Айтпайын-ақ деп едім!

Шендінің шіренгені кімге керек?!..

18 тамыз күні БҰҰ-ның бас хатшысы Антониу Гутерриш Украинаға келді. Осы сапарда бас хатшының қарапайымдылығы жұртты сүйіндірді. Ұшақтан түскеннен кейін чемоданын өзі сүйреп келе жатқан фотосуреті әлеуметтік желіні әп-сәтте шарлап кетті. Бұл фотосурет бізге де біраз ой салды.

[smartslider3 slider=3808]

Әрине қарапайымдылыққа еті үйренген Еуропа елдерінің азаматтарына мұның түк те таңқаларлығы жоқ болғанымен, қалақтың басындай мансапқа қолы жетсе, кердеңдеп жүре алмай қалатын біздің елдің шен-шекпенділерімен салыстырғанда, бұл шынымен де жан сүйінетін жағдай. Өткенде Ұлыбританияның премьер-­министрі Борис Джонсон да Украинаға келгенде Зеленскийге сыйға тартуға әкелген кітаптарын қолтығына қысып, өзі көтеріп жүрді. Аяғында әдеттегі кроссовка. Бір елдің билеушісімін деп оқтау жұтқандай ожырайып отырған жоқ, қарапайым. Осыдан бірер жыл бұрын тағы да осы Борис Джонсонның басына тоқыма малақай, үстіне жөнсалдау қаптал шапан киіп дүкеннен зат сатып алып жүрген видеосын әлдекімдер әлеуметтік желіге салып жіберген болатын. Сол видеоны көрген әлем жұртшылығы премьер-министрдің қарапайымдылығына айрықша тәнті болған-тұғын.

Ал бізде жағдай мүлде керісінше. «Ұлық болсаң кішік бол», «мәуелі ағаш иіліп тұрады» деп атам қазақ әуелде-ақ айтқанымен, бұл күнде оны ескеретін ешкім жоқ. Кісіні киіміне, тұлғаны ұсқынына қарап сыйлайтын болдық. Сосын да біздің азаматтар жұмсақ орындыққа жайғасып, бір мансаптың басын ұстаса, кердиеді де қалады. Сол күннен бастап оны қарапайым орындарда көру де қиын. Киімді қырлап киіп, сағатты сәндеп салып, сыртқы «айбатын» асыруға барын салады да, қарапайым халық жүретін жерлерге мүлде баспай кетеді. Өз басым астанада жүрген 5 жылдан бері бірде-бір ірі шенеуніктің Шанхай, Шарын, Орталық базар сынды халық көп баратын орындарда жүргенін көрген емеспін. Мүмкін олар жоғары жалақы алған соң, ондай арзан базарға барғаннан арланатын да шығар, бірақ елдің жағдайын, базардың беталысын білу үшін аптасына болмаса да, айына бір барып аралап шықса, шені төмендеп, шекпені шешіліп қалмайды ғой.

Ірі лауазым иегерін демалыс күндері саябақтарда, аялдамада, асханада, ойын алаңында, тіпті қарапайым моншада да кезіктірмейсің. Журналистер сұрақ қойса, қант емес, бал жеймін, тосап жеймін деп қарапайым халықты қайран қалдырады, қысылмай аста-төк той жасайды, бала-шағасы малынып жүреді.

Қытайдың патшалық тарихында Каң Ши деген патша болған. Сол билеуші елдің жағдайын білу үшін ешкімге айтпай, қарапайым киініп үнемі ел аралап кетеді екен. «Қытай тілін үйренейік, Қытаймен тату болайық» дегенді ұдайы дәріптейтін басшылар алдымен өзі неге Қытай билеушілерінің осы қасиетіне елкітемейді екен деген ойға келесің.

Бір ауыз сөзбен айтқанда, біздің  біраз шенеунік көбіне сықиып киініп алып, қымбат сағат тағып, жаңалықтардан жылт-жылт етіп көрінгенді жаны сүйетін сияқты. Жақындау үшін ең болмаса анда-санда жерге түсіп тұрса екен…

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button