Қала тіршілігі

Жұмбақ инсталляция сыры

 Ұлттық кітапхананың сыртқы баспалдағында тізілген орындықтар пайда болды. Бұл композиция кітапхана маңынан өткен кез келген адамның назарын өзіне аудармай қоймайды.

Кітапхана баспалдағына қойылған ескі орындықтар аз уақыттың ішінде көпшіліктің естелік суретке түсуге арналған орнына айналып шыға келді. Бірақ елордалықтар мен қала қонақтары бұл көріністі әртүрлі қабылдап жүр. Олардың кейбірі бұл тың идеяға тамсана қараса, енді бірі психологиялық тұрғыдан жаман әсерге бөленгенін айтады. Жалпы, жұмбақ инсталляцияның сыры неде? Мамандардың пікіріне құлақ түрелік.
Композиция авторы, белгілі суретші, өнер қайраткері Асхат Ахмедияровтың айтуынша, бұл – оның көптен бері жасауға құмартып жүрген туындысы. Ол бұрыннан биік баспалдақты арт-нысанға айналдыруды ойға алған екен. Ал мұндай мүмкіндік оған Ұлттық кітапхана ғимаратынан бұйырған.
«Композицияның философиялық мәні бар. Ал орындықтарды гараждардан таптым. Олардың кейбірі әбден ескірген. Жалпы, қойылған орындықтар әртүрлі. Бұл қоғамдағы әр адамның көзқарасының да әртүрлі екенін білдіріп тұр. Осы баспалдаққа бұрыннан көзім түсіп, қашан маған осындай инсталляция жасауға мүмкіндік беретінін күтіп жүргенмін. Мұндай сәттің тууы – мен үшін үлкен мәртебе. Ұйымдастырушылар да ойымдағы дүниені жасауға ерік берді» дейді автор.
Ал кітапхананың ақпараттық-мәдени бағдарламалар қызметінің жетекшісі Нұрхан Серкебайдың айтуынша, бұл композиция 23-24 тамыз күндері өткен «Астананың мәдени мәтіні» халықаралық ғылыми-танымдық конференциясы аясында жасалған.
Автордың ұсынысы бойынша кітапханаға барша адамның назарын аудару, оқырман тарту мақсатында жасалған жұмыс екен. «Әрине, Ұлттық кітапхана оқырманға кенде емес, дегенмен мұнда бүкіл қала жұрты келеді деп айта алмаймыз. Ал суретшінің осы туындысы көпшіліктің назарын аударып жатыр» дейді ол.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button