Жаңалықтар

Тұрғын үй алу жеңілдейді

Елорда әкімдігі мен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ қолжетімді тұрғын үйдің құны мен көлемі, сату мерзімін қамтитын жол картасына қол қойды.Құжатта қыз­меткерлерге банк бағдарламалары бойынша консультация­лық қызметтер көрсету, сондай-ақ тұрғын үй құрылысы жинақтары туралы шарттар жасасу жөніндегі нормалар жазылған, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Нұр-Сұлтан қаласының бюджеттік сала қызметкерлеріне ҚТҚЖБ-дағы өз депозиттерін автоматты түрде толықтырып, тұрғын үй сатып алу үшін бастапқы қаржыны тез жинақтау мүмкіндігі пайда болды. Елорда әкімі Мемлекет басшысының келесі жылдан бастап қолжетімді тұрғын үй көлемін 3 есеге арттыруды тапсырғанын атап өтіп, осы ретте тиісті шаралар іске асырылатынын айтты. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен, дәрігерлер мен мұғалімдер, әлеуметтік қызметкерлер және басқа мекеме қызметкерлерімен бірлесе отырып үлкен жұмыс атқарамыз» деп атап өтті Алтай Көлгінов. Өз кезегінде «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова жинақтау­шы азаматтың шотты жалақы есебінен аудару мүмкіндігіне тоқталды. «ТҚЖБ-дағы шотта үнемі қаражат жинақтау маңызды. Үдерісті жеделдету үшін қала әкімдігімен бірлесіп қаражат жинақтауды енгіземіз. Ол үшін ұйым­ның бухгалтериясына барып, ТҚЖБ-дағы жинақ шотына қажетті соманы ай сайын аудару туралы өтініш жазу қажет» деп атап өтті.
Сондай-ақ аталмыш процесс бухгалтерлер үшін де тиімді. Олар ресми түрде тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің серіктес-кеңесшілері болып танылып, өз жұмысы үшін ақы алады. Мысалы, компания бухгалтері ұзақ мерзімді 10 тапсырма жасаса, оның негізгі жалақысына қоса 5000 теңге түседі. Қазіргі кезде Нұр-Сұлтанда тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 208 мыңнан аса салымшысы бар. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі Банк клиенттеріне 3,5%-дан 5%-ға дейінгі ставка бойынша тұрғын үй сатып алуға несие алуға мүмкіндік береді. 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласының 9,5 мыңнан аса тұрғыны өз тұрғын үйін сатып алуға несие алды, ал 51 мың тұрғын депозит ашты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button