбек атты жүргізушінің айтуынша, біздегі жаяу жүргіншілер жолағын білдіретін белгілер көп жағдайда көрінбей тұрады. Кейбіреулері тым жоғарыда ілулі тұр. Көлік терезесінен көкке әдейі қарамасаң көрмейсің, ал енді бірі ағаштардың қалқасында қалып жатыр.
Ал өзін Мұрат Құланбаев деп та­ныс­тырған жігіт «Артем» сауда орта­лығының тұсындағы Ш.Уәлиханов кө­шесімен күнде жүретінін, осы тұста Бөгенбай даңғылымен сол жаққа – Астрахан трассасына қарай бұрылатын қиылыстағы бағдаршам «біртүрлі» екендігін жеткізді.
– Уәлиханов көшесімен келіп, Бөген­бай даңғылына қарай бұрылар тұсқа келіп тоқтайсың. Бағдаршамның жасыл түсі жанған кезде қозғалып, дәл жолдың ортасына келгенде, қарама-қарсы жақ­тағы машиналар жүріп кетеді. Жан­та­ласып өтіп кетейін десең, сол қапталдан тобымен жаяу жүргіншілер шығады. Оларға жол бермей гөр. Дәл алдыңнан жол инспекторлары күтіп тұрады сені. Олар да біледі торуылдайтын жерді. Сондықтан осы тұсқа жай емес, қосымша секциялы бағдаршам орнату керек, – дейді көлік жүргізушісі.
Иә, кез келген жол белгілері анық әрі көрнекті жерге орналасуы тиіс. Елдің пікіріне қосарымыз, Астанадағы жол белгілері уақытылы жаңартылып отырса дейміз. Әсіресе, жаяу жүргіншілер жолағы алыстан «менмұндалап» тұруы керек. Әйтпесе, бізде Есілдің сол жағалауындағы жол белгілері әспеттеле береді де, оң жағалаудағысы ұмыт қалады. Мысалы, өзіміз күнде өтетін Сейфуллин, Асан қайғы көшелерінің бойындағы жаяу жүргіншілер жолағы мүлде өшіп қалған. Қалқайып тек белгілері тұр. Сондықтан жұртшылықтың пікірін тиісті мекемелер қаперге алады деген ойдамыз.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button