Жаңалықтар

Уәделер орындалуы тиіс

Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan фракциясының депутаттарымен және министрлерімен партияның «Қазақстан – 2021: Бірлік Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде отырыс өткізді. Басқосуда Премьер-министр Асқар Мамин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин, Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов, Премьер-министрдің орынбасарлары – Бердібек Сапарбаев пен Роман Скляр баяндама жасады.

Ұсынылған мәліметтерді тыңдаған соң, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елді дамытудағы және халықтың әл-ауқатын көтерудегі партияның айрықша рөлін атап өтті. «Бүгінгі таңда біздің партияның алдында тұрған міндет – қоғамды және элитаны партияның атынан сайланған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төңірегіне топтастыру. Партия елдегі жетекші саяси күш ретінде мемлекетіміздің дамуының стратегиялық бағдарындағы сабақтастықты қамтамасыз етуі тиіс. Сондықтан Үкімет пен фракция адамдардың нақты мәселелерін бірлесіп шешуі керек» деді партия төрағасы.
Елбасы партияның сайлауалды бағдарламасының және «100 нақты қадам» ұлт жоспарының орындалуын тілге тиек етіп, қалған міндеттемелерді іске асыруға қатысты тәуекелдерге назар аударды. Жеңіске жеткен партияның сайлауалды бағдарламасын Үкіметтің бесжылдық қызметіне негіз болуы қажеттігін, ал Мәжілістегі фракция мүшелерінің сол бағдарламаның орындалуын тұрақты бақылап отыруы тиістігін қадап айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің өңірлерін дамытуға бағытталған бағдарламаларды іске асырудағы кемшіліктерге тоқталды. «Қазір бұл стратегия­лық бағдарламалар немқұрайдылықпен жүзеге асырылуда. Олардың орындалуына тиісті бақылау жоқ. Кейбір тармақтары іске асырылмайды. Жоспарланған көрсеткіштер үнемі түзетіледі. Сол себептен Ұлттық экономика министрлігіне Nur Otan партиясының фракцияларымен бірлесіп, осы бағдарламалардың атқарылу барысын тыңдауы қажет. Аумақтарды дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын дайындауымыз керек» деп сөзін жалғады Елбасы. Осыған орай, әрбір аудан, қала, облыс бойынша 2020 жылдың 1 наурызына дейін бағдарламаларды дайындауды тапсырды.
Партия төрағасы депутаттардың өңірлерге бару, қоғамдағы өткір мәселелерге үн қосу, заңнамалық бастаманы жұмысқа пайдалану сияқты түйткілдерге қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. «Талдау көрсеткендей, біздің партияның депутаттары бұқаралық ақпарат құралдарын белсенді пайдаланбайды. Бұған қоса, Nur Otan фракциясы қоғамды толғандырған проблемаларға бастамашы болуға құлықсыз. Соңғы бірнеше айда Nur Otan фракциясының мүшелері қоғамда резонанс туғызған оқиға бірде-бір оқиғаға өз ұстанымын білдірмеген» деп мәлімдеді Елбасы.
Сонымен қатар, Тұңғыш Президент фракция депутаттары Ата заңымызда көрсетілген заң шығаруға бастамашы болу құқығын пайдаланбай отырғанын айтты. «Депутаттар – партияның және белсенді электораттың негізі. Халық сіздерге партия арқылы тиісті өкілеттіктер берді. Ендеше, біздің азаматтарымыздың проблемаларын шешумен айналысуларың керек. Негізгі міндетіміз – тұрақтылық, Қазақстанның гүлденуі және азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Сондықтан халыққа берген уәделерімізді орындауға күш-жігерімізді аямай жұмсайық!» деп сөзін түйіндеді Н.Назарбаев

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button