Мәдениет

Татулықтың түпқазығындай

Қазақ  елiнiң қарашаңырағының бiр-бiр уығы болып қадалып, керегесi болып керiлiп, әр қазақтың бауырындай болып кеткен  түрлi этнос өкiлдерiнiң мәдени-рухани өмiрi қыза түстi.
Бiрлiк мерекесiнiң қарсаңында Бейбiтшiлiк және келiсiм сарайында Қазақстан Республикасы Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Қазақстан жолы: тұрақтылық, бiрлiк, жаңғыру» атты күн тәртiбiмен Қазақстан халқы Ассамблеясының XIХ сессиясы өтедi.
Оның жұмысына барлық өңiрлерден Ассамблея мүшелерi, республикалық және аймақтық этномәдени бiрлестiктердiң басшылары, Парламент депутаттары, сондай-ақ, орталық атқарушы органдар, саяси партиялар, дiни бiрлестiктер, ҮЕҰ, шет елдер дипломатиялық миссиялары басшылары және ғылыми-шығармашылық интеллегенция мен БАҚ өкiлдерi қатысады деп күтiлуде.
1995 жылы 1 наурызда Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттiк ұлттық саясат жүйесiнде орталық орынды алып отыр. 820-дан аса этномәдени бiрлестiктердiң басын бiр арнаға бiрiктiре отырып, ол қоғамдық келiсiмнiң түпқазығына айналды. Әлемнiң ешбiр елiнде баламасы жоқ азаматтық қоғамның бiрегей институты бүгiнде шын мәнiнде халық дипломатиясының органы болып табылады. Өзiнiң 17 жылғы жұмысының нәтижесiнде Ассамблея орталық және жергiлiктi атқарушы билiк органдарының этносаралық даму мәселелерi бойынша жұмыстарын үйлестiрушi ретiнде танылды.
Бүгiнде Қазақстан халқы Ассамблеясы – әрбiр азаматтың этностық ерекшелiгiн дамытуға мүмкiндiк жасалған, этностық немесе дiни белгiсiне қарамастан Конституциямен кепiлдiк берiлген, азаматтық құқықтары мен бостандықтары толығымен сақталған этносаралық және конфессияаралық келiсiмнiң бiрегей үлгiсiнiң негiзiгi өзегi. Бүгiнде 88 жалпы бiлiм беретiн ұлттық мектептерде оқу этнос тiлдерiнде жүргiзiлуде. 195 этно-ағарту кешендерi мен лингвистикалық мектептер ашылып, жұмыс жасауда. 108 мектепте 22 этностың тiлдерi жеке пән ретiнде оқытылуда.14 орыс және ұйғыр, кәрiс, немiс, өзбек ұлттық театрлары жұмыс iстеуде. 11 тiлде жарық көретiн 35 этностық БАҚ жұмыс жүргiзуде.
Этносаралық қатынастарды талдау және болжау мақсатында ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесi және ҚР Президентi жанындағы Мемлекеттiк басқару академиясы жанынан Этносаралық қатынастарды зерттеу орталығы құрылып, жұмыс iстеуде.
Ассамблеяның басты ерекшелiктерiнiң бiрi этностық топ өкiлдерi мүдделерiн жоғары заң шығару органында – ел Парламентiнде бiлдiру болып табылады. Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлаған Парламент Мәжiлiсiнiң 9 депутаты елдегi барлық этностардың мүддесiн бiлдiредi.

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button