Туризм

Шаһар туризмі серпін береді

10 қазанда елордадағы Тәуелсіздік сара­йында «Ақылды қалалар – ақылды дестинациялар» атты VIII жаһандық саммитіне орай баспасөз мәслихаты өткізілді. Саммиттің негізгі ұйымдастырушылары – Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі және БҰҰ UNWTO Дүниежүзілік туристік ұйымы.

Қазақстан үшін туризм тек экономиканы алға сүйреуші күш қана емес, сонымен бірге әлемге елімізді заманауи және жоғары дамыған мемлекет ретінде танытуға мүмкіндік береді. Сол себепті республикада бұған дейін әлемдік деңгейдегі бірталай конференциялар мен саммиттер өткізілген болатын. Аталған шаралар қазақ даласына туристер назарын аудартты.
Саммитте «ақылды» қалаларды дамыту арқылы шаһардың көкейкесті мәселелерін шешу, қаланы басқару, тұрақты даму, инновациялар мен озық технологияларды енгізу жолдары әңгіме өзегіне айналады.
– Қалалық туризмді дамыту жөніндегі 8-жаһандық саммитті Нұр-Сұлтан қаласында өткізу – біз үшін мәртебе. Астанамыз «ақылды» қалалар жүйесіне енді. Біз бұл шараға көптен дайындалдық, оның ел дамуы үшін маңызы орасан. Аталған шараға қатысуға 80 елден 1300-ден астам мейман келді. Шара барысында «ақылды» қалалардың артықшылығы мен проблемалары егжей-тегжейлі талқыланатын болады, – деп бастады сөзін Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмырзаев баспасөз мәслихатында.
Бүгінде көптеген мемлекеттер «ақылды» қалаға айналуға көп күш салып отыр. Себебі «ақылды» қала арқылы экологиялық инфрақұрылымды жетілдіруге, қылмыс деңгейін азайтуға, қала тұрғындары мен елге келетін туристердің өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қол жеткізу мүмкіндігі мол.
– Қаланы дамыту – мемлекетті дамыту. Ол бүкіл әлемді дамытуға жетелейді. Бұл деген – тұрақтылық. «Ақылды» қалаға айналу арқылы жер-жаһандағы тұрақтылыққа қол жеткізуге болады, – деді UNWTO Дүниежүзілік туристік ұйымның Туризм нарығын және бәсекеге қабілеттілігін талдау органының басшысы Мs. Sandra Carvao.
Саммит шеңберінде, сонымен бірге, UNWTO академиясы мен халықаралық конгрестер және конференциялар (ICCA) қауымдастығының мұрындық болуымен қала туризмі индустриясы бойынша шеберлік сағаттары өткізіледі.
– Мұндай саммит Орта Азия аумағында алғаш рет өткізіліп отыр. Оның ұйымдастырушыларының қатарында болу – біз үшін мәртебе. Нұр-Сұлтан қаласы инфрақұрылымдық жетістігі жағынан саммит өткізуге әбден лайық деп танылды, – деді «Астана Конвеншн Бюро» директорының орынбасары Helena Mahuas.
Туристерді көптеп тарту мақсатында елордада жақын болашақта Disneyland ойын-сауық паркін салу мүмкіндігі қарастырылып жатқанын Ерлан Бекмырзаев мәлім етті.
– Disneyland құрылысы үшін жер телімін қарас­тырып жатырмыз. Оны инфрақұрылыммен, сумен және электр қуатымен жабдықтау қажет. Жақын арада жер учаскесін және инвесторды анықтаймыз. Дегенмен Disneyland салғаннан кейін ол өз қаражатын ақтайтын болуы керек. Астананың климаты Қызылордадағыдай емес. Ойын-сауық ордасы жыл он екі ай жұмыс істеп тұруы тиіс. Сондықтан оны жабық парк ретінде салуды ойластырған жөн, – деді басқарма басшысы.
Ресми дерек бойынша әр турист орташа есеппен алғанда елордада 1,5 тәулік кідіреді екен. Олардың әр күні елге 100 доллар табыс әкеледі. Қазіргі күні «Бозоқ» тарихи-мәдени мұра жобасын әзірлеу арқылы туристер 3 тәулікке дейін кідірту жайы ойластырылған.
Сөзімізді түйіндер болсақ, Қазақстанның астанасы Global Destination Cities Index рейтингі бойынша 197-орынды иеленген. Кейінгі 10 жылда Нұр-Сұлтанға келетін шетелдік меймандардың саны 11,7 пайызға артып, 2018 жылы ол 200 мың адамды құраған.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button