Жаңалықтар

ТОЙЛАП ҚАНА ҚОЙМАЙМЫЗ…

Тилепов

Кеше Орталық коммуникациялар қызметіне Астана қаласы ішкі саясат басқармасының жетекшісі Болат Тілепов қатысып, журналистермен кездесу өткізді. Ол алда келе жатқан Астана күніне орай ұйымдастырылатын іс-шаралар туралы кеңінен әңгімелеп, тосын сыйларға толы мерекелік бағдарламалардың тұрғындар үшін маңызы зор екенін айтты.

«Бүгінде Астана – жай ғана елорда емес. Шын мәнінде, ол – тәуелсіз мемлекетімізге тән ұлттық идеяның ең бас­ты тұғырларының бірі. Сондықтан, «Астана күні» дегенде біз елорданың тарихи жолынан бұрын бас қаланың ел дамуындағы орны мен мемлекетіміздің біртұтас болуындағы рөліне назар аударуымыз керек. Олай болса, елорда күнін атап өтуде ұйымдастырушылар ұсынып отырған әр іс-шараның мерекелік мазмұнынан басқа олардың идеологиялық маңызы құнды болмақ» деді Болат Анапияұлы.

Сонымен қатар, ол Астана күнінде жылда ел көңілінен шығып жүрген дәстүрлі іс-шаралардан бөлек, бағыты жаңа, мазмұны тың мерекелік бас­та­ма­лардың бар екенін тілге тиек етті. Басқарма жетекшісінің айтуынша, Астананың тойына жалпы саны 70-ке жуық түрлі шаралар жоспарланып отыр. Қала күніне орай «Аялаған Астана» республикалық телевизиялық балалар байқауы, жыл сайынғы театр фестивалі, «Мәңгілік ел» тақырыбындағы республикалық мүшайра және отандық орындау­шы­лардың қатысуымен өтетін «Астанаға тарту», «Ән жүрегім Астана!» концерттік бағдарламалары ұйымдастырылады. «Қазақ елі» мону­менті алаңындағы «Шуақты қала» концерті де көпшілік көңі­лінен шығады деп күтілуде. Болат Тілепов осылар­дың бәрін тізе келе аспаздық және тағам фестивалі, поэзия және кітап мерекесі сияқты тағы да басқа жас­тар­ға арналған бағдарламалардың болатынын айтты. Жиын барысында Болат Тілепов «Мерекелік шаралардың аясында қала тұрғындарының еркін қыдыруына қолайлы жағдай жасалады. Мерекелік бағдарламалар өтетін барлық алаңда сауда-саттық және қол­өнер бұйымдарының көрмесі өтеді. Әрине, мұның бәрі мерекелей келген көрер­мен­дер­ге тамаша көңіл-күй сыйлау үшін жасалып отыр. Десек те, Астана күнін думандатып қана өткізуге болмайды. Мейрам аясында әр адамның жай­лы өмір сүруін қамтамасыз ету үшін тұр­ғын үй, аулааралық аумақ, кіреберіс жол­да­рын абаттандыру сияқты барлық шаруа­шы­лық жұмыстар жасалады» деп, әлеу­меттік жағдайлардың шешілуі де мереке қарсаңында тұрғындардың қуанышына сеп болады деген өз ойын білдірді.

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button