Қала тіршілігі

Теректің түбіне тендер жетті ме?

Жуырда біздің көшенің бойына, яғни, Қосшығұлұлы, 20 мекенжайына қаз-қатар ағаштар егілді. Арасында шырша мен теректер де бар. Өкінішке қарай, жайқалып тұрған ағаштар көп ұзамай сарғайып, шаруаның еңбегі далаға кетті. Мұның себебін сол маңайда жүрген жұмысшылардың өзінен сұрадым.

Шөлді жерге бақ орнатқан жалғыз біздің ел емес екенін талай жаздық. Қаламызда ағаш өсірудің әлемдік тәжірибесі мен түрлі тәсілдері де жеткілікті екенін білеміз. Қарағай, шырша секілді ағаштардың қамын ойлап, қала бюджетінен қыруар қаражат бөлінетінін де естиміз. Десек те, қаз-қатар отырғызылған ағаштар неге көктемей қалды? Арасында бүршіктеуге бейім тұрған екі-үш шыбықтың одан әрі жайқалып кетуі мүмкін бе?
Топырақтың түбін қопсытып жүрген жасы үлкендеу кісінің жанына келіп әңгімелескім келді. Бастапқыда қойған сауалдарыма үн қатпады. Жай ғана осы үйдің тұрғыны екенімді естігеннен кейін «Бәріне тендер кінәлі ғой» деп қолын бір сілтеді. Жүзі жабырқаулы. Айтуынша, осы жолы ағаштар мерзімінен кешіктіріліп отырғызылған сыңайлы.
«Жоспар бойынша ағаш егілетін мерзімде мекемеге аударылуы тиіс қаражат қолға тимеді. Тендер деген бәле көп уақытты алады екен. Нақты іске кіріскенше уақыт жағынан ұтыламыз. Міне, нәтижесін өзіңіз көріп отырсыз. Жоғарыда отырған басшылар мұны түсіне бермейтін шығар. Бірақ, шаруаның еңбегі далаға кетпес үшін бәрін өз уақытында жасаған дұрыс. Кешіктіріліп отырғызылған теректің де көктеуі қиын. Күннің қызуы да кері әсерін береді. Бірақ еккеніміз қурап, еңбегіміз еш кетсе, біздің басшылар жердің құнарсыздығынан көретіні тағы бар» дейді ол.
Бұл туралы алдағы уақытта Көгалдандыру мекемесіне хабарласып, мәселенің мәнісін сұрау керек. Өйткені Астанада өсірілген әрбір ағаштың есебі де, сұрауы да болуы керек емес пе?

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button