Жаңалықтар

Тойдың сәні торт

Астананың 15 жылдығы құрметіне салмағы – 600 келі, биіктігі жарты метр болатын торт пісірілді. 6 шілде күні «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығына қойылған тәтті тортты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кесіп, алғашқы тілімдерін Балалар үйінің тәрбиеленушілері Аружан Боранбаева мен Денис Синикоға ұсынды.

Торт атаулының бәрі де тәтті. Бірақ елорданың туған күніне арналған торт ерекше болды. Үлкендігін былай қойғанда, сыртқы безендірілуі де көздің жауын алады. Торттың беті «Бәйтерек», Бейбітшілік және келісім сарайы, Ақорда, «Хан Шатыр» ғимараттарының бейнесімен әсемделген. Пішіні төртбұрыш торттың жиектеріне еліміздің көрікті орындардың нобайы бейнеленіпті.
Әлемдік тәжірибеде атаулы күндерге орай алып торт жасайтын дәстүр бар. Дүние жүзіндегі ең үлкен торт алғаш рет 1989 жылы Американың Алабама штатында дайындалған екен. Оның салмағы – 58 тонна болған. Ал ең «қарт» торт – Лондонда. Оның пісірілгеніне 113 жылға жуықтаған. Ал, біздің елде алып торт алғаш рет жасалып отыр. Оған 15 аспаз жұмылған. Он бір сағатқа жалғасқан жұмыстың бел ортасында Франциядан дәріс алып келген аспаз Зайтуна Байсейітова жүрді. Ол кез келген торттың өзіне тән дәмі, композициялық безендірілуі болу керектігін айтады. Астананың 15 жылдығы құрметіне арналған дәмді тағамның ең алдымен экологиялық таза өнім болуына басты назар аударылыпты. Оның құрамы тек табиғи қоспалардан құралған. Тортты дайындау үшін 200 келіден астам ұн, 250 келі қант, 5 мың жұмыртқа, 200 келі құлпынай тосабы және тағы басқа қоспалар жұмсалыпты.

20 мың адамға еркін жететін торттан алдымен білім олимпиадалары мен спорттық жарыстардың жүлдегерлері, балалар үйінің тәрбиеленушілері, оқу озаттары, дарынды жеткіншектер дәм татты.

Тәтті дәмнен ауыз тиіп, мерекенің шуағын сезінген өрендер салтанатты рәсімді концерттік бағдарламамен жалғастырды. Онда республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары: «Айналайын» тобы, Зульфия Айтбаева, Тұрсынәлі Жаншырай, «Ренессанс» би мектебі, Әлішер Жақсыбай, домбырашылар Солдатбай Әли, Жарылқасын Шыңғыс, Абылай Ислам және Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытайдан Астана тойына арнайы келген өнерпаздар ән айтып, би биледі.

Балдырғандар үйлеріне құрқол қайтқан жоқ. «Астанадағы ертегіге бергісіз өмір» атты флеш-мобты және аниматорлар әзірлеген қызықты кешті тамашалап, өздеріне арналған сыйлықтарды алып қайтты.

Жалпы, биылғы елорданың туған күні торттардың көптігімен ерекшеленді деуге болады. Еліміздегі ең үлкен торттан басқа, елордадағы 6 сауда орталығында салмағы 50 келіден асатын торттар пісіріліп, жұртшылыққа таратылды. Белгілі әнші-продюсер Қыдырәлі Болманов та «Думан» ойын-сауық орталығы алдында 30 келілік тортты кесіп, балаларға үлестірді.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button