Басты ақпаратЖаңалықтар

Сыр өңірінің сыйы

Астанада Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын мерекелеу аясында «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» деген атаумен өңірлердің күндері өтетіні белгілі. Осы айтулы шараның шымылдығын Қызылорда облысы ашты. Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев бастаған әкімдік өкілдері мен Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың басшылығымен Сыр өңірінің өкілдері қалалық әкімдікте бас қосты.

5555

Алдымен сөз алған Астана қа­ла­сының әкімі Әсет Исекешев Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай өткізіліп жатқан шараның маңызына тоқталды. Ең бірінші мақсат – қол жеткізген табыстарды көрсете отырып, өңірлердің байланысын жақсарту екендігін баса айтып өтті.

– Астана мен Қызылорда облысы арасында ауыл шаруашылығы, мәдениет, туризм, сауда-экономикалық байланыстар бойынша тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатылған. Үнемі тәжірибе алмасып отырамыз. Астанада Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына байланысты қызу іс-шаралар жүргізілуде. Жыл соңына дейін елордада осынау мерекеге байланыс-ты 160-тан астам шара өткізіледі. Қызылорда облысы да барлық сый-сияпатымен келіп, айтулы мерекеге мәдениеті және өнерімен, арзан азық-түлік жәрмеңкесімен жан-жақты үлес қосқалы отыр. Таңертеңнен бері Сыр өңірінің табиғи өнімдерін тұтынып үлгерген астаналықтар жергілікті қарбыз-қауын және басқа көкөніс түрлерінің, Қызылорданың атақты ақ маржан күрішінің дәміне ризашылықтарын білдіріп жатыр. Сондықтан облыс әкімі Қырымбек Елеуұлына алғысымызды білдіргім келеді. Ел мерейін көтеретін шараға қош келдіңіздер! – деді жылы шыраймен Әсет Өрентайұлы.

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев өз кезегінде Астана әкімі мен әкімдіктің бар­лық өкілдеріне осынау жылы қа­былдаулары үшін ризашылығын білдірді.

– Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына байланысты Астанада өтетін өңірлердің күндерін ең алғашқы болып Қызылорда облысының бастағаны – бізге үлкен абырой. «Сыр елі – күллі Алаштың анасы» деп Елбасымыз кезінде айтқан болатын. Алты алаштың баласы, әр аймақтың қазағы өздерімен шекаралас империялармен ұрысқа түскенде, осы Сыр өңіріне келіп ес жинап, жерімізді қорғау бағытындағы шайқасын қайтадан жалғастырып отырған. Сондықтан аталарымыздан осындай сөз қалды. Бір сөзбен айтқанда тарихы да, мәдениеті де бай Қызылорда облысы Конгресс-холда «Сыр – Алаштың анасы» деген концерттік бағдарлама ұсынып, «Тәуелсіздіктің дара жолындағы Сыр өңірінің жетістіктері» атты сурет көрмесін өткізеді. Айтулы шаралар астаналықтардың көңілінен шығарына сенімдімін, – деді Қырымбек Елеуұлы.

Өңір басшысының айтуынша, Қызылорда облысы бұдан бірнеше жыл бұрын даму көрсеткіші бойынша төменгі орындарды иеленіп келген екен. Соңғы екі-үш жыл көлемінде алғашқы бестіктің қатарынан орын алған. Ал биыл өндеу саласындағы өндірістің даму көрсеткіші бойынша Қызылорда облысы өңірлер арасында бірінші орынға шыққан. Бұл көрсеткіш Елбасымыздың индустриалды саясатын жүзеге асыру нәтижесінде қол жеткізіліп отырса керек. Бұдан үш жыл бұрын облыста өндеу өндірісі саласындағы аймақтық жалпы ішкі өнімнің үлесі 4 пайыз ғана болса, биыл ол көрсеткіш 14,5 пайызға дейін өскен. Қырымбек Көшербаев бұл сандардың өңірде экономиканы әртараптандыру іс жүзінде орындалып жатқанын көрсететінін баса айтты. Сөзінің соңында ол келешекте Астана күндерін Қызылорда мен жұлдызды қала Байқоңырда өткізу жөнінде ұсыныс тастады. Сондай-ақ, Астанадан космос мұражайы ашылса деген тілегін де жеткізді. Қазіргі уақытта Байқоңырда осы бағытта жақсы мұражай жасақталған. Келер жылы «ЭКСПО –2017» көрмесіне қатысушылардың Қызылорда өңіріне сапарын ұйымдастыру да ойластырылып жатқанын айтып қалды. Қазір салынып жатқан күллі түркі әлеміне мәлім Қорқыт ата мемориалдық кешені шеттен келетін туристерді бейжай қалдырмайтынына да сенім білдірді.

Жиын соңында Қырымбек Елеуұлы Астана әкімдігіне Қорқыт атаның әдеби-музыкалық мұрасы іспетті Қобыз мүсін мен картинаны сыйға тартты.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button