#Жаңа Қазақстан

Шынайы баға берілді

Біз бейбітшілік сүйгіш халықпыз. Бізге елдің тыныштығы, отбасы­мыз­дың амандығы керек. Әрине, әркім өзінің ой-пікірі мен талап-тілегін Мемлекет басшысына, Үкіметке бейбіт жолмен ашық жеткізуіне толық мүмкіндігі бар. Бұл – елдегі демократиялық үрдістердің анық көрінісі. Алайда алаңға шығып алып аузына келгенді айту, жұртшылықты жаппай тәртіпсіздікке шақыру – жауапкершілікке тартылатын жағдай. Бұған ешуақытта жол беруге болмайды.

[smartslider3 slider=1881]

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың шұғыл, ­сауатты шешім қабылдауының арқасында шаңырағымыз­ды шайқалтқысы келген қара ниет­ті тобырдың ойлағандары болмады. Тойтарыс берілді. Үлкен қауіп пен қатердің жолы кесілді. Дегенмен олардың салған лаңынан қарапайым халық зардап шекті, бейкүнә жандардың өмірі қиылды. Кәсіпкерлікпен айналысып жүрген адамдардың маңдай термен тапқан еңбегі тоналды, бизнесі күйреді. Міне, осының барлығы төбемізден жай түскендей тосыннан болды. Мұндай жауыз­дық пен басбұзарлықты енді қайтып болдырмаудың нақты шешімі алынуы керек. Міне, осыны ­Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде жан-жақты айтты.

Сондай-ақ Президент елдегі болған жағдайға шынайы баға берді. Осы сойқанға жол берген жекелеген салалар қатаң сынға ұшырады. Ол одан әрі даму жолдарын айқындап, мұндай қайғы-қасіретке алып келетін келеңсіздіктер енді қайталанбауы үшін алдын алу шараларын белгіледі.

Сонымен қатар әлеуметтік, мәдени және рухани саладағы қордаланып қалған мәселелердің оң шешімін айқындап, ел халқының әл-ауқатын арттыру жолдары нақтыланды. Міне, бүгінгі таңда Қазақстан басшысының алға қойып отырған міндеттерінің бір парасы осындай.

Президенттің «Қазақстан халқына» қоғамдық-әлеуметтік қорын құру туралы бастамасы да қолдауға тұрарлық. Дәл осы ел басына қиыншылық туған кезеңде біз ел басшысының жанына бір кісідей топтасып, оған қолдау көрсетуіміз қажет.

Марат ИСАЖАНОВ,

Нұр-Сұлтан қаласы Есіл

ауданы Ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button