Басты ақпаратҚоғам

Тұрмыстық жемқорлық төмендеп келеді

«Астана – адалдық алаңы» жобасының елордада іске қосылғанына екі жылға жуықтады. Осы уақыт аралығында халықты әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау, сәулет өнері мен қала құрылысы сияқты салаларда тұрмыстық жемқорлықтың қаупін жою бағытында біршама іс-шаралар атқарылды. Ең бастысы, бас қалада тұрмыстық жемқорлық деңгейі айтарлықтай төмендеп келеді. Осыған орай, біз Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты, «Астана – адалдық алаңы» жобасының жетекшісі Мирас Шекеновпен сұхбаттастық.Заңсыз бизнеске тосқауыл қойылды

– Мирас Ерғалиұлы, әңгімемізді осы жобаның нақты қандай нәтижелері бар дегеннен бастасақ. Жалпы алғанда, қазір қандай салаларда сыбайлас жемқорлықтың қаупі басым?
– Бұл жобаның негізгі міндеті – өзіне әділдік, әдептілік, сатылмайтындық сияқты құндылықтарды біріктірген адалдық идеологиясын насихаттау. Елордада аудандық әкімдіктерде Open spase форматында фронт-кеңселер және IQala қалалық қызметтер орталығы ашылды. Жоба іске асырылғаннан бері әлеуметтік қорғау, білім беру, денсау­лық сақтау, сәулет және қала құрылысы салаларындағы жемқорлық тәуекелдерін жою бағытында қыруар жұмыс атқарылды. Мысалы, денсаулық сақтау саласында бизнес үдерістерді цифрландыру жұмысы жолға қойылды. Соның нәтижесінде уақытша еңбекке жарамсыздығы жөніндегі парақшаларға штрих-код салынды. Яғни жұмыс беруші осы штрих-код арқылы науқас парақшасының шынайылығын тексереді. Демек, науқас парақшасына қатысты заңсыз бизнес жойылды. Екіншіден, емханаларда­ғы барлық дәрігерлердің бөлмелерінде цифрлық ақпараттық QR-кодтар орнатылды. Осы арқылы емханаға келушілер өзіне қажетті барлық ақпаратты алады. Сондай-ақ өзінің ой-пікірін жазып қалдырады. Алайда қазір екі салада: білім беру мен денсаулық сақтауда әдептілік индексі сәл өзгерді. Атап айтқанда, әртүрлі шаралар өткізуге ақша жинау әрекеттері бой көрсетуде. Менің ойымша, жобаның ең маңызды жұмыс атқаратын тұсы – осы.

Тұрғындар бюджет шығындарын бақылайды

– Қаланы абаттандыруға бөлінетін қаражатты қай салаға жұмсау қажеттілігін қарапайым тұрғындар таңдай алады деген рас па?
– Иә, үлкен жобаның бірі – бюджетті жоспарлауға қарапайым тұрғындардың қатысуы. Мәселен, биыл Сарыарқа ауданында «Тұрғындарды бюджетке қатыстыру» жобасы сәтті жүргізілді. Соның арқасында тұрғындар ауданды абаттандыруға бөлінген бюджет ақшасының қандай мақсатқа жұмсауды анықтауға қатысты. Жаңа жылдан бастап бұл тәжірибе барлық аудандарға таратылады. Бұл жобамен Сенаттың экономикалық саясат, инновациялық даму комитеті танысып, оң бағасын берді. Біз азаматтық қоғамды дамытып, бюджеттің ашықтығына халық бақылауын қосқымыз келеді.– Сыбайлас жемқорлықтың жиі-жиі көрініс табатын жерінің бірі – мемлекеттік қызмет түрлерін көрсету саласы. Осы орайда цифрлық технологиялардың енгізілуі қандай нәтиже беріп отыр?
– Дұрыс айтасыз, бұл сала жемқорлыққа бейім. Сондықтан Нұр-Сұлтанда цифрлық технологияларды қолдану өте жақсы деңгейге жеткенін айту ләзім. «Астана – адалдық алаңы» жобасының нақты нәтижелерінің бірі – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесе отырып, «Ашық бюджеттердің интерактивті картасын» енгізу болып табылады. Бүгінгі таңда бұл картаға жалпы құны 300 млрд теңгені құрайтын Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігіне бағынатын 300-ден астам бюджеттік ұйымдар енгізілді. Осы құралдың арқасында тұрғындар бюджет қаражатының шы­ғындарын бақылай алады. Картаға автокөлік жолдарының құрылысы мен жөнделуі, елорданың оқу орындарының ағымдағы және күрделі жөндеуіне, спорт кешендерін, мәдени нысандарға жұмсалған ақша жөніндегі мәліметтер енгізілді. Қазір қалалық мәслихат елорданың 2020-2023 жылдарға арналған бюджетін қарастыруда. Ең бастысы, ол жерде «Астана – адалдық алаңы» кеңсесінің ұсыныстары да ескеріледі. Қалалық бюджет қабылданғаннан кейін, оны интерактивті картаға енгізіп, халықтың назарына ұсынады. Бұған қоса, интерактивті картаны «IKomek» ақпараттық жүйесімен интеграциялау мәселесі де пісіп-жетілді. Өйткені бұл механизм мемлекеттік органдар ұсынатын бюджет қаражатының шығындарын бақылау сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Халықтың әлеуметтік желілер арқылы жіберген арыз-шағымдарын бір орталықтан бөлуге жол ашады. Сонымен қатар біз аталған картада республикалық бюджеттен алатын қаражаттың қайда жұмсалғанын да көрсетуді міндет етіп қойдық.Экология саласында былық-шылық көп

– Жобалық кеңсенің келешегі зор бағыттарының бірі – экология саласындағы тұрмыс­тық жемқорлықты жою. Осыған қатысты нақты бір жемқорлық мысалдарын келтіре аласыз ба?
– Әрине. Ол жерде қандай тұрмыстық жемқорлық болуы мүмкін дейміз ғой. Мысалы, біз бірнеше рейдтер өткіздік. Сонда байқалған бір заңсыздық – тұндырғышты ешқайда тіркелмеген көліктер сорып алады екен. Сора­қылықтың көкесі сол, әлгі сорып алынған лас сұйықтықты канализация, жаңбыр суы ағатын желілерге ағызады. Осылайша қоршаған ортаға үлкен зиян келтіреді. Қарапайым адамдар оларға ақысын төлейді, олар өзгелерге «төлейді». Сөйтіп лас нәрсенің бәрі қала көшелеріне жайылады. Егер экология саласындағы былықтарды одан әрі қазбалайтын болсақ, мұндай фактілер жетіп артылады. Айтарлығы, олар білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы тұрмыстық жем­қорлық сияқты көзге көрініп тұрған жоқ. Бұл жоба биыл екінші жыл іске асырылуда. Өзінің тиімділігін дәлелдеген соң, бүкіл республика аумағына таратылды. Әуелі полиция, ІІМ-нің құрылымдары сияқты салалар қамтылды. Нұр-Сұлтандағы озық тәжірибені бүкіл Қазақстан аумағындағы жобалық кеңселер үлгі етті. Қазір біз тұрмыстық жемқорлық жайлаған салаларға тереңдеп баруды ойластырып жатырмыз. Ең бастысы, кейбір тұрғындар мемлекет жемқорлықтың жолын бәрібір жабатынын түсінді. Ал тұрмыстық жемқорлық деген не? Жай ғана мысал келтірсек, автобусқа мінген адамға қолма-қол ақша төлеген кезде билет берілмесе, ол – тұрмыстық жемқорлықтың бір түрі.

 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button