Басты ақпарат

Сауалдардың салмағы

«Астана» концерт залында өткен қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевтың есептік кездесуінде қала тұрғындары білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, жастар саясаты мәселелері бойынша өздерін толғандырып жүрген сұрақтарға жауап алу мүмкіндігіне ие болды. «Ашықтық және қоғам алдында есеп беру» бағдарында өткізіліп жатқан «сұрақ-жауап» форматындағы кездесуге келген көпшіліктің қарасы көп болды.

Төрт жылда 46 мектеп бой көтереді

Кездесу барысында әкім орын­­басары Ермек Аманшаев қаламыздағы мектептердің жетіс­пеушілігін тілге тиек етті. «Елдегі ішкі көші-қон өте жоғары. Жыл сайын Астанаға өзге аймақтардан 40 мыңға жуық азамат көшіп келеді. Оған табиғи өсім де қосылып жатыр. Астанада күн сайын 70-75 бала тууда. Бұл дегеніңіз Астанада өмір сүру деңгейі жоғары әрі білім мен медицина саласындағы қызмет түрлерінің жақсы көрсетіліп жатқанын білдіреді» деген Ермек Әмірханұлы бұл мәселені реттеу үшін атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға тоқталды. Атап айтқанда, 2017-2018 оқу жылының басынан жүктемені азайту үшін 2600 орындық қосымша 5 құрылыс пайдалануға берілсе, құрылысы басталған 10800 орынға арналған 10 мектеп оқушылардың білім алуына мол мүмкіндік жасайды. Алдағы төрт жылдың ішінде Астанада жаңа 46 мектеп салынады. «2018 жылы 6900 орындық жалпы білім беретін 6 мектепті пайдалануға беру жоспарланды. Мердігерлік кешенді жоспарға сәйкес, Астанада 2022 жылға дейін 46 мектеп және 10 қосымша жапсарлас салынған білім ошағы қажет» деді әкім орынбасары.

Дәрігердің салғырт­тығы қауіпті

Кездесуде қала тұрғыны Арай­лым Әлтаева жалғыз ұлын мүгедек еткен елордалық дәрігерді жазалауды сұрады. Оның айтуынша, ұлы 9 жасында дәрігердің кесірінен мүгедек болып қалған. Оқиғаның өткеніне екі жылға жуық уақыт өтсе де, қате диагноз қойған дәрігер жауап­қа тартылмапты. «Дәрігер өз кінәсін мойындады. Жаза ретінде аурухана басшылығы дәрігерді сыйақыдан ғана айырды. Жай ғана сыйақыдан айырды. Адамның тағдырына бейжай қараған адам­ды осылай ғана қоя салуға бола ма? Ол ертең тағы біреудің баласына осылай қараса ше? «Дәрігерлерді жазалай берсек, адамдарды кім емдейді?» дегенді де естимін. Сонда олар балаларды мүгедек ете берсін бе? Басқа дәрігерлерге сабақ болу үшін осыған қатысты арнайы заң шығару керек» деді ол жылап тұрып. Қала тұрғыны бұдан өзге өзінің және өзі сынды көптеген ата-аналардың мүгедек балаға дәрі алуда және мектепке беруде кедергілер көп кездесетінін айтып, мұңын шақты. «Балам қазір 8 дәрі ішеді. Содан бүйрегіне сұйықтық жиналып, дәрігерлер гепатит диагнозын қойып жатыр. Сол сегіз дәрінің 46 мың теңге тұратын бір ғана дәрісін тегін алып жүрмін. Үкіметке рақмет. Бірақ сол дәріні екі рет әкімдіктің араласуымен алдым. Заң бойынша маған берілуі керек болса, неге барған жерден бірден ала алмаймын? Ұлымды мектепке қабылдату үшін де сіздерді шақырттым. Неге қайта-қайта сіздерге жүгінуім керек?» деді. Сондай-ақ, баласымен бірге оның күтушісіне де тегін берілетін жол жүру билеті жылдың басынан бері тоқтаған. «Мүгедек баласы бар ата-ана егер баласын өзі қарайтын болса, тек сол баласының шаруасымен жүреді. Баламды үйде қалдырып, оның анализдерін тапсыруға барамын, дәрі-дәрмектерімен жүгіріп жүремін. Автобусқа әр мінген сайын төлейтін 90 теңге менің қалтама салмақ түсіреді. Тегін жүру билетімізді, құқымыз­ды қайтадан қайтарып берсеңіздер екен» деді. Ашынған ананың сауалына қалалық Денсау­лық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Нұрашева: «Біріншіден, дәрігердің кінәсін анықтау үшін арнайы комиссия жинау керек. Онда арнайы сараптама жүргізіледі. Комиссия шешімімен дәрігер кінәлі деп табылса, заң жүзінде жазаланады. Дәрі-дәрмекке келсек, 1 қаңтардан бастап барлық дәрілерді «СК-Фармация» сатып алады. Сатып алған дәрілердің ақшасын қор төлейді. Дәрілер біздің қоймаға келеді және пациенттерге ыңғайлы болу үшін дәрілерді бір орыннан алатындай еттік. Қазір барлық дәрілерді емханадан ала аласыз» деп жауап берді.Өз кезегінде, Ермек Аманшаев жиыннан кейін мәселенің мән-­жайын анықтауды ұсынды. «Шынын айтқанда, ешбір дәрігер алдына келген адамға жамандық ойламайды. Оны мүгедек ете­йін демейді. Шамасы келгенше, өзінің білімі мен тәжірибесі жеткенше көмектесуге тырысады. Әрбір жағдайды түгел тексере­йік. Жиыннан кейін бізге келіңіз, Денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, егжей-тегжейін анықтайық. Егер дәрігер тарапынан кінә анықталса, әрине, жазаланады» деді ол.

 

Бахилдер тегін беріле ме?

Сондай-ақ, кездесу барысында дәрігерлерге, емханаларға қатыс­ты бірнеше мәселелер көтерілді. Өзін Тілеген Ермұратұлымын деп таныстырған тұрғын ақылы анализ тапсырудың машақатына байланысты сауал қойды. «Емханалардың ішінде тегін анализдер алынады деп айтылады. Бірақ көп жағдайда ақылы тапсыруға жіберіп жатады. Қып-қызыл ақшаға өткізіп жүрген «Олимп» лабораториялық орталығы шағын ғана аумақта орналасқан. Неге сондай кабинеттерді әр емхананың өзінде ашпасқа?» деген қала тұрғынына Ермек Аманшаев: «Негізі, мемлекеттің тарапынан ақысыз көрсетілетін қызмет түр­лері бар. Оның ешқайсысына қаржы төленбейді. Денсаулық сақтау басқармасы, осындай мәселелер бой көтергенде оны қадағалауға алып, реттеп отыры­ңыздар» деді басқарма бас­­шылығына тапсырма беріп.
Бұған қоса, кездесуде тұрғындар кей емханалардың бахилді тегін беретінін, ал бірқатар емханалардың ақшаға сататынын айтып шағымданды. Бұл сұраққа Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров: «Ол соңғы уақытта жиі көтеріліп жүр. Шын мәнісінде, емханаларда бұл қызметтің тегін немесе ақылы болуын реттейтін нақты қағида жоқ. Сол себепті қазір Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, барлық медициналық ұйымдарға арналған стандарттарды нақтылау мен жүйелеу бойынша ауқымды жұмыс атқа­рудамыз. Жақын арада бұл мәселені түбегейлі шешетін боламыз. Алдағы уақытта бахилдер тек қана тегін беріледі деген ойдамын» деп жауап берді.

Студенттердің жол жүруге жеңілдігі жоқ

Қалалық колледждің студенті Нұрила әкім орынбасарынан Астанада студенттерге арнал­ған жол жүру жеңілдігінің неге жоқтығын сұрады. «Шәкіртақымыз 16750 теңге. Жатақханада тұру ақысы – айына 5000 теңге. Жолда жүруге жеңілдіктер қарастырылмаған. Бұл ақшамыз өзімізге бір ай күн көруге жетпейді. Себебі сабаққа барып-келген сайын біздің көп ақшамыз жол жүруімізге кетіп қалады да, шә­кіртақымыз ештеңеге жетпей қа­лады. Басқа қалаларда бар мұн­дай жеңілдік неге әлі күнге дейін Астанамызда жоқ?» деді ол.
Қалалық Білім басқармасы басшылығының мәліметінше, жергілікті бюджеттен әлеуметтік аз қамтылған әлеуметтік топқа жататын отбасылардың балалары қоғамдық көлікте тегін жүруге мүмкіндік жасалған. Өкінішке қарай, студенттерге ондай жеңілдік қарастырылып отырған жоқ. Астана әкімінің орынбасары студенттерге арналған жеңілдік мәселесін алдағы уақытта қалалық мәслихаттың қоғамдық тыңдалымдарында көтеретінін айтты.

Кейбір көше аттары көңілден шықпайды

Қала тұрғыны Әлім Сағындық­ұлы да өзін толғандырып жүрген мәселені көтерді. «Астана көшелеріне неге белгілі Әйтеке, Төле, Қазыбек билердің, Тәуке ханның аттары берілмеген?
Тәуке хан «Жеті жарғыны» қабылдаған. «Жеті жарғы» көшесі неге жоқ? Петрова деген көше, түрлі сандармен белгіленген көшелермен әлі күнге дейін жүрміз ғой» деген ақсақал тіліміздің даму деңгейіне қатысты көңілі тола бермейтін жайттарға да тоқталды. «Аға, сіздің мемлекеттік тілдің қолдану аясына, жалпы тағдырына алаңдап жүргеніңізге ризашылығымыз шексіз. Қала әкімдігінде мемлекеттік тілдің қолданылуы, дамуы өте жақсы деңгейде. Өзіңіз сынды салиқалы, тәжірибесі мол, қазақтың арғы-бергісінен хабарыңыздың молдығы – сіздің үлкен азаматтығыңыздың белгісі. Көшелерге ат берер кезде осы ағаларымыз сияқты азаматтардың пікірін ескеріп отырыңыздар» деген Ермек Аманшаев Тілдерді дамыту басқармасының басшылығына ономастиканың отырысына осындай азаматты да қатыстыруын тапсырды. «Біз ағамыз қау­заған тарихи тұлғаларға кішкентай көшелерді бере алмаймыз. Ол кісілерге лайық үлкен көшелер, даңғылдар болуы керек. Біз ақылдасып, алдағы уақытта қандай жақсы көшелер болатынын күтіп отырмыз. Біз бәріміз осы Астанамыз басқа облыстарға, басқа қалаларға үлгі болсын деп жұмыс жасап жүрміз» деді бұған басқарма басшысы Тілеуғали Қышқашбаев.
Жалпы, екі сағатқа созылған кездесуде әкім орынбасарына, негізінен, балалардың тамағы, денсаулығы, спорттық орталықтардың аздығы, тегін медициналық қызмет көрсету түрлері, жол жүру ақысы, тіл мәселесі, көше аттарына қатысты проблемалар көтерілді. Кездесу аяқ­талған соң Ермек Аманшаев жолданған сұрақтарға байланыс­ты мәселенің байыбына бару үшін, анық-қанығын анықтау мақсатында тұрғындарды жеке қабылдады.

Гүлжан РАХМАН

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button