Құқық

Сервистік модель: келешектің болжамы

«Барлық озық елдерде полиция институты сервистік модель негізінде дамып келеді. Біз де мұндай үлгіге көшетінімізді мəлімдедік. Бірақ жұмыс барысында аз ғана нəтижеге қол жеткізілді»

Қ.Тоқаев, 2020 жыл 1 қыркүйек күнгі Жолдауынан

Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында басым бағыттардың бірі ретінде «полицияның сервистік моделіне» көшу белгіленді.

Мемлекеттік басқару жүйесіндегі полиция органдарының маңызды рөлі барынша түсінікті. Полиция қызметкерлері күн сайын күрделі кәсіби міндеттерді, қиын жағдайлар мен қақтығыстарды шешеді. Бұл ретте оның қателікке жол беруге құқығы жоқ. Демек, полиция қызметінің кәсіби құзыреттілік деңгейі мен тиімділік дәрежесі қоғамдық пікірге әсер етеді, бұл елдегі әлеуметтік-саяси жағдайда тікелей көрініс табады.
Сервиске бағдарланған полиция қызметі – полиция мен қоғамға қылмыстылық, құқықтық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз ету проблемаларын шешу үшін ынтымақтастықтың жаңа әдістерін қолдануға мүмкіндік беретін модель. Ол екі түйінді компонентке негізделген: полицияның әдістері мен тәжірибесін өзгерту және полиция мен қоғам арасында сындарлы қарым-қатынас орнату үшін шаралар қабылдау.
Мемлекет басшысы Жолдауда «жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын жасау қажеттігі пісіп-жетілді деп атап өтті. Бұл кездейсоқ емес, өйт­кені жергілікті полиция қызметі полицияның халықпен тікелей қарым-қатынаста болатын бөлінісі болып табылады. Негізгі рөл учаскелік полиция инспекторына қоғам мүшелеріне нақты мәселелерді шешу және өмірлерінің сапасын жақсарту үшін қолдау мен ресурстарды жұмылдыруға көмектесетін негізгі менеджер ретінде беріледі. Бұл модельдің мәні – қоғам мүшелерінің қауіпсіздік мәселелерді анықтау процесіне белсенді қатысуында. Азаматтарды тарту шеңберінде құқық бұзушылықтардың алдын алу және қылмысқа қарсы күрес бойынша кеңейтілген және жан-жақты пайымдау орын алады, бұл барлық полиция қызметіне терең өзгерістер енгізуге әкеледі. Оң нәтижелер мен тиімділікке қол жеткізу үшін бұл тәсіл барлық полиция қызметтері тарапынан да, қоғам тарапынан да мақсатты қолдауды тұспалдайды, сонда қоғам осындай өзара іс-қимылдың нәтижелерін және осы процестегі өз рөлін көреді.
«Полицияның сервистік моделі» негізін сипаттауға болатын негізгі қағидат – Полиция – бұл халық, ал халық – бұл полиция. Қазіргі уақытта «полицияның сервистік моделі» деген бірыңғай түсінік жоқ екендігін атап өту керек. Осыған байланысты «Полицияның сервистік моделінің» қазақстандық тұжырымдамасын әзірлеу қажеттігі пісіп-жетілді, өйткені әртүрлі шетелдік институционалдық модельдерді механикалық түрде енгізу – олардың демографиялық және басқа да сипаттамаларын айтпағанда, мәдени, тарихи, экономикалық, институционалдық, нормативтік, саяси және әлеуметтік жағдайларға бейімдемесе, табыстылықты қамтамасыз етпейді. Табысқа жету жолдары бірдей емес, бірдей болуы мүмкін емес және болмауы керек.
Полиция қызметіндегі сервистік тәсіл ішкі істер органдары қызметкерлерінің оны іске асыруының бірыңғай тәсілдерін әзірлеу және қоғамның оның мәнін түсінуі мақсатында нормативтік тұрғыдан бекітілуі тиіс. Негізгі мақсат – қажеттіліктерге жауап беретін және қоғаммен серіктестікте жұмыс істейтін кәсіби, өкілді, есеп беретін орган құру.
«Полицияның сервистік моделін» енгізу – полиция басқа мемлекеттік органдардың жұмыстары мен функцияларын жүзеге асыру үшін бақылау мен жауапкершілікті өз мойнына алуға тиіс дегенді білдірмейді. Тек қана тығыз өзара іс-қимыл арқылы ғана үлкен нәтижеге қол жеткізілетінін ескере отырып, «полицияның сервистік моделін» енгізу және дамыту қоғамның да, барлық мемлекеттік органдардың да барлық мүдделі тараптарының қатысуын талап етеді. Осылайша полиция жұмысындағы өзгерістер көптеген демократиялық елдердегі мемлекеттік басқарудың қазіргі тенденцияларының көрінісі болып табылады.
Сервистік модель аясында полицияның халықпен өзара іс-қимылын оңтайландыру, ең алдымен полиция қызметкерлеріне деген сенімге, серіктестік қағидаттарына негізделуі керек. Полиция әртүрлі тілектерді қанағаттандырумен емес, заңға мүлдем бейтарап қызмет көрсету арқылы қоғамдық сенімге ие болуға тырысуы керек. Қоғаммен тығыз қарым-қатынасқа негізделген полиция қызметінің сервистік моделі барлық проблемалардың әмбебап құралы болып табылмайды, алайда қоғаммен сындарлы диалог құрудың сенімді құралдарының бірі болады. Өзара іс-қимылдың осы модельдерін қолдану жергілікті жерлерде полиция жұмысының сапасын арттыруға және ішкі істер органдарын реформалау бойынша қойылған міндеттер шеңберінде мақсаттарға неғұрлым тиімді қол жеткізуге ықпал ететін болады.

Айдар САЙТБЕКОВ,
саяси ғылымдар докторы,
доцент, ІІМ Кадр саясаты

департаментінің бастығы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button