Басты ақпаратРуханият

Асау тұлпар

Сәкен Сейфуллин – қазақ ұлтының тарихы мен әде­биетінен ойып тұрып орын алатын атақты тұлғаның бірі, мемлекет қайраткері, ағартушы, жазушы, революционер ақын, өзінің 44 жылдық қысқа ғана ғұмырында көптеген шығарманы қазақ халқына паш еткен тұлға. Азаттық жолында жанын қатерге тіккен осынау парасатты перзенттің туғанына биыл 130 жыл толып отыр. Осы орайда Сәкеннің қалың бұқара біле білмейтін «Асау тұлпар» шығармасы туралы ақпарат беруді жөн көрдік.

Сәкен Сейфуллин 1915-1917 жылдар арасында көптеген өлең жазған. Бұл кездегі шығармалары ақынның ізденісте, өсу жолында екенін көрсетеді. Оған Омбы тәрбиесі мен ақынның өмір сүрген ортасы ерекше ықпал етті.

Жазушының «Асау тұлпар» атты ­поэзиялық кітабы алғаш рет араб графикасымен (төте жазумен) 1922 жылы Орынбор қаласында 2000 таралыммен басылып шықты. «Асау тұлпар» – қазақ поэзиясына жаңалық әкелген туынды. С.Сейфуллиннің шығармаларында символға айналған асау тұлпар, қызыл сұңқар, аққу, домбыра, поезд, экспресс, паровоз, альбатрос, толқын бейнелері осы еңбекте толығымен ашылған

Жазушының «Асау тұлпар» атты поэзиялық кітабы алғаш рет араб графикасымен (төте жазумен) 1922 жылы Орынбор қаласында 2000 таралыммен басылып шықты. «Асау тұлпар» – қазақ поэзиясына жаңалық әкелген туынды. С.Сейфуллиннің шығармаларында символға айналған асау тұлпар, қызыл сұңқар, аққу, домбыра, поезд, экспресс, паровоз, альбатрос, толқын бейнелері осы еңбекте толығымен ашылған. Кітаптың алғысөзі «Арнау» атты өлеңімен берілген. Бұл өлеңдерін ақын жастарға сыйға тартқанын айта келе, оларды еркіндік, бақыт пен бостандыққа апаратын жолмен, күрес жолымен жүруге үндейді. Сәкен Сейфуллин ­поэзиясы негізінде жазылған бұл шығарма өмірінің үш кезеңін қамтиды. Оның революцияға дейін жазған өлеңдері көбінесе отансүйгіштік, махаббат, табиғат сұлулығын суреттейтін өлеңдер еді. Революцияға дейін жазылған өлеңдері: «Жазғы түнде», «Біз қоштасқан жер», «Сағыныш», «Арқа сұлуына», «Құмарым», «Жүрегімнің соқ­қаны», «Мамыр айы», «Айт күні», «Наурыз», т. б. Бұл өлеңдерінде ақын қазақтың дала өмірін егжей-тегжейлі сипаттайды. Ақын «Мамырда» және «Жаңа жыл» (Наурыз) өлеңдерінде жаз мезгілі мен жаңа жылдың басталуын жаңа дәуірдің келіп, өмірдің жаңаруымен суреттейді:

Үйден шығып балалар,

«Жаз болды, міне!» десіп тұр.

Сағындырған жаз желі

Оңтүстіктен есіп тұр.

Жылы ескектің лебімен,

Дүние балқып иіп тұр.

Ақынның әдеби пародиялары мен түрлі аудармалары да бар. Сәкеннің төңкеріске дейін жазған өлеңдерінің ішінде тақырыбы жағынан бұрынғылардан мүлде бөлек «Бір… жас», «Келеке қылушыдан» атты сыни өлеңдері кездеседі. 1916-1917 жылдар аралығында Сәкен орыс және батыс жазушыларынан түрлі аударма аудара бастаған. Щепкина-Куперник­тен аударған аудармалары: «Ой, серігім», «Поляк ақыны Мискевичтен» және «Жапон ақынынан» атты аудармалары бар. Қазақ әдебиетіне Абаймен бірге енген шығыс классиктерінің поэтикалық стильдерін пайдалана отырып, «Сөз зайығы наданға» өлеңін жазды. Ол парсы әдебиетінің көрнекті ақындарының бірі Шейх Сәдидің «Біреудің қалтасында» және «Дүниеде көркем күйлер көп» өлеңдерін аударған. Қазақ халқының атақты ақыны Абайдың әсері төңкеріске дейін жазған өлеңдеріндегі нақыштан сезіледі. Абайдың ақындық стилі Сәкеннің «Көңіл», «Ғазал» өлеңдерінде көрінеді:

Сөйлей көр, тіл мен жақ,

Сөзіңнің бәрі хақ.

Парыздай міндетің

Қалқаны мақтамақ…

Сәкен Сейфуллиннің революцияға дейін жазған өлеңдері қоғамдық-демократиялық қоз­ғалыстың ықпалымен жазылған. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінің ықпалымен Сәкен реализм, әсіресе, сыншыл реализм ағымы аясында өлең жаза бастады. 1917-1919 жылдары жазған «Далада», «Кел, жігіттер», «Асау тұлпар», «Жас қазақ марсельезасы», т. б. өлеңдері халық ішінде тез тарап, жауынгерлік жырға айналды. Сәкен революцияны 1917 жылы жазған «Асығып тез аттандық» өлеңімен қарсы алды. Ақын бұл өлеңінде Ақпан төңкерісі жеңісі мен патшаның тақтан түсуін табиғат құбылыс­тарымен тамаша суреттеген. Әдебиеттанушы ғалым Серік Қирабаев Сәкен Сейфуллиннің «Асығып тез аттандық» поэмасы қазақ совет әдебиетінде жазылған тұңғыш революциялық поэма екенін айтады. Дегенмен зерттеуші Тұрсынбек Кәкішев «Кел, жігіттер» поэмасын қазақ совет әдебиетінде жазылған тұңғыш революциялық поэма, ал «Асығып тез аттандық» поэмасын революцияға дейін Сәкеннің соңғы жазған өлеңі деп қабылдайды. Оның төңкеріс кезінде жазған өлеңдерінде, әсіресе, тәуелсіздік, теңдік, әділдік тақырыптары сөз болды. Өлеңдерінде төңкеріс рухын, толғамдарын, ұлт азаттығы зарын жұртшылыққа жеткізген. «Кел, жігіттер», «Жолдастар», «Жас қазақ марсельезасы», «Тергеген болсаң айтайын» өлеңдері осы кезеңде шыққан. «Жас қазақ марсельезасы» өлеңі революция кезінде қазақ хал­қының әнұраны болды:

Азамат, жүнжіме, жүрме бос,

Қол ұстас, бірігіп, тізе қос.

Ту ұстап дұшпанға барайық,

Теңдіктің ұранын салайық.

Тізесін батырған залымнан

Күн туды – біз теңдік алайық!

Сәкен 1918 жылы жау қолына түсіп, Петропавл түрмесіне түседі. «Түрмеден», «Тұлпарым», «Адасқандарға», «Қамаудан, «Қамыққан көңілге» және «Сағындым» атты ыза мен кекке толы өлеңдері тұтқында отырып жазылған. Оның тұтқында жатқанда жазған «Түрмеден» өлеңі Сәкеннің сезімге толы, ойшыл лирик ақын екенін көрсетеді. Сәкеннің «Түрмеден қашып шыққанда», «Біздің жақта», «Бабаларыма»», «Боранда», «Шөлде» өлеңдері Колчак түрмесінен қашып, далада жасырынып жүргенде жазылған. Екі ай айдалада қиналып жүргенде «Бабаларыма» өлеңін жазып, ата-бабаның әруағынан өзін қорғауын, қолдауын сұрайды. «Шөлде» өлеңінде ол өзінің атына рақмет айтып, аспандағы аққулар арқылы анасына сәлем жолдатқан. Ақын түрмеде азапталып, жау қолынан қаза тапқан достарына арнап «Шаһит болған достарыма» поэмасын жазды. Ақын бұл өлеңнің орысшадан өзгертілгенін ескертті. Біздің ойымызша, бұл поэма – Н.Некрасовтың «Внимая ужасам войны» поэмасының еркін аудармасы. Бұл кезеңдегі өлеңдердің мазмұнынан революцияның әсері айқын сезіліп, әсіресе, халықтың бостандығы, тәуелсіздігі айқындалған. Төңкеріс елге тәуелсіздік әкеледі деп ойлаған ақын жаңа батырдың бейнесін алғаш рет суреттеген. Төңкерістен кейін жазған «Біз», «Қызыл ерлер», «Жолдастар» және «Кімде-кімнің тасқын судай қайраты» атты өлеңдерінде ол Қазан төңкерісінің дүние жүзіндегі жетістіктерін сипаттай отырып, тарихқа тигізген әсерін сөз етеді. 1921 жылы жазған «Қызыл ерлер», «Біз» өлеңдерінде ол жауды талқандаған совет халқы мен революция батырларын «қызыл ерлер, біз, жолдастар» деп көпше түрде суреттейді. Ол 1920 жылдардағы қоғамдық өмірдегі жаңа дәуірдің жаңалықтарымен бірге келген пойыз, ұшақ және экспресс дәуірінің символына айналды. Осы жаңалықтар Сәкеннің «Біздің тұрмыс экспресс», «Аспанда» және «Қара айғыр» өлеңдерінің шығуына себепкер болды. Сонымен қатар Сәкен әйелдердің оқуын, қоғам өмірінен лайықты орнын алуы керегін алға тартатын. Үнемі екінші жақта жүрген, айтары жоқ, бағаланбаған әйелдер 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін бостандыққа қол жеткізді. Әйелдердің білім алуына, теңдігіне, кәсіпке ие болып, еңбек етуіне үлкен мән беретін Сәкен «Марияға», «Маржан», «На­дежда, Үміт, Үмила» өлеңдерінде әйел тақырыбына тоқталған. Сәкеннің төңкеріске дейінгі шығармалары, негізінен, демократтық, бұқарашыл бағыт ұстанғанын көрсетеді. Кейін өмір шындығын кеңірек бейнелейтін сыншыл реализмге ауысты. Сөйтіп, ақында біртіндеп революциялық көзқарас қалыптаса бастады. Бұдан кейін нағыз революцияшыл ақынның қолынан революцияның дауылды жырлары туа бастады.

Бір білеріміз, Сәкен Сей­фуллин – қазақ халқының ­тарихы мен әдебиетінде мәңгілік аты қалған тұлға. Еңбегі естен кетпейді, шы­ғармашылығы өлмейді.

Алуа БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ,

Сәкен Сейфуллин ­музейінің қызметкері,

Астана қаласы 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button