Басты ақпарат

Тәуелсіздік – ең басты құндылық

Қазақстан территориясында кемінде кейінгі екі мыңжылдықтан астам уақыт бойы жергілікті прототүрк, түрік және қыпшақ-қазақ негіздеріндегі мемлекеттілік өмір сүрді. Әртүрлі тарихи кезеңдерде өмір сүрген тәуелсіз мемлекеттік құрылымдар әркелкі аталды: сақтардың арғы мемлекеттік құрылымдарынан бастап қазіргі тәуелсіз Қазақстанға дейін. Жергілікті компонент өзіне тән тілі, антропологиялық ерекшелігімен, ерекше зияткерлік әлеуетімен, бірегей толеранттылығымен, діни көзқарастарымен, баға жетпес әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімен, шаруашылық-мәдени типтерімен, негізінен, тұрақты, өзгеріссіз және автохтонды болып қала берді.Бұл турасында Елбасы: «Бүгінгі қазақ халқы – сонау есте жоқ ескі замандарда-ақ тұлпарлардың тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақтардың, ежелгі ғұндардың, байырғы түркілердің ұрпағы, үлкен үйдің қара шаңырағын атажұртта сақтап қалған халық» деген болатын.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «30 жылға жуық уақыт бұрын халқымыз өзінің тәуелсіздігін жария­лап, бабаларымыз ғасыр­лар бойы аңсаған арманын орындады. Баянды бірлігіміздің арқасында тәуелсіздігімізді нығайтып, халқымыздың жағдайын жақсартуға жол аштық» деп атап өтті халыққа Жолдауында.
Көршілес мемлекеттермен шекарамыз да әркелкі: таулар мен өзендердің бо­йымен, көлдер мен ормандар арқылы белгіленген еді, ал бүгінде – бүкіл әлем бо­йынша сәйкестірілген – шекара бағандары арқылы межеленген. Қазіргі таңда бүкіл Батыс Еуропаны немесе бес Францияны қамтитындай орасан зор территорияны уысында ұстап, қорғап қалуға тек сайдың тасындай, азаттыққа ұмтылған ұлы рухты, Отанға деген шексіз махаббатқа, тамаша да мінсіз жауынгерлік қасиеттерге: батылдық пен батырлық, қайсарлық пен қаһармандық, ар мен намыс, ерік-жігер мен күшке ие тұрғындары бар қуатты мемлекеттер ғана қауқарлы болды.
Ұлы даланың қасиетті топырағында дүниеге келген әрбір адам дала заңына мойынсұнып қана қоймаған, сонымен бірге ол жаны еркіндікті аңсаған, мемлекеттің сенімді де адал тірегі болуы тиіс еді. Басқаша жағдайда, біз соңғы үш мыңжылдықта алма-кезек орын алған әскери-саяси оқиғалардың аласапыран геосаяси құйынының иіріміне сіңіп жоқ болар едік. Біз мыңдаған жылдарды артқа тастап, тағдыр соқпағынан сүрінбей өтіп, мемлекеттігіміздің, тіліміздің, мәдение­тіміздің, жазуымыздың, ұлттық өзегіміздің сабақтас­тығын сақтай отырып, аман қалдық, жеңдік. Келешекте де біз оны ғасырлар мен мыңжылдықтар бойы көздің қарашығындай сақтап, сонау түркі заманында қазіргі Моңғолияның аумағында орналасқан Үтікен елді мекеніндегі тас ескерткіштерде біздің арғы бабаларымыз тасқа қашап жазып кеткен ұлы мұратқа жетелейтін «Мәңгілік ел» идеясын болашақтың бағ­даршамы ретінде ұстанатын боламыз.
Қаншама замандар бойы Қазақстан аумағында біртіндеп, тарихи заңдылықпен 20-дан астам мемлекет бірін-бірі алмастырған. Осы бір мемлекеттердің алма-кезек алмасқан тізбегінде 1465 жылы Керей мен Жәнібек хандар негізін қалаған Қазақ хандығы айрықша орын алады. XVIII ғасырдың 30-ыншы жылдарынан бастап Қазақ хандығы тәуелсіздігінен айырыла бастады, ал ХІХ ғасырдың 20-сыншы жылдарының басында Орта жүз бен Кіші жүзде мемлекеттіліктің негізі – хандық билік мүлдем жойылды. 1845 жылы Жәңгір хан дүние салғаннан соң Еділ мен Жайық өзендерінің аралығында орналасқан Бөкей ордасында да хандық билік жойылады.
Бұл жергілікті халықтың наразылығын тудырып, Қазақстан халқының ұлт-­азаттық күресіне ұласады. Біз ауыр сындарға төтеп беріп, тағдыр тезінен аман қалдық, ұлттық өрлеу мен азаттық жолына түсіп, болашаққа бет алдық. Хал­қымыздың бір­туар ұл­дары – көрнекті мемлекет қайраткерлері Абылай хан, Төле би, Қазыбек би,
Айтеке би, Кенесары хан, қазақ батырлары ­Бөгенбай, ­Қабанбай, Сырым, Махамбет, Исатай, ­Жоламан, ­Жанқожа, Есет, ұлы ағартушылар Абай Кұнанбайұлы, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, ХХ ғасырдың Ә.Бөкейханұлы,
А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Г.Потанин, А.Латута және т. б. бастаған даланың ұлы реформаторлары халқына жол сілтеді. Олар азат әрі тәуелсіз ел болу үшін қолдарынан келгеннің бәрін де жасады. Осы орайда Елбасы: «Біз бүгінгі бейбіт тірлігіміз үшін, Қазақстан деп аталатын республиканың жер бетінде барлығы үшін, тарихтың әр тұсында осы елді, осы жерді қорғаған қайсар жандардың алдында қашан да қарыздармыз» деп ағынан жарылады.
Азаттық пен тәуелсіздік үшін көптеген халықтардың өкілдері күресті: қазақтар мен орыстар, өзбектер мен украиндер, поляктар мен қырғыздар, белорустар мен қарақалпақтар, немістер мен башқұрттар және т. б.
ХХ ғасырдың басында шаруалардың жаппай қоныс аударуы белең алды, бұл үдеріс 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін де толас таппады. Байырғы қазақ жерлері, әсіресе ең шұрайлы жерлер, қоныс аударушы шаруалардың пайдасына зорлықпен тартып алынды. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс басып-жаншылған соң он мыңдаған адам қаза болып, жүз мыңдаған адам елімізден аулаққа көшуге мәжбүр болды.
1917 жылдан бастап 1991 жылдарға дейінгі аралықта Қазақстан шынайы егемен­дігі де, тәуелсіздігі де болмаған одақтас респуб­лика­лардың бірі ретінде КСРО-ның құрамында болды.
Бұл бір қиын-қыстау, қарама-қайшылықты жылдар еді. Елбасы бұл жайында: «Қазақ халқы жиырмасыншы ғасырдың бүкіл өн бойында өзге халықтар түсінде көрсе шошып оянардай қасіретті оқиғаларды бастан кешірді. Мен өз халқымның көнбеске көніп, шыдамасқа шыдай алатын қайратына қайран қаламын» деп тебіренеді.
1928 жылы 700-ге жуық аса ірі қазақ байлары бар мүлкі тәркіленіп, күштеп жер аударылады. Байлар даланың бай-қуаттылығының символы ғана емес, сонымен бірге тіліміздің, мәдениетіміздің, салт-дәс­түрі­міздің мәйегін бой­ла­рына сіңіре білген, ха­лық­тың бетке шығар қай­мағы еді.
ХХ ғасырдың 30-ыншы жылдарының басында қазақ халқы өз тарихында тағы да бір зұлматты – рес­публика халқының жартысынан астамының өмірін жалмаған жаппай ашаршылықты басынан кешірді. Күнәсіз өлім құшқандардың ішінде республикамыздың өзге ұлттарының да 200 мыңдай өкілдері болды.
Сталиндік тоталитарлық режим орнаған жылдары Қазақстанның ұлан-байтақ даласына жүздеген мың сая­си тұтқындалғандар келіп маңдай тіреді. 1937-1938 жылдары республикамыз­дың 120 мыңнан астам ең бір бетке ұстар зиялы азаматтары құрбан болды, өкінішке қарай, ел бұл қасіреттен әлі күнге есін жия алмай келеді.
Өткен ғасырдың 30-50-­жыл­дары біздің өлкемізге Қиыр Шығыстан, Кавказ жағалауынан, Солтүстік Кавказдан, Қырымнан, Еділ бойынан, Батыс Украинадан, Балтық бо­йынан және т. б. тұтастай бір халықтардың бұрын-соңды болмаған, жаппай қоныс
аударуы басталды. Олар қазақ даласына келіп, тек жалаң өлімнен ғана құтылған жоқ, сонымен бірге жергілікті халықтың ілтипатты ықыласына бөленіп, жылы қоныс тапты. Қазақтар ежелгі дала дәстүрі бойынша өздерінің жеп отырған соңғы бір тілім нанымен, баспанасымен бөлісті. Сондықтан да 2015 жылы Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында Мемлекет басшысы жалпы жұртты бір-біріне, әсіресе қазақ халқына алғыс айту, ризашылық білдіру күнін атап өтуге шақырған болатын.
1941-1945 жылдары Қазақстан майданға 1,5 миллионға жуық ұл-қыздарын аттандырды, солардың тең жартысы дерлік Ұлы Отан соғысының шайқас алаңынан оралмады. Өткен жылдардағы зобалаңға қарамастан біздің жерлес­теріміз майданда ғажайып ерліктің үлгісін көрсетті.
Тың және тыңайған жер­лерді игеру, жаппай құрылыс салу мен соғыстан кейінгі индустриаландыру кезеңінде жүздеген мың жастар Қазақстаннан қоныс тапты, қызу еңбекте де ерлік көрсетіп, татулықтың ізгі дәстүрін жалғастырды.
1949 жылдан бастап қазақтың жерінде, Ұлы Абайдың туған өлкесінде қанқұйлы Семей ядролық полигонында жаппай сы­нақтар басталды. Оның қасіретінің зардабын Абайдың жүз мыңдаған ұрпақтары әлі күнге дейін шегіп отыр, әлі де талай ұрпақтың тағдыры алаңдаушылық туғызады.
Осындай қиын-қыстау кезеңде де халықтың күресі жалғаса берді. Осы жылдар ішінде тоталитарлық кеңестік режимге қарсы 300-ден астам бас көтерулер болды. ХХ ғасырдың 60-ыншы жылдарының
басында «Жас тұлпар» деп аталатын студенттік қозғалыс қанат жайды. 1979 жылдың маусымында сол кездегі Целиноградтың тұрғындары, түрлі ұлт өкілдері орталықтың осы аумақта неміс автономиясын құру туралы пиғылына қарсы жаппай демонстрацияға шықты.
1986 жылдың желтоқсанында Алматының студент жастары қазақ тіліне, ұлттық мектептерге, мәдениет пен кадр мәселелеріне тиісті статусты талап етіп, ашықтан-ашық әміршілдік-әкімшілік жүйеге қарсы шықты. Бұл бас көтеру ұлт­шылдық сипатта емес еді және мемлекеттік құ­рылыс­ты құлатуға, рес­публикамыздың басқа халықтарына қарсы ашық қарсылыққа үндеген жоқ болатын. Жастар қозғалысы республикамыздың басқа да қалаларында – Қарағанды, Жезқазған, Көкшетау, Талдықорған, Целиноград және т. б. өріс алды. Жаппай репрессия басталды және бұл оқиғаларға «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» ретінде сипаттама берілді. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың пікірінше, 1986 жылдың желтоқ­санындағы оқиғалар біздің жастарымыздың сана-сезімінің қаншалықты өскендігі мен утопиялық социалистік идеялардың қаншалықты түрде құрдымға кетіп бара жатқандығын көрсете отырып, тәуелсіздікке қол жеткізудің бастауы болды: «1986 жылдың желтоқсанында Алматы ұлт мәселесін шешудегі социа­листік доктринаның күйрегендігін айқын көрсетті». Бұл бас көтерулер тек КСРО-ның ыдырауының ғана емес, сонымен бірге бүкіл социалистік лагерьдің күлі көкке ұшқандығының жаршысы болды.
ХХ ғасырдың 80-90-жылдары аралығында респуб­ликамыз біздің арғы бабаларымыз ғасырлар бойы армандап өткен тәуелсіздікке қол жеткізудің даңғыл жолына түсті. 1990 жылдың сәуірінде Қазақ ССР Жоғары Кеңесі Н.Ә.Назарбаевты республикамыздың Президенті етіп сайлады, бұл бізді ғасырлар бойы аңсаған азаттық пен егемендікке бір табан жақындата түскен маңызды қадамдардың бірі болды. Осы институтты енгізу мемлекеттік билікті компартия мен орталық биліктен неғұрлым тәуелсіз етуге, жаңа мемлекеттің негізін қалауға мүмкіндік берді.
1990 жылдың қазанында біздің республикамыз мемлекеттік егемендік туралы декларацияны жариялады, онда республикалық заңнаманың одақтық заңнамадан басымдығы баса көрсетілді. Бұл құжат Қазақстан аумағының бөлінбейтіндігін және оған қол сұғылмайтындығын бекітті. Республика халықаралық құқықтың шынайы субъектісіне айналып, дербес сыртқы саясат жүргізу құқығын алды. Кейіннен Қауіпсіздік кеңесі қалыптастырылды. Алмаз қоры құрылды. Республи­каның дербес Қарулы күш­терін құру бойынша ша­ралар қабылданды. Рес­публикамыз өз еркімен әлемдегі төртінші ядролық әлеует қорынан бас тартып, Семей ядролық полигонын жапты.
1991 жылдың 7 қыркү­йегінде республикалық компартия, келесі айда –Қазақстан Жастар одағы (ЛКЖО) таратылды да, сөйтіп қоғамдық сананы идеологиясыздандыру, отарсыз­дандыру, тоталитаризмнен кері шегіну үдерісі басталды.
1991 жылдың 1 желтоқсанында өткен бүкілхалықтық сайлауда ­Н.Ә.Назарбаев сайлаушылардың абсолютті басым даусына ие болып, Қазақстанның Президенті болып сайланды.
1991 жылдың 10 желтоқсанында Президенттің тарихи инаугурациясы өткізіліп, ол халық алдында ант берді. Сол күннің маңызды оқиғасы: Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің сессиясында Қазақ ССР-і Қазақстан Республикасы деп қайта аталды.
1991 жылдың 16 желтоқ­санында Қазақстан Респуб­ликасының мемлекеттік тәуелсіздік туралы Конс­титуциялық заңы қабылданды, ол заң бойынша республика тәуелсіз, демо­кратиялық, унитарлық жә­не құқықтық мемлекет бо­лып жарияланды.
Осылайша, 1991 жылдың 16 желтоқсанында қазақ халқының және көпұлтты республикамыздың басқа халықтары өкілдерінің сан ғасырлық арманы орындалды – тәуелсіз ел – Қазақстан Республикасы қайта өрледі.
Тәуелсіздік – бұл біздің халқымыздың ең басты құндылығы және ең маңыз­ды байлығы. Біз осы бір маңызды да тағдыршешті оқиғаны мақтан тұтамыз. Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтау – Отанымыздың әрбір азаматының аса маңызды міндеті әрі қасиетті борышы.
Біздің әрқайсымыз, Президентіміз Н.Ә.Назарбаев: «Ата-бабаларымыз аңсаған азаттық пен тәуелсіздікті алдық. Ендігі мәселе – соны ертеңге жеткізу, келесі ұрпаққа, болашаққа Қазақ­станның осы тәуелсіздігін аманаттау» деп үндегендей, тәуелсіздігімізді одан әрі нығайту үшін барымыз­ды салуымыз қажет.
Тәуелсіздік арқасында біздің Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ғалымдарының ғылыми шығармашылық табыстары да ауыз толтырып айтарлық дәрежеде. Соның, соңғы 2019 жылғы институттың бір жыл ішіндегі жетістіктеріне тоқталар болсақ: ҚР БҒМ Ғылым комитетінің қолдауымен ғылыми іргелі жобалардың, бағдарламалық нысандық қаржыландырылатын жобалардың және мемлекеттік тапсырмалар негізінде жүзеге асырылған жобалардың артуы нәтижесінде институттың қаржылық әлеуеті 19 есе өсті. Алты гранттық, үш бағдарламалық нысандық қаржыландырылатын жобалар, үш мемлекеттік тапсырма жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде ғалымдардың жалақысын көтеріп, уақтылы берілуіне жағдай жасалды. Бұл өз кезегінде еңбек өнімділігіне әсер етіп, ғылыми еңбектердің шығарылымын екі есеге ұлғайтты. Халықаралық 8 тілде шығатын ғылыми журнал «Отан тарихы» сілтемелік көрсеткіші жо­ғары әлемдік Scopus базасына енуге дайындалуда, тарих саласында баламасы жоқ, ҚР БҒМ ҒК білім және ғылым саласын бақылау комитетінде тіркелген «e-history.kz» (edu.e-history.kz) электрондық ғылыми журналы да институт қыз­меткерлерінің күшімен шығарылуда. Бұрын дағдарысқа ұшырап тоқтап қалған кәсіподақ ұйымы мен ардагерлер кеңесі, Үйлестіру кеңесі қайта ашылды. Ғалымдардың ғылыми жұмыстарының нәтижелері болып табылатын монографиялық еңбектерін шығаруға бюджетте қаржы қарастырылмағандықтан, оларды кәсіпкерлердің демеушілігімен шығару үшін арнайы «Қамқоршылар кеңесі» құрылды. Нәтижесінде бірнеше кітаптар үлкен тиражбен шығарылып, республиканың кітапханаларына таратылды. Әлеуметтік жағдайға тоқталатын болсақ, мемлекет қамқорлығы арқасында инс­титуттың 6 жас ғалымдарына (35 жасқа дейінгі) КИК арқылы па­йызсыз несиеге пәтерлер берілді және әлеуметтік жағдайы төмен 8 қызметкерге кәсіподақ пен инс­титут тарапынан көмек ретінде бір айлық жол жүру ақысы төленіп отыр.
«Жастар жылының» жа­риялануы алдында ғылымға деген жастардың ынтасын арттыру үшін институтта Е.Бекмаханов
атындағы «Үздік тарихшы» бай­қауы өткізіліп, демеуші­лер­дің көмегімен жүлде қоры 600000 теңгеге көтеріліп, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жастардың ғылыми жұмыс­тары іріктеліп, қаржылай марапаттады.
Тәуелсіздік алған жылдардан бергі уақыт – тарихи бір белес. Осы азғантай мерзім ішінде Қазақстан кезінде Батыс Еуропа елдері ғасырлап өткен жолды артта қалдырды. Мемлекеттің демократиялы, зайырлы, құқықты ел ретінде дамуы үшін бәрі жан-жақты қарас­тырылған. Оны біз бүгінгі жүргізіліп жатқан саясаттан байқаймыз. Қазақстан басшылығы елді басқару ісінің әлемдік тәжірибесін кеңінен меңгеріп, өзіміздің ғасырлар бойы қалыптасқан халқымыздың ел билеу дәстүрлерімен де ұштастыра алды. Ата Заңға енген жаңа өзгерістерге сай, Қазақстан президенттік басқарудағы елден президенттік – парламенттік басқарудағы елге айналған. Саяси жүйе жаңаруда. Заң шығарушы орган – Парламент пен саяси партиялардың белсенділіктері артып, ел үшін аса маңызды көп мәселені халық өкілдері шешетін болды.

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,
тарих ғылымының
докторы, профессор

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button