Қала мен Сала

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖӨНІНДЕ ЫМЫРАЛАСТЫ

IMG_7496_новый размер

Бұрнағы күні «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы мен «Парасат» Ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі және Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құнды құжаттар тараптар арасындағы ынтымақтастықты арттырып, көрмеге қажетті жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Меморандумға сәйкес, «ЭКСПО» көрмесінде қазақ­стандық ғалымдар дүниежүзілік алдыңғы қатарлы технология­лар­дан еш кем түспейтін әзірле­мелерін көрсете алады. Қазірдің өзінде «Парасат» ұлттық хол­дин­гі күн және жел энергетикасы бағыттары бойынша түзілген жиырмаға жуық бағдар­ламаны қолға алды. Көрме аяқталған соң, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы ұсынған жобалар мен макет­тердің технологияларын өндірісте қолдануға мүмкіндік туады.

«ЭКСПО» көрмесінде қазақ­­стандық ғалымдар әлем жұрт­шылығын қандай да бір ғылыми жетістігімен таң қалдырады деп айту қиын. Дегенмен, біздің еш­кімді де бейжай қалдырмайтын, дүниежүзілік алдыңғы қатарлы технологиялардан кем түспейтін жобаларымыз бар. Мәселен, Алматыдағы физика-технология институтымен күн сәулесінен энергия алатын панельдерді әдет­тегідей әйнектен емес, жұмсақ материалдардан жасау бағытында жұмыстар жүргізіп жатырмыз» дейді «Парасат» холдингінің басқарма төрағасы Әбдікәрім Зейнуллин. Оның айтуынша, отандық ғалымдар қуаты ұзаққа жететін ак­кумуляторлық батареяларды жасауды да қолға алған. «Бізде әлем бо­йынша сирек кездесетін металдардың мол қоры бар. Ал қуаты көпке жететін «болашақтың» аккумуляторлары дәл осы сирек металдар негізінде жасалады. Егер біз шикізатты да өзімізден шығарып, өнімді де өзіміз өндірсек, бәсекелес орта қалыптасып, аккумуляторлардың бағасы да арзандай түседі» дейді Ә.Зейнуллин.

Осылайша, меморандумға қол қойған тараптар «ЭКСПО» көр­месін қазақстандық ғалым­дар­дың зерттемелерімен қамта­ма­сыз ету үшін күш біріктіруге ниетті. Соған сәйкес, «ЭКСПО-2017» шеңберінде Қазақстан Рес­пуб­ли­касының таза қуат көздерін әзір­леу туралы» 2013-2017 жыл­дарға арналған бағдарлама бо­йын­ша инновациялық ғылыми-тех­ни­калық жобаларды жүзеге асыру және халықаралық маман­дан­ды­рылған көрмеде оларды таныстыру жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігімен де келісімшартқа отырды. Қос тарап көрмеде жос­парланған жұмыстарды жұмыла жүзеге асыруды көздейді.

«Елбасы жуырда ғана көрменің құрылысы мен жоспарланған іс-шараларды өткізуге отандық кәсіпкерлер атсалыссын» деді. Осы орайда, біз тек Солтүстік Қазақстан облысы ғана емес, еліміздің басқа аймақтарымен де келісімшартқа отырмақпыз» дейді «Астана ЭКСПО-2017» ҰК басқарма төрағасы Талғат Ермегияев. Оған қоса, компания басшысы ЭКСПО-2017 аясында қолданылатын тауарлар мен қызметтердің тізімі осы жылдың соңына дейін белгілі болатынын атап өтті.

Еркежан СӘТІМБЕК

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button