Sport

Азиада – 2018: бестік баға ала алмады

Индонезияның Жакарта және Палембанг қалаларында салтанат құрған Азия ойындары мәресіне жетті.

Қазақстан жалпы командалық есепте 76 жүлде еншілеп, 9-орынға тұрақтады. Бұл – тәуелсіз ел болғалы ұлттық құраманың Азия ойындарындағы ең төменгі көрсеткіші. Бұған дейінгі алты Азиадада үздік бестіктің қатарынан көрінген.
Медаль саны бұрынғы межемізге жетеқабыл болды. Бірақ ел қоржыны қомпайып көрінгенімен, алтынның салмағы аз тартып, ауырлай қоймады. Статистиканы келтірсек, 1994 жылы 77 жүлденің 25-і – алтын, 1998 жылы 80-нің 26-сы – алтын, 2002 жылы 76-ның 20-сы – алтын, 2006 жылы 85-тің 23-і – алтын, 2010 жылы 79-дың 18-і – алтын және 2014 жылы 84 медальдің 24-і – алтын. Осы нәтижемен бестік бағадан кем түспеген.
Ал бұл жолғы Азиададағы 76-ның тек 15-і ғана алтын тартты. Қалған 17-сі – күміс, 44-і – қола. Жүлденің жартысынан көбі қоладан құралып, құрамамыз 9-орынға бір-ақ құлады. Есесіне қола саны бойынша 2002 жылғы өз рекордымыз (42) жаңарды.
Кезекті байрақты бәсекеде, әдеттегідей, көшті Қытай бастады. Екінші орынға Жапония жайғасса, үштікті Корея тү­йіндеді. Төртінші орынға жарыс қожайындары Индонезия табан тіреп, бестікке Өзбекстан көтерілді.
Ұлттық құрама ұпайдан неге шашау шығарды? Неге ұлт намысына баланған боксшылардың бағы жанбады? Бұл туралы газетіміздің алдағы санында кеңінен тарқатып жазамыз.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button