БілімЖаңалықтар

Тіл үйретудің  сан салалы жұмысы

Елордада тіл саясатын тиімді іске асыру – Нұр-Сұлтан қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басты бағдары. Осы ретте, жыл сайын қала тұрғындарына қазақ тілін тегін үйрету курстары ұйымдастырылып келеді.

[smartslider3 slider=140]

Курсты Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырады. Ересектерге білім беруді әртүрлі оқыту әдістерін қолдана отырып, білікті оқытушылар жүргізеді. Орталықта тәжірибелі, әдістемелері қалыптасқан қазақ тілінен 13 оқытушы бар. Өз біліктіліктерін арттыру үшін оқытушылар семинарлар, вебинарлар өткізіп, тәжірибе алмасып отырады.
Қазақ тілі курсы филология ғылымдарының докторы, Назарбаев Университетінің қазақ тілі және түркі зерттеулері кафедрасының профессоры Зейнехан Күзекованың оқу құралдары бойынша оқытылады. Оқулықтардың мазмұны Қазақстан Республикасының ұлттық стандарттарына сәйкес әзірленген.
Қазақ тілі курстарының ұзақтығы – 100 сағат. Сабақтар – аптасына 2-3 рет. Топтар деңгейлері бойынша А1 – бастаушы, А2 – базалық, В1 – орташа, В2 – ортадан жоғары, С1 жоғары болып бөлінеді. Тыңдаушының деңгейі қабылдау тестінің нәтижелері бойынша анықталады. Курстар ZOOM платформасы арқылы онлайн режимде де, офлайн режимде де өтуде.
Қазақ тілі оқу курсына 1500 тыңдау­шы қатысуда. Оның 10-ы – қала әкімдігіне қарасты мемлекеттік мекеме, 187-і – медицина, 82-і – мәдениет, 87-і – білім, 134-і – басқа да құрылымдық мекеме, 84-і – құқық қорғау мекемелері қызметкерлері, 63-і – этномәдени бірлестіктер мүшелері, 853-і – қала тұрғындары. Деңгей бойынша: А1– 274, A2 – 384, B1 – 406, B2 – 281, C1 – 155.
Курс барысында «Руханият» КММ оқытушылары тыңдаушыларды айтылым және емле нормаларына, қазақ тілінде күнделікті қарым-қатынас жасауға, мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізуге, терминдерді ресми хаттарда қолдануға үйретеді.
Курс аяқталғаннан кейін тыңдаушылар ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тест тапсырады. Тестілеу қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтауға бағытталған диагностикалық нысан болғандықтан, тыңдаушыларға тыңдау, оқу, емле бойынша тапсырмалар ұсынылады. Қорытынды тесті бойынша сертификаттар беріледі.
Сауда, халыққа қызмет көрсету орындарында мамандардың өндірістен қол үзбей қазақ тілін үйренуі үшін Ш.Құрманбаеваның авторлығымен «Қазақша сөйлейік» атты оқулық шығарылды. Аталған оқулық негізінде ауызекі қазақ тілін оқытудың жеделдетілген курсының алғашқы сабақтары Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астаналық базар» сауда үйінде, «Астана тазалық» ЖШС-да ұйымдастырылуда. Алдағы уақытта барлық сала қызметкерлеріне өткізілетін болады.
YouTube каналында қазақ тілін үйренушілерге арналған «Қазақша үйренейік», «Қазақ тілінің төл дыбыс­тары» атты бейнесабақтар әзірленіп жүктелген. Сабақтар кез келген тіл үйренушіге қолжетімді.
110 мемлекеттік қызметкер ОКСФОРД баспасының Beginner, Elementarу, Pre-Intermediate оқулықтары бойынша 88 академиялық сағаттық ағылшын тілі курсынан өтті.
Сонымен қатар, Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының елордалық филиалымен бірлесе отырып, тіл үйренемін деуші кәсіпкерлерге, ірі сауда орындарының қызмет көрсетуші персоналдарына бір айлық интенсивті қазақ тілі курстары ұйымдастырылуда. Бұл кәсіпкер мен тұтынушы арасындағы тілдік барьерді жоюға бағытталған. Осы курс барысында кәсіпкерге тұтынушымен қарым-қатынаста керек болатын базалық сөздер, оларды құрап сөйлеу әдістері үйретілуде.
Сондай-ақ басқарманың ұйымдас­тыруымен әр ай сайын елорданың төрт ауданында қазақ тілі мен ағылшын тілдерінен арнайы сөйлесушілер клубы (speaking club) құрылуда. Осы клубтардың аясында қазақ тілін және ағылшын тілін білетін және тәжірибе жүзінде өзін-өзі дамытуды қалайтын қала тұрғындарына тегін мүмкіндіктер жасалып жатыр.
Биыл ұлттық құндылықтарды насихаттау, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатында бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Атап айтсақ, Наурыз мерекесіне орай «Наурызнама» тарихи танымдық конференциясы  өтті. Онда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, академик, тарих ғылымдарының докторы Мақсат Алпысбес наурыз мейрамының шығу тарихы туралы жазба деректермен таныстырды.
Қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, хакім Абайдың қайталанбас тұлғасы, өмір жолы мен ата-тегін, шығармашылығы мен қоғамдық-саяси қызметін, әдеби мұрасын жан-жақты таныту мақсатында Абай Құнанбайұлының туған күніне орай «Абай мұрасы – рухани жаңғыру өзегі» атты конференция, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына  «Жамбыл – жыр алыбы» атты қалалық онлайн байқау және «Жамбыл – тұғыры биік заңғар халық жыршысы», Қ.Кемеңгерұлының 125 жылдығына арналған «Бақытты келешектен үміт жібін кеспеймін» тақырыбында «дөңгелек үстелдегі» отырыстар, М.Мақатаевтың 90 жылдығына «Хан Тәңірінің мұзбалағы» атты жас ақындар мүшәйрасы өткізілді.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай елорда күні қарсаңында «Еңселі елорда. Тұғырлы Тәуелсіздік», «Білгенге маржан», «Елорда шежіресі», «Мемлекеттік тіл – барлық салада» атты байқаулар, «Тіл – Тәуелсіздік тұғыры» атты жастар арасындағы дебат ойындары, квест ойыны және басқа да акциялар ұйымдастырылды.
Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай бекітілген Тіл мерекесіне байланысты ұйымдас­тырылған Қазақстан халқы тілдерінің ХХІІІ қалалық фестивалі аясында көптеген іс-шаралар өтті.  «Тіл тазалығы» атты семинар-тренинг, Астана радиосының тікелей эфирінде аптасына екі рет (сейсенбі, жұма) «Ана тілім ардағым» атты радиовикторина ұйымдастырылды. Ұлылардың тіл туралы айтқан қанатты сөздері әлеуметтік желілерде жарияланды.
Фестиваль аясында қаладағы мемлекеттік органдар мен құрылымдық, білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау саласындағы мекемелерде 500-ден астам іс-шара (тілдер апталығы, онкүндіктер, айлық, фестиваль және т.б.) өтті.
Фестивальдің жабылу салтанатында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде үлес қосқан азаматтар, фестиваль аясында іс-шаралар өткізіп, белсене атсалысқан мекемелер, жеке азаматтар марапатталды.
Этнос өкілдері арасында қазақ тілін этносаралық қатынас тіліне айналдыру, өзінің ана тілімен қатар қазақ тілін жетік меңгерген азаматтарды көпшілікке үлгі ету, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, халықтар достығын нығайту мақсатында «Тілге құрмет – елге құрмет» челленджі, «Ынтымақ – достық кепілі» атты этнос өкілдері арасындағы онлайн интеллектуалды сайыс ұйымдастырылды. Іс-шараларға қазақ тілін меңгеріп жүрген өзге этнос өкілдері белсене қатысты.
Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясының филиалымен бірлесе отырып, Достық үйінде өзге этнос өкілдерінен құралған «Мәміле» клубында мемлекеттік тіл үйрету және қазақ халқының мәдениетімен, ұлттық құндылықтарымен таныстыру, ұлттар арасындағы бірлік, достық тақырыптарында қызықты тренингтер мен конференция-сабақтар өтуде.

Сәкен ЕСІРКЕП,

Нұр-Сұлтан қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі

басқармасының бастығы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button