Басты ақпаратҚала мен Сала

Үркердің бүгіні мен болашағы

Елорданы дамытудың басым міндеттерінің бірі – шет аймақтарды абаттандыру. Біздің тілшіміз бас қаладан сыртқарырақ орналасқан осындай тұрғын алаптардың бірі – Үркер елді мекеніне барып, ондағы тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан еді. Жиырма жыл бұрын, аталмыш елді мекенде алғашқы үйлер пайда болған кезде, бұл тұрғын алап «Шығыс Ильинка» деп аталды. Тек өткен 2021 жылдың басында мәслихаттың шешімімен бұл жер Үркер тұрғын алабы деген әдемі атауға ие болды.

Бәрін басынан бастасақ

Статистикаға сәйкес, қала халқының төрттен бір бөлігі, қала маңында тұратынын ескерсек, Үркер тұрғын алабында бүгінгі таңда 30 мыңға жуық азамат өмір сүреді. Оның 9 000-ға жуығы – мектеп жасындағы балалар.

Тұрғын алаптың инспекторы Жарқын Айтжановтың айтуынша, Үркер тұрғын алабының жалпы ауданы 800 гектарды құрайды. Аталмыш елді мекенде 14 көпқабатты үй, 4000-ға жуық жеке үй, 1 мектеп және 3 балабақша бар. 3600 оқушыға арналған № 69 жалғыз жергілікті мектеп-гимназияда осы елді мекеннің балаларының дені білім алуда. Қалған оқушылар күн сайын үш маршрутқа ауысып міну арқылы Астанаға қатынап, елорда мектептеріне баруға мәжбүр.

Үркер тұрғын алабында барлығы 144 көше бар, оның 136-сында жарықтандыру жұмыс істейді, қалғандары бойынша жарықтандыруды қосу жұмыс­тары жүргізілуде. Бұл маңның тұрғындарына №12 қалалық емхана медициналық қызмет көрсетеді. Оған 23700 адам тіркелген. Есіл ауданы әкімдігінің аппараты қызметкерлерінің мәліметінше, мұнда белгілі бір салаға маманданған дәрігерлер жетіспейді. Бұл мәселе қазір қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен келісіліп, шешілу үстінде.

Газ мәселесі қазір Ильинка мен Үркер тұрғын алабы тұрғындарын ерекше алаңдатып отыр. Бүгінде Ильинка мен Үркер тұрғын алаптарын газдандыру жоспарға сай толық қосылған, жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Екі ауданда да газ тарту жұмыстарын 2022-2023 жылдары толығымен аяқтау көзделіп отыр.

Бұл жерде тұрғындарды ерекше толғандырған мәселенің бірі интернет болатын. Жауапты тұлғалар мәселені өз көздерімен көруі үшін тұрғын алап инспекторы сонау бір жылы қалалық мәслихат депутаттарының қолдауымен цифрлық даму, инновация­лар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қызметкерлері мен ұялы байланыс операторларын шақырып, нәтижесінде Үркерде қосымша антенна-діңгек құрылыстары орнатылды. Осы жылдың соңына дейін мұндай төрт АДҚ пайда болады.

Тұрғын алап пен қала арасы тым шалғай болмағанымен, елорда орталығына жету де өте қиын болды. Бұл ретте Сity Transportation systems басшылығы қолдау білдіріп, Үркер елді мекеніне қосымша №45 автобус бағыты қосылды.

Сондай-ақ тұрғын алапта «Сергек» камераларын орнату және сыртқы жарықтандыру мәселелері шешіліп, азаматтардың өтініші бойынша халыққа қызмет көрсету орталығының филиалы ашылды.

Аулалар абаттандырылуда

Соңғы жылдары қала әкімі Алтай Көлгіновтің тікелей тапсыр­масы бойынша, сиқы кеткен саябақтар қайта ажарын тапса, қаладағы және қала шетіндегі қараусыз қалған жерлерде абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындарға қолайлы тынымбақтарға айналды. Аула аумақтарын абаттандыруда барлық заманауи стандарттар ескерілген. Қолданылатын материалдар сертификатталған. Спорт алаңдарында қауіпсіз резеңке төсемдер, жаттығу кешендері орнатылды. Сондай-ақ аумағы бойынша сәйкес келетін аула­лардың барлығына футбол, волейбол және баскетбол алаңдары салынды.

Абаттандыру жұмысын жүргізуде «Бюджетке қатысу» бағдарламасы іске қосылды. Яғни қай ауланы абаттандыру керек және балалар алаңында нені көргісі келетінін тұрғындардың өздері шешеді. Есіл ауданында биыл 20 жаңа аула салынып, 5 қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарланған. Қазір осы жоспардың дені сәтімен орындалып, пайдалануға берілді. Соның бірі – Үркер елді мекенінде салынған екі заманауи қоғамдық кеңістік.

– Жаңадан салынған балалар алаңы тұрғындарға өте қолайлы болды. Қауіпсіз әрі ыңғайлы. Бұрын балалар үй-үйдің бұрышында шаң-шаң болып ойнап жүретін еді. Шағын алаңқай салынғалы сол жерге барып ойнайды. Үлкендерге де қолайлы. Соңғы кездері бас қаланы абаттандыру жұмыстары өте қарқынды жүріп жатыр. Мен осыған дән ризамын, – деді үркерлік тұрғын Айжан ­Асылбекқызы.

Үркер елді мекеніндегі бос жерлердің орнында екі заманауи қоғамдық кеңістік абаттандырылып, ресми пайдалануға берілді. Қауіпсіз резеңке жабыны, сертификатталған шағын сәулет нысандары қолданылып, орын көгалдандырылды. Алаңдар балаларға да, ересектерге де арналған.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button