Мәдениет

ТЕРЕҢ ОЙЛЫ ТУЫНДЫ

IMG_8497

Орнынан ұшып түрегеліп:

– «Әй, түбі бір режиссер келеді» деп ойлап ем… «Атау кереге» келдің ғой?!

– Иә, «Атау кереге!»

– Онда, давай, бірден әңгімеге көшейік.

– Әбден миыма сіңіріп алайын деп, бірнеше жыл салып өзіңізге әдейі келіп отырмын. Повесть бойынша спектакль қойғым келіп жүр.

– Жоқ, кино түсірейік.

– Кино жасайтын ой жоқ еді.

– Сценарийін жазамын, сен түсіресің.

– Кинорежиссер емеспін ғой, Ореке. Әуелі инсценировкасын жасап, театр сахнасында қояйық. Одан кейін киноға айналдырармыз.

– Жақсы, мен Үндістанға жол жүремін. Бір жеті сонда боламын. Келе салып, инсцинировкаға кірісемін, – деп көнді.

Шығарманың сахналанатынына қуанды. Алайда, сол кеткеннен Оралхан Бөкей оралмай, мәңгілік сапарға аттанды…

Бұл 1993 жылы қазақ көркемсөзінің кербұғысы Оралхан Бөкей мен қазіргі Жастар театрының көркемдік жетекшісі Нұрқанат Жақыпбайдың арасында болған диалог еді. Автор рұқсатын алған режиссер ойында жүрген дүниені сахнаға шығарды. «Повестің инсценировкасын негізгі мамандығы дәрігер болса да, өнерді жанындай сүйетін тіл жанашыры Мұхамбедия Ахмет-Төре ағамыз жазды. Сәтті қойылым болды. Көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, талай театрдың репертуарын байытты» дейді Нұрқанат Жақыпбай.

Спектакль жайын қозғағанымыз бекерден-бекер емес. Жақында ғана М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры Махачкалада өткен Солтүстік Кавказ елдері және Қара теңіз бен Каспий теңізі аймақтарындағы мемлекеттердің ІV халықаралық драма театрлар фестивалінде осы «Атау кере» повесінің желісі бойынша «Последнее причастие» спектаклін қойып, фестивальге жиналған белді театр сыншыларының оң бағасына ие болды. «Әй, бәлесіңдер ғой! Қойылымдарыңды көріп, көзіме жас келді» деп дағыстандық өнерпаздардың бірі театр ұжымына ризашылығын білдіріп жатты. Ой бағамына салып байқасаңыз, қазақ шығармасын жеткізе білген орыс театры үшін бұл – үлкен жетістік.

«Адамдарға адамгершілік құндылықтарын еске түсіретін дидактикалық шығармалар болады. Оны әртүрлі етіп қозғауға болады. Спектакльдеріңіз қатардағы қарапайым адамның өміріндегі басты нәрселерді тікелей жеткізеді. Сондықтан, өте жұтаң көрінуі мүмкін деп ойларсыз. Мысалы, біреу бізді жинап алып, «ішімдік ішкен дұрыс емес» деп үгіт-насихат айта бастаса, «сен айтпасаң, біз бір білмейтіндей…» деп менсінбейміз. Бірақ, сіздің қойылым бірсарынды емес, оның түбінде нақыл-өсиетке толы ғажайып тереңдік бар. Әрі кейіпкерлеріңіз өзіме бейтаныс  менталитетпен танысуға зор мүмкіндік берді. Адамзат аталатын керемет бақта ең қызығы да сол – түстердің алуандығы. Сондықтан да, басқа ұлттардың тынысымен тыныстап, гүлдің өзгеше жаңа иісін сеземін» дейді «Вiдлуння» халықаралық театр фестивальдерінің көркемдік жетекшісі Нина Мазур. Ал, ТМД мемлекеттері кинематографистер одақтары конфедерациясының төрағасы Константин Щербаков: «Бағдарламаға қарасам, негізінен, орыс ұлтының актерлері екен. Бұл сирек кездеседі. Көпшілік орыс театрларында жергілікті ұлт өнерпаздары басымырақ болады ғой. Ал, шығарма – қазақтікі. Екі түрлі мәдениет жарасымды, шынайы сабақтасады. Түсінемісіз, еш жасандылық жоқ. Ұжым әртістері туындыны жүрекпен сезініп, ойнаған» дейді. Ал шығарманы сахналаған режиссер Нұрқанат Жақыпбай болса: «Кейде, қазағымыздың шығармасын орыстар ойнаса, «қой, құрысын, көру мүмкін емес» деп қашатын кездерім болады. Мысалы, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қаракөз» драмаларын орыстың қоюында еш қабылдай алмай қойдым. Өйткені, кез келген қазақы шығарма олардың болмысына жараса кете қоймайды. Ал, «Последнее причастие» расымен де, орыстың материалын орыс ойнағандай тамаша шықты. Мұның сыры сол – табиғи мінездеріне сіңіріп, актерлердің шығармамен біте-қайнаса алуында» дейді.

Айтпақшы, жазуымыздың басында түртіп кеткен ойымызды жалғастыра кетейік… Оралхан Бөкейдің қарындасы Ғалия ағасының көп томдық шығармалар жинағын режиссерге беріп жіберген екен. «Орекеңнің «Атау керенің» киносын түсіру арманын өзіме жүктелген аманат сияқты қабылдаймын. Кейде сценарийін шимайлап отыратыным бар, алайда, қалай болар екен деп істі бастауға жүрегім дауаламай жүр. Бұл кітаптар «осы ойды жүзеге асыр» деп ғайыптан берген белгі іспетті… Орындамасам, жүрегім тыншымайтындай» дейді Нұрқанат Жақыпбай.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button