Басты ақпаратЕлорда тынысы

Үміткерлердің сәйкестігін нақтылады

Кеше елордада депутаттыққа үміткерлер мен аумақтық сайлау комиссиясы өкілдерінің отырысы өтті.

Жиналыста «Республика» партиясы, «Байтақ» жасылдар партиясы, Amanat партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партия­сы қоғамдық бірлестіктері Астана қалалық филиалынан елордалық мәслихат депутаттығына ұсынылатындардың партиялық тізімін бекітті. Сондай-ақ «Ақжол» демократиялық партиясы қоғамдық бірлестігі Астана қалалық филиалынан елордалық мәслихат депутаттығына ұсынылған үміткерлерді тіркеді.

«Республика партиясы» қоғамдық бірлестігі Астана қалалық филиалынан 16 кандидаттың; «Байтақ» жасылдар партиясы қоғамдық бірлестігі Астана қалалық филиалынан 10 кандидаттың, Amanat партиясы қоғамдық бірлестігі Астана қалалық филиалынан 33 кандидаттың, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы қоғамдық бірлестігі Астана қалалық филиалынан 7 кандидаттың тізімі бекітілді. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Астана қаласы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы аумақтық органы ұсынған мәліметтер мен Астана қаласы бойынша Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің басқармасы берген деректерге сай аталған кандидаттар барлық талаптарға сай, ешқандай заң бұзушылық әрекеттері жоқ деп танылды.

Жиналыста «Ақжол» демократиялық партиясы қоғамдық бірлестігі Астана қалалық филиалынан елордалық мәслихат депутаттығына тіркелген 13 кандидатқа қатысты куәліктер берілді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы сайлау туралы 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңының 104-бабының бірінші тармағына сәйкес, 2021 жылы 10 қаңтарда өткен Астана қаласы мәслихат депутаттарын сайлауда дауыс беруге қатысқан сайлаушылар санының 7,44% жинауына байланысты «Ақжол» демократиялық партиясы қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық филиалы тиісті аумақтық сайлау округі бойынша сайлау жарнасын өтеуден босатылды.

– Кандидаттарды тіркеуден өткізген партиялар енді декларацияларды (өзіне және зайыбына) тапсырып, мүшелік жарнаны енгізу керек. Өткен кезекті сайлауға қатысып, қажетті дауысты жинаған Amanat, «Ақжол», «Қазақстан халық партиясы» Қазақстан Республикасы сайлау туралы 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңының 104-бабының бірінші тармағына сәйкес, аумақтық сайлау округі бойынша сайлау жарнасын өтеуден босатылады.  Қалған партиялар әр кандидат үшін 350 мың теңге шамасында жарна төлейді. Осыдан кейін тіркеу рәсімі жүргізіледі. «Республика», «Байтақ» партиялары сайлауға алғаш рет қатысып отыр. Бұл екі партияда да жастар мен әйелдерге арналған 30 пайыздық квотаны толығымен сақтаған, – деді қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Бақыт Бектемісова. Сондай-ақ ол тіркеу аяқталғаннан кейін сайлаудың қажет шарттарын, тәртібін егжей-тегжейлі түсіндіру үшін кандидаттарды және оның сенімді өкілдерін жинап, үлкен семинар өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді әрі сайлау туралы заңда көп өзгерістер бар екенін айрықша ескертіп, кандидаттарға Қазақстан Республикасының сайлау туралы Конституциялық заңының әр тармағын мұқият оқып шығуды тапсырды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button