Sport

«Алтын жебе» жеңімпазы – Михай Козмей

Астананың 20 жылдығына орай елордадағы «Қазанат» атшабарында «Алтын жебе» халықаралық турнирі жалауын желбіретті. Астанада осымен екінші мәрте ту көтерген байрақты бәсекеде Оңтүстік Африка, Ресей, Румыния және Қазақстан сынды 11 мемлекеттің құ­ралайды көзге атқан 25 мергені бақ сынады.

ҚР Ұлттық спорт қауым­дастығының президенті Бекболат Тілеухан мен Оңтүстік Корея Республикасындағы Дүниежүзілік ат үстінен садақ ату федерациясының президенті Ким Юнг Суп ІІ «Алтын жебе» халықаралық турнирінің салтанатты ашылуын ұлттық садақпен нысана атудан бастады. Конституция мерекесіне тұспа-тұс келген жарыстың салтанатты ашылуына қатысқан Қазақстандағы Түркия, Жапония, Румыния, Оңтүстік Корея елшіліктерінің өкілдері қалың көпшілікті айтулы мерекемен құттықтап, спортшыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, жарыстың ашылуы кезінде жиналғандар қатысушы мергендердің салтанатты шеруін, ұлттық ойын көрініс­терін тамашалады.

«Азиялық стиль», «Түрік стилі» және «Қазақ стилі», яғни жамбы ату бойынша бәсекеге түскен сұрмергендер қалың жанкүйерді өнерлерімен тәнті етті. Әсіресе, румыниялық, венгриялық, германиялық, оңтүстік африкалық мергендер ат үстінен садақ атудың сан қилы шеберлігін көрсетіп, құйғыта шап­қан бойы қас-қағымда бірнеше жебені бір нысанаға дәл қадап, көрерменді таңдандырмай қоймады.
Айта кету керек, Қазақ елінің намысын қорғаған Талғат Омарбаев, Елдос Бадашев, Абзал Тулыбеков, Ералхан Айкөз, Айт­бек Сарыбай және Әлия Камалова мен Рамиша Дидарова есімді жеті мерген байрақты бәсекеде жанкүйерді жерге қаратпады. Үш кезеңде де ұпай санынан ешкімге есе жібермеген олар ел абыро­йын асқақтатты.

Екі күнге созылған жарыстың жалпы үш кезеңінің қорытындысы бойынша ең жоғары, яғни 169,65 ұпай жинаған румынның сұрмергені Михай Козмей жамбы атудан екінші мәрте чемпион атанып, «Алтын жебе» кубогы мен 1 млн 800 мың теңгенің сыйлығын қанжығалады. Айта кету керек, аталмыш турнирдің екі дүркін чемпионы атанған румыния­лық мерген бұған дейін ат үстінен садақ атудан 2014 жылы әлем чемпионы, былтыр Еуропа чемпионы болған.
Ал жамбы ату сайысында Михайдан кем өнер көрсетпеген жерлесіміз Ералхан Айкөз өткен жылы дәл осы жарыста үшінші орынды қанағат тұтса, биылғы бәсекеде бір саты жоғарылап, 145,97 ұпаймен екінші орынға қол жеткізді. Күміс жүлдегерге 1 млн теңге табыс етілді.

Үш стиль бойынша да жүлдеге ілікпегенімен, жиыны 134,67 ұпай жинаған Абзал Тулыбекке үшінші орын бұйырды. Төртінші орынды 129,86 ұпаймен моңғол сұрмергені Эрдэнэсуфт Эрдэне, бесінші орынды 122,49 ұпаймен түркиялық Алкан Ибраһим Алперен иеленді. Бұл жеңімпаздар да қаржылай сыйлыққа ие болды. Жалпы жүлде қоры 4 млн теңгені құрады.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button