Басты ақпарат

Түркі әлемінің тағылымы

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында өткен Түркі кеңесінің VI саммитін ашты. «Жастар саясаты және ұлттық спорт түрлері саласындағы ынтымақтастық» деген тақырыптағы биылғы басқосуға Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Түркия президенттерімен қатар Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеев пен Венгрияның үкімет басшысы Виктор Орбан да қатысты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркі кеңесіне төрағалық етуді Қырғыз Республикасына тапсырып, ұйымның жетекшісі ретінде зор табыстар тіледі. Саммит барысында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Кеңес мүшелері Шолпан-Ата декларациясын қабылдады. Ал Түркі кеңесінің Бас хатшысы қызметіне Қазақстанның өкілі сайланды. Айта кетерлік жайт, биылғы саммиттің айтулы жаңалығының бірі – Қазақ­стан Президентінің жаңа бастамасы. Нұрсұлтан Назарбаев алқалы жиында «Түркі әлемінің көрнекті 100 тұлғасы» атты жаңа ауқымды жобасын ұсынды. Елбасының бұл бастамасы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» атты жобаға негізделген. «Қазақстанда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Менің тапсырмам бойынша, латын графикасына негізделген қазақ тілінің жаңа әліпбиі дайындалды. Қазақстанның латынға көшуі – бұл өте жағымды жаңалық. Өйткені жазу арқылы түркітілдес мемлекеттермен жақындаса түсеміз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» деген жобаны іске асырып жатырмыз. Біздің тарлан тарихымызда көрнекті тұлғалар өте көп. Осыған орай, Түркі кеңесі шеңберінде «Түркі әлемінің көрнекті 100 тұлғасы» атты ауқымды жобаны қолға алу мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынамын» деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Түркі кеңесінің басқарушы органдарының қызметін оңтайландырып, тиімділігін арттыру мәселелеріне арнайы тоқталды.
Айта кетерлігі, Түркі кеңесі 2009 жылы 3 қазанда Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған болатын. Оның алғашқы саммиті 2011 жылы Алматыда өтті. Бүгінгі таңда беделді ұйымның құрамына Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Түркия кіреді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button