Білім

Шығармашылықты шыңдау

Бiлiм берудi дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы – сапалы бiлiмнiң биiк кеңiстiгi. Бұл орайда педагог мамандардың мәртебесiн, кәсiби бiлiктiлiгiн арттыру айрықша назарға алынып отыр.

Бiлiм беру жүйесiндегi реформалар, өзгерiстер әр педагогтың жаңаша ойлауына, тың идеяларымен бiлiм жүйесiн жетiлдiруiне бастаушы күш. Дәстүрлi бiлiм беруде бiлiктi маман даярлау кәсiби бiлiм беретiн оқу орындарының негiзгi мақсаты. Бұл оқу орындарына жүктелген мiндет мамандықты игерту ғана емес, халықаралық талаптарға сай кадр даярлау, бәсекеге қабiлеттi тұлғаны шыңдау болып отыр.
Бiлiм сапасын арттыру үшiн бастауыш сынып мұғалiмдерiне жүктелген мiндет көп. Мұғалiм оқушыға үнемi шығармашылық қабiлетiн дамыту жолдарын нұсқай отырып, оларды iзденiске баулиды. Баланы жастайынан шығармашылыққа бағыттау үшiн ұстаз, ең алдымен, сыныпта шығармашылық көңiл-күй тудыру қажет. Мұндайда жаттығулар, ойын, қызықты тапсырмалар жеткiншектердiң жас ерекшелiгiне, қызығу-шылығына үйлесуi керек.
Мұғалiмнiң мiндетi – бала өз шығармашылығын шыңдағанға дейiн оны назарынан тыс қалдырмау қажет. Психологтар қабiлеттiлiк туа бiткен қасиет емес, ол тiкелей әрекет арқылы дамиды деген болжам айтады. Бiрақ, мектеп табалдырығын аттаған бүлдiршiннен шығармашылық iс-әрекет талап етпес бұрын, алдымен үйрету қажет. Яғни, тапсырманы жеңiлден күрделiге түрлендiрiп берген дұрыс. Мысалы «Сиқырлы буындар», «Қай әрiп жоқ?», «Ұйқас сөздер», «Қай сөздi жоғалттым?» сынды ойындар, жұмбақ шешу, сурет бойынша әңгiме айтқызу, сұраққа жауап алу, әңгiме мазмұны бойынша сұрақ қойғызу сынды тапсырмалар орындаудан басталса.
Бастауыш сыныпта ана тiлi және қазақ тiлi сабағында ұтымды уақыт тауып, шығармашылық жұмыс түрлерiн жүргiзуге болады. Бастауыш сынып оқушыларының қиялы әдеттегiден тыс, ерекше. Естiген әңгiме, ертегiлер желiсiмен өзi де ертегi құрастыра алады. Мұғалiм әңгiме, ертегiнi бастап берiп, аяқтауды оқушыға тапсыруға да болады.
Сабақтан тыс уақытта оқушының iздемпаздығы оның түрлi кездесулерден, саяхаттардан, журналдардан алған әсерлерiн әңгiмелеуде, шығарма етiп жазғанда көрiнiс табады.
Оқушының шығармашылығына бағыт-бағдар берудi ең алғаш бiлiм мазмұнына енгiзген Мағжан Жұмабаев болатын. Ол балалардың ойларын дамыту туралы «ойлау жанның өте бiр қиын, терең iсi» деп атап көрсеткен.

Пернекүл ҚАХАРМАНОВА,
бастауыш сынып мұғалiмi

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button