Білім

Тестілеуден өту күрделі ме?

Биыл ҚР Білім және ғылым министрлігі педагогтарды аттестаттаудың жаңа жүйесін енгізіп, мұғалімдер бірінші рет ұлттық біліктілік тест тапсырды. Оның алғашқы кезеңі – осы мамыр айында болды. Жақында, дәлірек айтқанда, 3-5 қараша күндері тестілеудің екінші кезеңі өтті.

Оған республика бойынша 51 мыңнан астам ұстаз қатыс­ты. Нәтижесінде, 34 185 педагог тестілеуді сәтті тапсырып, 17 мыңға жуық мұғалім межелі деңгейден көріне алмады. Алай­да, бірінші кезеңмен са­лыс­­тырғанда екінші кезеңдегі тесті­леуде шекті деңгейден өткен педагогтардың ептеп болса да саны өскенін байқау­ға болады.
Таяуда Парламент Сенатындағы Үкімет сағатында Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева биыл 110 мыңнан астам педагог рес­публикалық бюджет есебінен біліктілікті арттыру курсынан өтіп жатқанын баяндады. «Соның ішінде 8 мыңнан астам пән мұғалімі жеке пәндерді ағылшын тілінде оқыту үшін тілдік курстарда білім алуда. Олардың 5 мыңға жуығы осы оқу жылынан бастап сабақ беруге кіріскен. «Ұстаз» орталығы барлық өңірлерде ағылшын тілінде сабақ бере бастайтын 4,5 мыңнан астам мұғалімге қолдау көрсетіп жатыр» деді вице-министр.
Тағы бір жаңалық, биылғы жаңа оқу жылынан бастап жаңа жүйе бойынша аттестаттаудан өткен 34 мың мұғалімге біліктілігіне байланысты 30-дан 50 пайызға дейін үстемақы қосылған.
Енді осы айдың басында өткен тестілеуге келейік. Бұл сынақ­тан өте алмаған педагогтарға келесі көктемде қайта тап­сыру мүмкіндігі бар. Бірақ бізді «осыншама мұғалім шекті деңгейдегі баллды неге жинай алмады?» деген сұрақ ойландырды. Әлде, тестілеуден өту күрделілеу ме? Білім және ғылым министрлігінің Баспасөз қызметінің маманы Ғанибет Ғалымбекұлының айтуынша, тес­тілеу сұрақтарының 70 пайызы пәндік білімге байланысты болса, оның 30 па­йызы педагогика мен әдістемеге бағытталған екен.
Бас қаладағы республикалық физика-математика мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Аршагүл Қазанбаева – аталған біліктілік тестілеу ем­тиханын ойдағыдай тапсыр­ған ұстаздардың бірі. Енді сол кісінің айтқанын тыңдайық.
«Біріншіден, мұғалімнің өз пәнінен тест тапсырғаны дұрыс деп ойлаймын. Өйткені ем­тиханға дайындалу үшін өткен сабақ тақырыптарын, ақын-­жазушылардың шығармаларын қайта бір қарап, ізденіске түседі. Кейбір мұғалімдер мектепте орта сыныптарға ғана сабақ береді. Ал тест сұрақтары көбінесе жоғары сынып пәндерінен келді. Екіншіден, сынақтан өте алмаған ұстаздарды кінә­лау­ға болмайды. Мәселен, бір сұраққа «екі-үш дұрыс жауап болуы мүмкін» деп жазылған. Тест сұрақтары бұлай күрделі болмаса екен. Бір сұраққа бір жауап болса жетеді. Мысалы, мен өз пәнімнен берілген 70 сұраққа жауап беріп, 80 балл жинауым керек. Ал педагогика мен әдістемеден 30 балл алу қажет. Педагогика бағыты бойынша келген сұрақтарға жауап беру – үш айлық курста оқыған мұғалімдерге оңайырақ тиеді. Сондықтан бұл үш айлық курстан барлық ұстаз өтті деп айта алмаймын. Кейбір мұғалімдердің сынақтан өте алмай қалғанына осы да себеп болған шығар» дейді ол.
Иә, қазір мұғалімдерге жүктеліп отырған міндет жеңіл емес. Оларға психологиялық тұрғыдан да ауыр. Емтиханға дайындалу үшін уақыт қажет. Кейбір ұстаздар «біліктілік тестілеуі тамыз айында өткізілсе» деген ұсыныстарын айтты. Өйткені жазғы балалардың демалысында « емтиханға дайындалуға уақыт болады» дейді. Қалай болғанда да, біліктілік тестілеуі педагог қауымнан біліктілік талап етіп отыр.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button