Басты ақпаратҚала тіршілігі

Тапсырыспен алған тамақ қауіпсіз бе?

Жиі болмаса да елімізде астан уланатын жағдайлар орын алып тұрады. Бұл тұрғыда елордада көпшілік тұтынатын донер, самса, суши сияқты тағамдардың сақталу жағдайы мен мерзімі және тамақ пісіріп сататын дүңгіршектердің санитарлық тазалығы қаншалықты қадағаланады?

 

Донер мен самсаға сұраныс көп

Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мәліметінше, қоғамдық тамақ­тану нысандары эпидемиологиялық маңыздылығы жоғары және елеу­сіз болып екі топқа бөлінеді. Ал «Көше саудасына – 1000 орын» бағдарламасы бойынша орнатылған дүңгіршектер елеусіз нысандар қатарына жататындықтан, ондай орындарға тек шағым түскенде ғана жоспардан тыс тексеру жүргізіледі екен. Бұл тұрғыда жыл басынан бері санитарлық талаптарды бұзушылық бойынша 153 өтініш-шағым қаралып, соған орай елордадағы 67 қоғамдық тамақтану орны тексерістен өткен.
– Өтініш-шағымдарды қарас­тыру кезінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын субъектінің реквизиттерін алу мәселе туындатады. Өйт­кені олардың иелері немесе жалға алушылары жиі ауысады. Олар аумақтық органдарға қызметті бастау немесе аяқтау туралы хабарламаны уақтылы жолдамайды, – дейді Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті тағам нысандарын санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлі­мінің басшысы Айнұр Дәулет­баева. – Әдетте уақытша орнатылған дүңгіршектерде сұраныс көп болғандықтан, донер, самса сияқты аспаздық өнімдер дайындалады. Алайда ондай жерлерде көбіне тағам сақтаудағы санитарлық талаптар ескеріле бермейді. Сондықтан тұтынушыларға тез бұзылатын азық-түлік өнімдерін сату кезінде температуралық режімнің сақ­талуына, мамандардың жеке бас гигиенасының тазалығына, арнайы киімдер мен бір реттік қолғаптарды пайдалануына, сол сияқты медициналық тексерістен өткендігіне, нысанның жалпы санитарлық жағдайына назар аударуларын сұраймыз.

Суши дайындай білеміз бе?

Қоғамдық тамақтану орындарында түрлі ұлттың тағамдары да саудаланады. Соның бірі – қазіргі таңда үлкен сұранысқа ие болып отырған «суши» деп аталатын күріш пен теңіз өнімдерінен дайындалатын жапон халқының тағамы. Суши тұздалған, ысталған, пісірілген және шикі балықтан да дайындалады. Алайда бұл тағамға қосылатын өнімнің, соның ішінде шикі балықтың қауіпсіздігі мен сапасын растайтын құжаты, яғни балықтың ветеринарлық сертификаты немесе анықтамасы болуы қажет. Астанада көбінесе теңіз немесе мұхит шикі балықтары қолданылатын көрінеді. Оның ауланған суынан бастап сауда орындарына дейінгі жеткізілу жағдайы ветеринарлық қызметпен бақыланатынын айтады мамандар.
– Дайындау технологиясы бойынша көбіне мұздатылған балықты дұрыс ерітпеу, яғни қайта ерітіп, қайта мұздату кезінде өнімнің екінші рет лас­тануы, қолданылатын шикізаттардың дұрыс өңделмеуі сияқты сани­тарлы-эпидемиологиялық тұрғыдан қауіп туғызуы мүмкін. Мәселен, суши тағамына тұрғындардың сұранысы өскен сайын арнайы мейрамханалардан басқа instagram, facebook әлеуметтік желілері арқылы үйге жеткізу қызметі мен суши-­барлар да дамып келеді. Бірақ
тапсырыспен дайындалған сушидің адам ағзасына қауіпті болуы ғажап емес. Өйткені оның қандай жағдайда, кімнің дайындағаны туралы мәліметтер болмайды. Соңғы уақытта Астанадағы дезинтериямен ауыратындардың кейбірі интернет ресурстары арқылы тапсырыспен алынған суши, фаст фуд (пицца, донер) тағамдары мен үй жағдайында дайындалған торттардан болғанын ескертеміз, – дейді бөлім басшысы.

Балық саудасы бақылауда

Ал қаланың сауда орындарындағы өнімдерге, соның ішінде балық өнімдеріне департамент тарапынан зертханалық тексе­рістер жиі жүргізіліп отырады екен. Жыл басынан бері бірқатар отандық және 11 шет ел өнімінен санитарлық-гигиеналық зерттеуге 60 сынама алыныпты. Соның 12-сі таңбалау бойынша сәйкес келмепті. Яғни жарамдылық мерзімі, өндіруші жайлы мәліметтер көрсетілмеген. Сонымен қатар микробиологиялық жағынан 49, ал паразитологиялық жағынан 66, жалпы 115 сынама зерттеліп, оның екі сынамасы паразитологиялық көрсеткіш бойынша сай болмай шыққан. Бастысы ағымдағы жылы балықтан улану дерегі тіркелмепті.
Жалпы, Астанада 4 балық өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді екен. Олардың үшеуі санитарлық-эпидемиологиялық аудиттен өткендіктен, ерекше тәртіппен тексеруден босатылыпты.
Шикі ет, балық, сүт өнімде­рінің сатылымға дейінгі сапасы мен қауіпсіздігі ветеринарлық мекемелердің қатаң бақылауында көрінеді. Дегенмен тұтынушылар да балық өнімдерін сатып аларда оның қауіпсіздігі мен сараптамадан өткендігін растайтын құжаттардың болуын талап етуі тиіс. Соны­мен қатар өндірілген уақыты мен сақтау мерзіміне және температуралық жағдайдың сақталуына жіті назар аудару керек. Сондай-ақ барлық тағам өнімдерін заңсыз сауда орындарынан, көшеден, кез келген жеке тұлғалардың қолынан, әсіресе пойыз­да сатып алуға болмайды. Өйт­кені өнімді дайындау кезінде үй жағдайын­дағы санитарлық талап пен жеке бас гигиенасының қаншалықты сақталғаны белгісіз. Сондық­тан Қоғамдық денсау­лық сақтау департаментінің мамандары тұрғындарды сырт­тан тамақтанғанда, тағам сатып алғанда барынша сақ болуға шақырады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Бір пікір

  1. Өте орынды тақырып. Тапсырыспен алынған тағам өте қауіпті. Қазір инстаграм арқылы саудасын дөңгелеткен интернет дүкендер қаптап кеткен. Суретін жарқыратып, бағасын арзандатып, тегін жеткіземіз деп халықты қызықтырады. Бірақ ол бақылаусыз. Сондықтан кауіпті. Неғұрлым үйден тамақтанған жөн.

Пікір үстеу

Back to top button