Басты ақпаратЕл тынысы

Тың эпопеясы: тарих таразысында

1954 жылы 23 ақпан мен 2 наурыз аралығында СОКП Орталық Комитетінің кезекті пленумы өтіп, онда «Елде астық өндіруді ұлғайту мен тың және тыңайған жерлерді игеру» туралы қаулы қабылданған болатын. Міне, сол тарихи шешімге 2024 жылдың 2 наурызында 70 жыл толды. Тың игеру алып қазақ даласына қалай әсер етті, неден ұттық, неден ұтылдық?

Кеңес билігі жыл­дарында Қазақ­станда жүргізілген әлеуметтік-экономикалық сая­саттың шынайы көрінісін бүгінгі уақыт биігімен тарихи білімдердің жеткен жетістігі тұрғысынан объективті түрде бағалау – отандық тарих ғылымының төл міндеті. Кеңес тарихнамасында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси өмірінде жүргізілген барлық реформа идеология өлшемі тұрғысынан зерттелгені белгілі. Еліміз егемендік алуымен Қазақстан тарих ғылымы бұрынғы идеологиялық догмалардан арылып, өткен тарихты жаңаша зерделеуге жол ашылды. Соның бірі – ХХ ғасырдың 50-60-жылдары кеңес аграрлық саясатының Қазақстанның солтүстік аймақтарында жүзеге асуы мен нәтижесі, оның қоғамдық-саяси, әлеуметтік-­мәдени өмірге ықпалы. КОКП ОК жаңа жерлерді игеру міндетіне бүкіл кеңес халқын «жұмылдыр­ды». 1953 жылдың аяғы мен 1954 жылдың басында КОКП ОК Ресей Федерациясының аймақтары мен облыстарында, Қазақстанда және басқа да рес­публикаларда кеңес өткізіп, онда жаңа жерлерді игеру жөнінде жүргізілетін болашақ жұмыс­тарды талқылап, осы шараның маңызы мен қажетін түсіндіреді. Осы мақсатта тың игерілетін бірқатар ауданға, тәжірибелі партия қызметкерлерін жібере отырып, партиялық басшылық нығайтылады.

Кеңес Одағының тарихында КОКП ХХ съезінен басталатын тарихи кезеңнің алатын орны ерекше. Н.Хрущевтің «жаңашыл», «озық» саясаты негізінде жеке басқа табынушылықтың (сталиншілдік) зардаптары жойылып, қоғамдық-саяси өмірге ақырындап өзгеріс ене бастады. Тарихта «Тың эпопеясы» деген атпен қалған азық-түлік молшылығын жасау бағдарламасының Қазақстанның бет-бейнесін мүлдем өзгертіп жібергені де белгілі. Сая­си мақсатты көздеген аграрлық саясат салдарынан Қазақстан жерінің ең көп мөлшері зардап шекті (эрозияға ұшырады). Өкінішке қарай, сол кезеңде «тың игеру» ісі жаппай «жеңіс» пен «жетістік», «бас айналдырар табыстар» ретінде мазмұндалды. Тарихшылар үстем болған коммунистік идеологияның қысымымен «социализмнің жетістіктерін» мадақтауға ғана құзырлы болды. Зерттеушілердің қолына кеңселерде жасақталған, тексеріліп-түгенделген ресми ақпарат қана беріліп, объективті деректер құпия түрде сақталды.

Соғыстан кейінгі жылдар Қазақстанның солтүстік облыс­тары шаруашылықтарының жағдайы мен ауыл тұрғындарының әлеуметтік өмірінде де қиыншылықтар болды. Бірнеше жылғы соғыс салдарынан ауылшаруашылық өндіріс әлсіреді. Онсыз да нашар азық-түлік жағдайын 1946 жылғы құрғақшылық одан сайын ушықтыра түсті, дәнді дақылдардың шығымы төмендеді, бұл тиісінше мал шаруашылығына да дағдарыс әкелді. Бұл қиындықтарды ауыл еңбеккерлері қажырлы еңбегімен жеңе білді, соғыс зардаптары мен соғыс­тан кейінгі қиыншылықтар артта қала бастады. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі молайып, еңбек өнімділігінің артуы байқалды. Өнеркәсіп және тұрғын үй нысандары салына бастады, әлеуметтік сала, оның ішінде денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет мекемелері жанданды.

Солтүстік Қазақ­стан облысында егістік көлемі 1945 жылы 1940 жылмен салыс­тырғанда 8,4%-ға, соның ішінде дәнді дақылдар алабы 15,8%-ға, ал бидай себу 38,7%-ға азайған. 1946 жылы елдің негізгі астықты аймақтарында 1921 жылғы қуаңшылыққа ұқсас жағдай қалыптасып, ауыл шаруа­шылығына қатер төнді

КСРО-да экономиканың басқа салаларының, ең алдымен, ауыр өнеркәсіптің дамуына ауыл шаруашылығының жағдайы тікелей әсер ететінін тарих дәлелдеп берді. Олай болса Екінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы жылдарынан басталған орасан зор шығын елдегі ауыл шаруашылығын орасан күйзелтіп кетті. Атап айтқанда, жыл – он екі ай бойы жүретін шаруа екінші жылға жалғасып, табиғат заңындай тоқтаусыз өндіріс жағдайындағы ауыл шаруашылығына қажетті адам және материалдық қорлар толығымен майданға жұмылды. Оған қоса, жаппай соғыс жағдайына бе­йімделген ауыр өнеркәсіп саласы ауыл шаруашылығына трактор, машина және басқа техниканы, жанармайды беруді мүлдем азайтты немесе мүлдем тоқтатты. Соғыс қимылдары жүрген аймақтарда 98 мың ұжымшар, 70 мың село мен деревня, 1876 кеңшар қирап, түбірімен құрып кетті. Сол жылдары 17 миллион ірі қара, 20 миллион шошқа, 27 миллион қой мен ешкі жойылды. Ауыл шаруашылығының жалпы шығыны 181 миллиард рубльге таяды. 1940 жылы 1:2,7 болған. Жұмысшы күші жетіспеді, ер адамдардың соғысқа шақырылуына байланысты егіс-дала жұмыстары әйелдердің мойнына түсті. Демобилизация бойынша әскерден қайтарылғандарды есептегеннің өзінде, еліміздегі колхоз тұрғындарының саны соғыс жылдары 15%-ға, ал еңбекке жарамды тұлғалар саны 32,5%-ға қысқарып кеткені туралы мәлімет бар.

Солтүстік Қазақстан облысында егістік көлемі 1945 жылы 1940 жылмен салыстырғанда 8,4%-ға, соның ішінде дәнді дақылдар алабы 15,8%-ға, ал бидай себу 38,7%-ға азайған. 1946 жылы елдің негізгі астықты аймақтарында 1921 жылғы қуаңшылыққа ұқсас жағдай қалыптасып, ауыл шаруашылығына қатер төнді.

Шаруалар үшін ең қиын кезең 1946 жыл болды. Себебі колхозшыларға астықпен есеп айырысу қиындады. КСРО бо­йынша 1946 жылы колхоздардың 75,8%-ы еңбеккүнге 1 килограмға да толмайтын астық берді, ал қалған колхоздар еңбекке мүлде ақы төлеген жоқ. Бұл, жазғы құрғақшылықпен қоса, халықтың аштыққа ұшырауына себепші болды. 1946 жылғы құрғақшылық Украинаны, Молдавияны, Еділ бойы, Орталық, қаратопырақты аймақты қамтыды. Көптеген ауданда 60-70 күн бойы жауын болмай, бұл егіннің шығымына кері әсерін тигізді. Еліміздегі дәнді дақылдардың шығымы орта есеппен 1946 жылы әр гектар үшін 4,6 центнер болды. Бұл 1940 жылдағы көрсеткіштен екі есе кем еді. Нәтижесінде шаруашылықтарда 39,6 миллион тонна астық жиналды, 1946 жылы елде орта есеппен бір еңбеккүнге 0,52 кг астық бөлінді.

1946 жылы КСРО Министрлер кеңесі 7 маусымда «Астықтың сақталуын қамтамасыз ету, оны шашып-төкпеу, ұрлатпау және бүлдіртпеу шаралары туралы», 25 қазанда «Мемлекеттік астықтың сақталуын қамтамасыз ету туралы» қаулылар қабылдады.

Күзде құрғақшылық салдарынан болған залал толық есептелгеннен кейін, астық ұрлауға қатысты деп саналған істерді сот 10 күн ішінде қарап, 1932 жылғы 7 тамыздағы заң бойынша үкім шығарған. 1946 жылғы қараша айында Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитеті қарашаның бірінші бескүндігіндегі астық тапсыру жоспарын қарап, жоспарды орындамаған 416 колхоздың 102-сінің астық тапсыруға мүлдем қатыспағанын анықтаған. Астық дайындау кестесін бұзғаны үшін прокуратура органдары мен Ішкі істер министрлігі 231 адамды қылмыстық жауапқа тартқан. Оның ішінде астық жинау мен астық дайындауды бұзғаны үшін – 24, астықты бүлдіргені және рәсуа еткені үшін – 18, астықты ұрлап талан-таражға салғаны үшін 189 адам жауапқа тартылды. 209 адам сотталып, оның 17-сіне 1932 жылғы 7 наурыздағы қаулы қолданылып, ату жазасына 2 адам кесіліп, 15 адам 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған.

1946 жылы шаруалардың қосалқы шаруашылығына салынатын салықты көбейту туралы үкімет шешімі қабылданды. 1948 және 1952 жылдары ауыл шаруашылығы салығы тағы өсті. Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығы салығының көлемі 1951 жылмен салыстырғанда 1952 жылы орта есеппен 1,5-2 есе өсті. Шаруашылықтар және жеке шаруалар 1952 жылы мемлекетке 8,7 миллиард теңге салық төлеген.

Қорыта келгенде, 40-50-жылдары Кеңес Одағының ауыл шаруашылығы адамдарды қинау, қорлау, зорлық-зомбылық жасау жолымен қара жұмысқа жегу жағдайында дамуға тиіс болды.

КСРО-ның ауыл шаруа­шылығында орын алған жа­ғымсыз үрдіс жылдан-жылға тамырын тереңге жайып, ақыры азық-түлік дағдарысына жақындатты. Соған қарамастан, 1952 жылы партияның ХІХ съезінде КСРО Министрлер кеңесінің төрағасы Г.М.Маленков «Елде астық өндіру мәселесі түпкілікті және сөзсіз шешілді» деп мәлімдеді. Ал шындығында барлық республикада астық, ет, қант өнімдерінің тапшылығы байқалып отырған. 1949-1952 жылдары егіннің жалпы түсімі Қазан төңкерісінің алдындағы мөлшерінен саны 40 миллион пұтқа өскенмен, 1952 жылы жоспарлы 8 млрд пұт астықтың орнына 5,6 млрд пұт бидай алынды. Колхоздар, совхоздар жоспарды қайтсе де орындауға ұмтылып, өздерінің тұқымға қалдырған астықтарының бір бөлігін үкіметке тапсырған. Елдің азық-түлік мәселесін күнделікті шешуге қажетті мөлшерде астық жетпегендіктен, мемлекеттік қордағы астық жұмсалған. 1916 жыл немесе 1928 жылмен салыстырғанда мал саны мен ет өнімдері де өте аз мөлшерде өндірілді.

Төніп тұрған дағдарыстан шығу үшін алдымен өндіріс қатынасын түбірімен өзгерту, яғни ауыл шаруашылығын нарық қатынасына бағыттап, оның нақты механизмін табу, сонымен бірге меншікті, әсіресе жерді жекешелендіре отырып, экономиканы дамытуға жеке адамдардың мүддесін пайдалану қажет еді. Кеңес жағдайында ешкім де бұл бағытқа аяқ баспайтыны түсінікті. Сондықтан коммунистік жүйе тарих алдында өзін ақтап алу үшін ауыл шаруашылығының экстенсивті жолын таңдауына мәжбүр болды. Яғни Кеңес Одағы сияқты ұлан-байтақ жерді иемденіп отырған мемлекетте астық өндіруді молайтудың бір ғана жолы елдің шығысында бос жатқан, дәлірек айтқанда, «тың және тыңайған жерлерді» жаппай жыртып, астық себуге бел байланды. Шынында, бұл үшін көп ақыл-ойдың, ғылыми ізденіске негізделген түбегейлі реформаның қажеті шамалы еді. Мыңдаған тракторды дала төсіне қоя беріп, тың жерлерді жыртып тастаса, одан шығатын өнім аз жылдар ішінде қажетті астық мөлшерін жинап алуға мүмкіндік беретін. Бұл кезде мемлекеттің билік басына Н.С.Хрущев келді. Ол, әлбетте, КСРО аграрлық саладағы дағдарыстың бетін қайтару арқылы бедел жинауға кірісті.

1953-1964 жылдар арасында билеуші партияның орталық комитеті ауыл шаруашылығы мәселелеріне бірнеше мәрте қайта оралып, жағдайды түзетуге жанталаса кірісті. Осы мәселе бойынша бірнеше мәслихат, жиналыс, отырыс, т. б. іс-шаралар өтті. Н.С.Хрущев ауыл шаруашылығын дамыту туралы қайшылықты ұсыныстарымен (ресми қайраткерлердің ішінде бірінші болып) орталықтандыруды және колхоздар мен совхоздардағы шаруашылықты дербестендіруді бастады. Мұның бәріне 1953 жылғы қыркүйектегі КОКП ОК мен 1955 жылы 9 наурыздағы КСРО Министрлер кеңесінің «Ауыл шаруашылы­ғында жоспарлау тәжірибесін өзгерту» туралы қабылданған шешімі негіз болды.

Тың жерлерді игеру жөнінде Челябі облысындағы «Петропавл», Солтүстік Қазақстан облысындағы «Ленин жолы» шаруашылықтарының тәжірибесі таратылды. Олар дәнді дақылдардың гектарынан 22 және 30 центнерден өнім алған еді. Осындай өнім алу мақсатын көздеген кеңес саясаткерлері Қазақстанның тың аудандарында Сібір, Орал және басқа аймақтарда 13 миллион гектар, оның ішінде Қазақстанда 6,3 млн гектар тың және тыңайған жерлерді игеруді ойластырған. Осы аталған жерлерден 1100-1200 млн пұт астық жинап, егін өнімділігін 14-15 гектарға жеткізу көзделген.

Мемлекетте, республикада қабылданған шаралардың нәтижесінде Қазақстанның солтүстік аймағында тың және тыңайған жерлерді игерудің нақты тәжірибесі 1954 жылғы 1 наурызда басталды. Дәлірек айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысына Алматыдан тың игерушілердің бірінші отряды, екінші эшелон Мәскеуден 1954 жылы 1 наурызда келген.

Қазақ КСР Министрлер кеңесінің сол кездегі төрағасы Е.Тайбеков 1953 жылдың аяғында «Правда» газетінде: «Соңғы жылдары аудандарда егістік жерді кеңейту бағытында біраз жұмыс атқарылды. Солтүстік Қазақстан облысында егістік жер көлемі 1953 жылы 1950 жылмен салыстырғанда 28,5%-ға, ал дәнді дақылдар алқабы 128 мың гектарға өсті. Осындай мәліметтерді басқа облыстар бойынша да беруге болады» деп жазған.

Конюхов ауданындағы «Путь Ленина» колхозында орташа егіннің шығымы гектарына 14,5 центнер болса, жаңа игерілген тың жерден гектарынан 30 центнер өнім алынған. Колхоздарда жаңа 350 га жерге егін егілген. Преснов ауданындағы Молотов атындағы артель, Ленин ауданындағы «Бұлақ», «Мир» артельдері 1954-1955 жылдары 1 мың гектардан жаңа жерлерді игеруі тиіс болған. Кезекті бір жиналыста Ленин ауданының Воровской атындағы артелі жоспарын ұлғайтып, тыңайған жерлердің есебінен астық егетін жерді 500 га көбейтуге шешім қабылдаған.

1954 жылғы 23 ақпан мен 3 наурыз аралығында Мәскеуде КОКП ОК пленумы өтеді. Пленум «Тың және тыңайған жерді игеру арқылы астық шаруашылығын көбейту» және «2-3 жылдың ішінде еліміздегі халықты азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету» туралы қаулы қабылдаған.

Елде алғашқы 3 жылдың өзінде 32 млн гектардан астам жер жыртылған. Бір кезде облыста басшылық қызметте болған Ж.Ғ.Ысқақов өз естелігінде: «Путь Ильича» ұжымшарының басқарма төрағасы С.Ш.Сихватуллин деген өте білімді, іскер жігіт еді. Егістік жері 5 мың гектар еді, тыңға шабуыл деп аттан салғанда тағы 5 мың гектарды жыртып тастадық. Кішкене шаруашылық үшін, әрине, бұл көп көлем еді» деп жазғандай, жыртылған жерде шек болмаған.

1954 жылдың көктемінде Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру жұмысы жаппай басталды: Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан сияқты республиканың бес облысында, сонымен қатар, аз мөлшерде болса да, Орал, Ақтөбе, Семей, Қарағанды, Алматы облыстарында тың игеру жұмысы басталып кетті. «Тың игерудің» алғашқы жылының өзінде Қазақстанда 8 миллион 531 мың гектар тың және тыңайған жер игерілді. Оның ішінде 1710 мың гектары – Қостанай, 1644 мың гектары – Ақмола, 1428 мың гектары – Көкшетау, 1021 мың гектары – Павлодар, 759 мың гектары Солтүстік Қазақстан облысында игерілген. Сол жылы Оралға 560 мың гектар тың және тыңайған жерді игеру, Ақтөбе облысына 446 мың гектар жер қарасты болды. Бұл жұмысқа Қазақстанның 1967 колхозы, 216 совхоз және 283 МТС қатысты.

Сол уақыттарда «Отан үшін бейбіт уақытта құрбан болу» ұраны үстем болып, халық ауылшаруашылық реформасынан жақсы нәтиже күтіп үміттенді де. Еліміздің барлық жеріне жүгері, шаршы ұялы әдіспен әртүрлі дақыл егілді. Н.С.Хрущевтің «жаңа бағыты» «бақытты болашаққа», елімізді аграрлы өркендетуге бағытталды. «Агроқалалар құру», «тың игеру эпопеясы», «мәдениеттің өркендеуі», «жүгері – дала аруы», «бұршақ – дала серісі», «ет, сүт, май өнімдерін өндіруде Американы қуып жетіп, басып озу» ұрандары ауыздан-ауызға таралды. Алайда болжамның нәтижесі ғылыми мекемелерде, жоспарлы органдарда ғылыми түрде жобаланбай, реформа экономикалық тұрғыдан есептелген жоқ. Реформа жүргізуде волюнтаристік көзқарас үстем болды.

1954 жылдың өзінде тың көтеру жөніндегі жоспар артығымен орындалды. Қазақстанда 6,5 миллион гектар тың жер жыртылды. Астықтың жалпы түсімінің мөлшері 7650 тоннаға жетті.

1950 жылы Қазақстанда 7854 мың гектар жерге дән себіліп, одан 4,7 миллион тонна астық жиналған болатын. 1955 жылы егіс көлемі 1954 жылмен салыстырғанда екі еседен аса көбейіп, 20,6 миллион гектар жер жыртылғанмен, ауа райының қолайсыздығынан 4750 тонна ғана астық алынды. Тың игерушілер айтарлықтай көрсеткішке 1956 жылы ғана жетті. Бұл жылы 16 миллион тонна астық жинады. Тың жерлерді игеруге қатысты алуан түрлі пікір бар. Мәселен, Т.Жұмасұлтанов 2004 жылы жарық көрген «Тыңға 50 жыл» кітабында: «Нақтырақ тоқтала кететін бір жайт, 1939-59 жылдар аралығында Қазақстан халқының саны тек қана 481 мыңға өссе, ал 1959-79 жылдары 2,5 миллионға жетті. Ал енді одан кейінгі 20 жылда 2,7 миллионға өсті. 1970 жылдардың бірінші жартысында табиғи өсім жақсы болды. 1954-60 жылдар аралығында 25,5 миллион гектар тың жер игерілген. Компартияның басты мақсаты 1950 жылдардың бас кезіндегі азық-түлік тапшылығын жою болды. Содан сан жағына көп мән берілді. Екі жылда орасан зор жерді игеріп, өнім алу керек болды. Миллиардтаған пұт астық алынып, Қазақстан келіп қалған азық-түлік дағдарысының алдын алды деп айтуымызға болады» деп жазады. Әрине, «Тың Қазақстанға ғажайып өзгерістер әкелді» деген сөздерді жиі естиміз. Әрине, оның шындығы да жоқ емес. Бірақ бұл «ғажайып өзгерістер» қандай бағамен келді?!

Тың игерілген аудандардың географиялық, ұлттық-этнографиялық, экологиялық бейнесі өзгерді. Географиялық картада ұлттық мазмұнынан айырылған елдімекендер жаппай бой көтерді. Мәселен, «Московский», «Астрахань», «Горький», «Бауман», «Симферополь» және тағы басқа осындай атаулар көбейді. Л.И. Брежнев «Тың» кітабында тыңның 90 жаңа қалалардың өмірге келуіне септігін тигізгенін жазады.

Қазақстанға 1954 жылдың наурыз айына дейін 250 мың, ал 1956 жылы 640 мың тың игерушілер қоныстанған. Олар негізінен Ресей, Украина, Белорусь қалаларынан келген еді. Жеткіліксіз жұмыс күші кеңес армиясы қатарынан босатылған жауынгерлермен де толықтырылады. Мемлекет батыс аймақтардан тыңға қоныс аударған отбасыларына көп қаражат бөлген. Республиканың ауыл шаруашылығына алғашқы екі жылда 6 105 миллион сом қаржы жұмсалған. Бұл төртінші бесжылдықта жұмсалған барлық қаржыдан төрт есеге жуық көп. 1954-1958 жылдары Қазақстанда 337 жаңа совхоз ұйымдастырылды. Мемлекет совхоз құрылысына 10.814 мың сом қаржы жұмсаған. Алайда, осы тұста тарихшы ғалым Т.Омарбековтің «Біз тың игеру ісіне мемлекеттің қыруар қаржы бөлгені туралы талмай, қайта-қайта айтқан кезде, мына маңызды мәселені естен шығарып аламыз: Қазақстан тыңнан мемлекет тек қана пайда түсірді және одан мемлекет ешқандай (егер ақша қаражатымен есептейтін болсақ) зиян шеккен жоқ. Қазақстан экономистері тыңды игеруге кеткен шығынның алғашқы жылдардан бастап-ақ таза табыспен өтелгенін есептеп шығарып қойған. 1954-1962 жылдардың ішінде Солтүстік Қазақстанның жаңа жыртылған жерлеріне егілген астығы мемлекетке 649 млн. таза пайда бергенін ССР-дің Орталық статистикалық басқармасы да есептеп шығарды» – деп жазғанын келтіргеніміз де жөн.

Республиканың өзге ауыл шаруашылығы аудандарының есебінен тыңға құрылыс материалдары, техника үсті-үстіне әкелінді. 1953 жылмен салыстырғанда 1956 жылы тыңға әкелінген тракторлардың саны 213 пайызға, комбайндар 232 пайызға артқан. Мәселен, 1958 жылы республикада 40 мың трактор болса, 1960 жылдардың басында 156,2 мыңға артқан. Комбайндар 3 есе көбейген. 1954 жылы белгіленген 6,3 млн. гектар жердің орнына 8,5 млн. гектар жер жыртылған. 1954 жылдың тамызында КОКП ОК мен КСРО Министрлер Кеңесінің тыңға шабуылды одан әрі өрістету туралы қаулысы қабылданып, нәтижесінде 1954-1960 жылдары 26484 мың гектар жер жыртылған.

1954-1955 жылдары КОКП ОК Қазақстанға тың жерлерді игеруде аудандық буынды нығайту үшін 176 жауапты қызметкерді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқаруға жібереді. МТС және совхоз директорлығына 250 адам тағайындалады. Тың игеруге екі жылда орталықтың жолдамасымен 26 мыңға жуық коммунист жіберілген. Басшы жұмыстарға сырттан келгендерді отырғызу әдетке айналады.

Қостанай облысы Таран ауданының жастары 1954 жылдың күзінде игі бастама көтеріп, мәдени-ағарту мекемелерінің жаңа құрылыстарын салуға, жөндеуден өткізу, қызметін жақсартуға көмектесуге үндеу тастаған. Олардың бастамасы кеңінен қолдау тапқан. 1955-1956 жылдары селолық жерлерде 17 мәдениет үйі, 450 клуб, 300 кітапхана, 50 оқу үйі, 500-ден астам қызыл мүйіс, 10 стадион және алаңдар салынып, 230 елдімекенге радио және 130 елдімекенге электр жүйелері тартылған. 1954-1955 жылдары республиканың тың аймағында 853 мың шаршы метр үй салынған.

1949-1953 жылдары еліміз Одаққа жылына 111 млн. пұт астық тапсырса, 1954-1958 жылдары 521,4 млн. пұт астық өткізді. Ал, 1956 жылы 1,483 млн. пұт астық жинап, 1 млрд. пұт астық тапсырған. Алайда, одан кейінгі жылдары астық өндіру баяулаған. Мысалы, 1963-1964 жылдары астық өндіру 1953 жылғы мөлшерден сәл ғана асқан. Сол жылдары АҚШ, Канада, Аргентина, Франция мемлекеттерінен астық сатып алынған. 1958-1965 жылдары 3 миллион гектарға жуық егістік жер құнарсыздығына байланысты айналымнан шығарылған.

Тың игерудің пайдасына шешілетін нанымды аргумент ретінде Челябі облысының «Петропавл» Солтүстік Қазақстан облысының «Ленин Жолы» деген екі шаруашылығының қайтадан игерілген жерлердің бір гектарынан 22 және 30 центнер өнім алған (өзінен өзі күмәнді) жекелеген тәжірибесі алынды. Осыны негізге ала отырып Қазақстан, Сібір, Оралдағы тың аудандары мен басқа да аудандарда 13 миллион гектар тың және тыңайған жерлерді, оның ішінде Қазақстанда 6,3 млн. гектарды игеру міндеті алға қойылды. 1955 жылы осы жерлерден 1100-1200 млн. пұт астық алу ұйғарылды. Алға қойылған міндеттерді шешу үшін ауқымды күш пен қаржы жұмылдыруды, қаншама қиындықтарды жеңу қажет болды.

Тың жерлерді игеру шаруашылықты жүргізудің экстенсивті формасы болып табылды, әрі мол күрделі қаржы салымын талап етті. Алғашқы екі жылдың ішінде республиканың ауыл шаруашылығына 6105 миллион рубль аударылды. Бұл барлық төрт бесжылдықтың ішінде жұмсалған қаржыдан төрт есе артық. 1954-1958 жылдары Қазақстанда 337 жаңа совхоз ұйымдастырылды. Олардың құрылысына мемлекет 10814 миллион рубль шығын шығарды. Негізгі өндірістік қорлар 1953 жылы 276 млн. рубль болса, 1965 жылы 2,6 млрд. рубльге дейін өсті, яғни 10 есеге артық.

Тыңға ауқымды материалдық қорлар тартылды. Елдегі және республикалардағы егіншілікпен айналысатын басқа аудандардың есебінен тың игеру аймағына құрылыс материалдары мен техника жіберілді. 1956 жылы 1953 жылмен салыстырғанда трактор саны – 213 пайызға, ал комбайнмен қамтамасыз ету 237 пайызға өсті. Соған орай трактор паркі де өсті. Егер, 1958 жылы республикада 40 мыңға тарта трактор тіркелсе, 1960 жылдың басында олардың саны 156,2 мыңға жетті, немесе 4 есеге, ал комбайндардың саны 4,3 есеге артты. Мүмкін, сол уақытта, басқа бір ауданға сондай мөлшердегі техника аз жеткізіліп, олардың әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсерін тигізген шығар.

«Тыңға шабуыл» ешқандай дайындықсыз, тез басталды. «Соқаның жүзі қара топырақты құнарлы жерлерге де, жайылымға бай бетегелі далаға да, сондай-ақ сортаң жерлерге де салынды. Екпінді комсомол-жастар мен интернационалдық бригадалар «қазақ даласының ішек-қарнын ақтарып тастады», – деп жазады Ш.Мұртаза. Жүздеген, мыңдаған және миллиондаған гектар жыртылған аймақтар туралы мәлімет-рапорттар жоғарыға беріліп жатты. Тапсырманы асыра орындау үшін 6,3 миллион гектар жердің орнына 1954 жылы 8,5 миллион гектар жер жыртылды. Осы нәтижемен тоқтауға да болушы еді, бірақ «құрметті Н. Сергеевич» бұған да қанағаттанбады.

Тың игеру тың жерлерді бағындырушылар үшін өмірлік маңызды болды, олар тың эпопеясы туралы айтылған сыни пікірлерді жүрегіне ауыр қабылдады. Тың игеру тарихында шынайы романтикалық, жанкештілік, жаңашылдық аз болған жоқ. Ешкім де бұл жағдайлардың болғанына, өңделмеген және себуге жарамды жер телімдерін пайдалану қажеттілігі секілді күмән келтіре алмайды. Бұл жерде сөз 35 миллион гектар жерді талқылаусыз, қысқа мерзімде жыртудың қаншалықты ақталғаны туралы, бұл науқанның экологиялық және демографиялық, әлеуметтік-экономикалық зардаптары туралы болып тұр. Тың жерлерді игеру саясатының жүзеге асырудағы жағымсыз көріністері тың эпопеясы барысында орын алған халық энтузиазмінің маңызын төмендете алмайды. Тың эпопеясы жоғары қоғамдық саналы, саяси кемелденген мыңдаған адамдардың жанкешті еңбектерінің жарқын мысалдарына толы болды. Тың игеру барысында жаңашыл бастамаларға жол ашылды. Оның бірі – студенттік құрылыс отрядтары. Жүйенің бюрократтық бұрмалауын бастан өткере отырып студенттік құрылыс отрядтары қайта құру жағдайында жаңа өзгерістер әкелді. 1954 жылдың күзінде Қостанай облысының Таран ауданының жастары жаңа бастама көтерді. Олар республикамыздың барлық еңбекшілерін мәдени-ағарту мекемелерінің құрылыстарын салу және жөндеу, олардың жұмысын жақсартуға шақырды. Бұл бастама халық тарапынан үлкен қолдау тапты. 1955-56 жылдары ауылдық елді мекендерде 17 мәдениет үйі, 450 клуб, 300 кітапхана, 50 оқу залы, 500-ден астам қызыл бұрыштар, 10 стадион және спорт алаңдары салынды, 230 елді мекен радиомен, 170 елді мекен электрмен қамтамасыз етілді.

Жаппай тың игеру жылдары совхоздар мен колхоздар тарапынан ауыл мектептерін қамқорлыққа алу кеңінен таралды. Олардың көмегімен 1957 жылы ауыл мектептерінде 2828 оқу шеберхансы, 1700 пән кабинеті жабдықталды. Совхоздар мен колхоздар 3000-нан астам оқу өндірістік бригада мен учаскені құруға көмектесті. Тың аймақтарында тұрғын үй құрылыстары жүргізіле бастады. 1954-55 жылдары тың игерілген аудандарда 853 мың кв.м. тұрғын үйлер салынды. Жаңа поселкелер, автомобиль жолдары салынды, астық қоймалары тұрғызылды.

«Тыңды бағындырушы белсенділерді» жолдың, астық қоймасының болмауы да еш абыржытқан жоқ. Үлкен еңбекпен өсірілген астық жүз мың тонналап қырманда, соншасы дестеленген күйі ашық далада, жаңбыр мен қардың астында шіріп қалды.

Егер бұған жалқаулық пен шаруаға қырсыздықты қосатын болсақ, 15 мың трактор сынып, үнемі жөндеуде тұрғандықтан, тың эпопеясының қорытындысын шығарғанда бұл шығындардың есепке алынғанына күмән келтіресің.

Мемлекетке алғашқы қазақстандық миллиард пұт астықты тапсыруға байланысты желік ұзаққа созылған жоқ. Келесі жылы, 1957 жылы астық 2,5 есе кем жиналды, ал 1963, 1964 жылдары астық өндіру 1953 жылғы деңгейден сәл артты. Бірақ сол кезде себу алаңдары егіс алқаптары бес есе аз болды. Аяусыз жыртылған кең байтақ қазақ даласында ғасырлар бойы жиналған құнарлы жер қабатын ұшырған шаңды боран басталды.Осы себепті, және 1958-1965 жылдардағы агротехниканың нашарлығынан 3 миллион гектарға дейінгі егіс алқаптары есептен шығарылды, айтарлықтай үлкен алқаптарда астық өнімі бірден төмендеді.

Тек, 60-шы жылдары ғана тың шаруашылығының маңызды бөлігі диқаншылыққа жарамсыз аудандарда орналасқандығы туралы белгілі болды, эрозияға қарсы техника мен агротехниканы жасау және қолдану қажеттігі туралы сөз бола бастады. Осы кезде КОКП ОК КСРО ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлескен қаулысында «Қазақ КСР-да жыл сайын шаңды борандар егіс даласының құнарлы қабатын ұшыруда, біршама ауқымды алқаптарда егісті құртып, зиян келтіруде, ал кейбір аудандарда суармалы жерлерді, ирригациялық каналдарды, су көздерін шаң-топырақ басып қалуда» деп мойындады.

Жыртылған тың жерден алғашқы мол астықты өндіргенде тың игерушілерге шеттен келетін көмексіз жинап алу мүмкін еместей көрінді. Қарапайым егін жинау науқаны бүкіл Одақтың жұмыла кірісетін шаруасына айналды. Мысалы, 1956 жылы астық жинауға Қазақстандағы тың алқаптарына елдің түкпір-түкпірінен 11700 комбайнер өз комбайнымен, 20 мың шофер келді. БЛКЖО ОК 200 мың қыз бен жігіт, студенттерді жіберді. Келесі екі жылда астық көп болмаса да астық жинауға елдің басқа аудандарынан миллионнан артық жас жұмысшы, қызметкер, студент қатысты.

Жыл сайын астық жинау кезеңінде ондаған әскери бөлімше келді. Жүздеген мың адамдарды, ондаған мың техниканы елдің бір шетінен екінші шетіне астық жинауға жіберу ақылға сиятын іс емес.

Тың игеру туралы әдебиетте өндіріс күштерін пайдаланудың тиімділігін сараптау ауыл шаруашылығындағы материалды-техникалық базаның өсуін зерттеумен жиі ауыстырылады. Бір топ ғалым осы тақырыпты зерттеуде қор қайтымы мәселесіне соқпай, айналып өтеді. Сол екі арада, айналымдағы қор бірлігін өндіру төмендеді және төмендеу жалғасуда. Қор қайтымының коэффициенті 1961-65 жылдарына бастап 1976-78 жылдары аралығында тыңдағы совхоздарда 0,70-тен 0,43-ке дейін төмендеді. Ал 1 центнер астықтың өзіндік құны 1958-60 жылдары 9,92 рубльден, 1981-84 жылдары 8,5 рубльге өсті. Көптеген зерттеушілер тың өндірісінің әлеуметтік тиімділігіне сараптама жасаған кезде орташа өмір сүру деңгейі, балалар өлімі, кадрлар ауысымы, қылмыстық және шаруашылық қылмыстар, жасырын жұмыссыздық, жергілікті тұрғындардың көңіл-күйі, алкоголизмнің таралуы, жер экологиясы және басқа мәселелерге соқпай айналып өткен.

Ғалымдардың есебі бойынша тың игеру кезінде топырақ гумусының жоғалуы 15-20 пайызға, кейбір жерлерде 23 пайызға дейін жеткен. Ал, бүгінгі күні бұрынғы тың жерлердегі гумус құрамының жоғалуы 35 пайызға жетті және бұл процесті қалпына келтіру мүмкін емес. Осы қарқын сақталса, келесі он жылдан кейін қайтарымы қиын процесс басталатынын есептеу қиын емес, біздің басты байлығымыз-жер құнарлы қыртысынан айрылады. Келесі ұрпаққа қандай мұра қалдырғанымызды ойлауымыз керек.

Көп жылдық тәжірибе көрсеткендей Солтүстік Қазақстан жағдайында табысты диқаншылыққа жету шарттарының бірі таза бу жағдайы болып табылады. Бұл басқа елдердің, әсіресе біздің республикадағы тың алқаптарының климаттық жағдайына ұқсас Канаданың тәжірибесінде кеңінен пайдаланылады. Онда қазіргі күнге дейін жыртылған жердің 30-35 % пар астында жатады. Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ұсынысы бойынша тың жерлердің 20-25 % пар астында болуы қажет. Бірақ отандық және әлемдік тәжірибені елеп-ескермеген Хрущев, жер-ана байлығын тап қазір алуға тиіспін деп мәлімдеп, егіс алқаптарын кеңейтуді талап етті. Бұл қазақ халқы үшін өтеуінің орны толмас, Хрущев тарапынан жасалған нағыз кешірілмес қателік . Тың игерушілерде көтеріңкі рух, еңбекке деген құлшыныс жоғары болғаны рас. Еңбек озаттары көптеп шығып, социалистік жарыстар ұйымдастырылды. Астық жинаудың түрлі әдістері дүниеге келді. Тың игеру бидайды ғана емес, астықтың өзге түрлерін өсіруге де мәжбүрледі.

1954-1964 жылдары Тың өлкесі құрамына енген 5 облыстың 200-ден астам селолық және аудандық кеңестерінің атаулары орыс тілінде қайта өзгертілген немесе жаңадан ат қойылған.

1951-1965 жылдары елімізде жылқының саны 365,7 мыңға азайып кеткен, біржақты саясаттың салдарынан жалпы мал шаруашылығы, оның ішінде ірі қара өсіру кенжеледі, жайылымы мол қазақ даласында қой өсіруге көңіл бөлінген жоқ. Рас, жылдар өткен сайын мал басының өскені байқалады, бірақ бұл Кеңес өкіметінің аграрлық саясатының жемісі емес, табиғи құбылыс болатын. Қазақстанда 1980 жылдардың өзінде мал саны жыл сайын баяу өсіп отырды. Тың игеру жылдары шошқа саны артып, 4 еседен астам өскен деген мәлімет коммунистік жетістік ретінде жария етіліп келді, алайда, салыстырмалы түрде қорытынды жасау үшін, алдымен соның алдындағы көрсеткішті алу қажет. Демек, бұрын шошқа өсірілмеген қазақ даласында бұл түліктің саны туралы сөз етудің өзі артық. 1954-1964 жылдары астық сатып алу жоспары Одақ көлемінде үш рет қана (1956, 1958, 1964 жылдары) орындалды. Соған қарамастан, агротехниканың әлемдік жетістіктерін қолданып, егін шығымдылығы мен алынған астықтың сапасын халықаралық стандарттарға жеткізу жөнінде мардымды жұмыстар атқарылған жоқ. Кеңес жүйесінің артықшылығы, коммунистік партияның кемеңгер басшылығы сияқты даңғаза ұран мен жалған мәліметке әуестенген қоғамда шын мәніндегі аграрлық реформа жасалмады. Соның салдарынан тың жерлерді игеру 60-шы, тіпті 80-ші жылдары да толастамады. Табиғаттың сәйкестігі өрескел бұзылып, Қазақстанның егіншілікке жарамды аймағына орасан зор зиян келтіру үрдісін тежейтін күш болмады.

Орайы келгенде астық молшылығы проблемасын тек қана Қазақстан Республикасының аумағында шешуге негізгі күш жұмсалуы неліктен, Ресейдің, Украинаның жер көлемі де жеткілікті ғой, деген сұрақ тууы мүмкін. Бұған берілетін жауап, Қазақстанның ұлан-байтақ жерлері иесіз сияқты көрінді, республикада халық саны аз, шаруашылығы шашыранқы, жер мөлшеріне шаққанда өнім түрлері мен саны жеткіліксіз деп саналды. Екіншіден, Қазақстан жерінде өзіндік құны арзан, аз шығынмен алынатын және елімізде ең сапалы астық өседі. Демек, шаруашылықтың басқа салаларынан гөрі Қазақстанда астық өндіру және мал өсіру тиімді болған. Мәселен, Ресейдің қаратопырақты емес аймағында 1958-1959 жылдары 1 центнер астықтың өзіндік құны – 332 сом (сол кездегі баға бойынша), ал Қазақстанда 30 сом ғана болған. Мемлекет ол кезде бидайдың әрбір центнеріне 47-62 сом төлеп сатып алған. Яғни, Қазақстан тыңы өзін-өзі қаржыландырып қана қоймай, мемлекетке орасан зор пайда түсірген. Оның үстіне сол жылдары Қазақстан жерінің дүниежүзілік стандартқа сәйкес және сұранысы жақсы бидайдың қатты және күшті сорттарын көп өсіруге мүмкіндігі жеткілікті екендігі анықталды.

Сонымен, біздің зерттеулеріміздің нәтижесінде 1950-1960 жылдары жасалған аграрлық реформаның нәтижесі және оның Қазақстанның солтүстік аймақтары үшін тигізген әсері және салдарлары туралы мынадай деуге болады:

Аталған кезеңдегі Кеңес аграрлық реформаның ең негізгі мазмұны тың және тыңайған жерлерді жыртып, елде астық молшылығын жасау, сөйтіп ауыл шаруашылығындағы дағдарысты жою болып табылды. Қыруар қаржы, орасан материалдық қорлар мен адам күші халық шаруашылығының басқа салаларынан тартып алынып, тек қана тың және тыңайған жерлерді игеру мүддесіне жұмсалды. Еліміздің астық балансы нығайды. Қазақстан Кеңес одағы бойынша астық өндіретін негізгі аймақтардың біріне айналды. Астық өндіретін шаруашылықтардың тұрғындарына әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасалды, селода қажетті инфрақұрылым қалыптасты.

Алайда, аграрлық реформа ғылыми негізделген экономикалық заңдылықтарға сүйене отырып жасалған жоқ. Мемлекет деңгейінде ондаған жылдарға арналған күрделі жоспарлар әміршіл-әкімшілік тәсілмен, жеке биліктің еркімен жүргізілген өзгерістер, көп жағдайда асыра сілтеушілікке, даңғаза насихаттың жеңісі деген желеумен көзбояушылыққа, жалған мәлімет беруге, соның салдары ретінде тұтас ұрпақтың санасын тұмандатып, халықтың бос қиялға еліктеуіне әкеліп соқтырды.

Экстенсивті түрде жүргізілген егіншілік салдарынан Қазақстанның солтүстік аймақтарында мыңдаған гектар алқап жарамсыз болып қалды, табиғат ерекшеліктері ескерілмей, ауа райының құбылмалы жағдайында, астықтан жыл сайын тұрақты мөлшерде түсім алуды қамтамасыз ететін агротехникалық шаралар кеш ойластырылып, кешенді түрде жүргізілмеді, сападан гөрі санға әуестенушілік басым болды. Мал шаруашылығы назардан тыс қалды, Қазақстан жағдайында тиімді болатын мал түліктерін өсіру ісі баяу дамыды.

Тың және тыңайған жерлерді игеру ұранымен асығыс жүргізілген шаралардың қоғамдық-әлеуметтік, демографиялық салдарлары ретінде аз уақыт ішінде Қазақстанның солтүстік аймағында қазақ ұлты азшылық болып қалды, жаңа совхоздарды жұмысшы күшімен қамтамасыз ету үшін Кеңес одағының түрлі аймақтарынан ондаған ұлттың өкілдері, жұмыссыз жүргендер, қылмыстық элементтер, ауыл шаруашылығы кәсіптеріне машықтанбаған әскери қызметкерлер, бір сөзбен айтқанда, қазақ халқының өмір салты, мінез-құлқы жөнінде ешқандай түсінігі жоқ мыңдаған адамдар келтірілді. Осылайша, қазақ халқының мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан ұлттық ерекшеліктері мен салт-дәстүрлері, мәдени құндылықтары аяққа басылды.

Тың игеру ісіне ғалымдар да ауқымды үлес қосты. Олардың арқасында егін шаруашылығына жарамды тың жерлерге зерттеулер жүргізіліп, бөлінген жер телімдері іріктеліп, жаңа совхоздарда шаруашылық пен тұрғын үй құрылыстары жоспарланды, сусыз жерлерді суландыру жобасы жасалынды. Тың жердің жағдайына сәйкес келетін машиналар ойлап табылды. Бірақ осы кезеңге дейін тың игеру ісіндегі ғалымдардың алатын рөлі жеткіліксіз зерттелді. Нақты материалдар тек тың игеру тарихына арналған кейбір еңбектерде ғана кездеседі. Олар шағын, әрі ғалымдардың үлесі туралы толық мәлімет бере алмайды. Сондықтан бұл мәселенің терең зерттелмеуі тың игеру тарихының ақтаңдақ беттерін арттырады.

Сәуле МӘЛІКОВА,

тарих ғылымдарының кандидаты, Солтүстік

Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button