Әлеумет

Ұлт перзенттерін ұлықтайық!

Жалпы алғанда, Астана қаласында жастарға арналған үш мәдени мекеме бар. Қош делік! Мұны үміт тұтқан жастарымызға арналған үлкен қамқорлық, игілікті іс деп бағалауымыз жөн. Атап айтқанда, Астана қаласы әкімдігінің «Жастар сарайы», «Астана жастар театры» және «Музыкалық жас көрермен театры». Өте жақсы. Бұл жастардың рухани дамуы мен келешек ұрпақтың жақсы өнеге-тәрбие алуына ықпалы зор мәдени орталықтар деуге әбден болады.

Осы қоғамға жағымды бағытқа мән берген қала билігінің өте дұрыс шешімі делік. Сонда да, осы театрларға байланысты астанамыздың тұрғындары мен қонақтарына қатысты қолайсыз бір жайт бар. Мәдениет ошағының үшеуінің де негізін «жастар» деген сөз құрап тұрғандықтан, «Жастар театры» деп қысқарта айтылғанда, көрермендердің біразы шатасып, көздеген театрдың орнына жастардың басқа ғимаратының есігін қағатынына куә болып жүрміз. Кейде өзіміз де сасқалақтап қалатын кездеріміз болды. Бұл – бұқара халыққа үлкен қолайсыздық.

Осымен қоса, рухани байлығымызды кеңінен қамтып құрметтеу тұрғысынан қарасақ, аталған үш мәдениет ошағына тән бір тарихи кемшілік ойға келеді… Қысқаша, қазір «Жастар театры» орналасқан ғимаратта 2000 жылы «Ақ орда» опера және балет театры ашылған болатын. Осы жылы театр Ұлттық мәртебеге ие болып, оған қазақтың жаһанға әйгілі күміс көмей, жез таңдай әншісі, 24-ақ жасында КСРО халықтарының көрнекті өнер қайраткерлеріне берілетін құрметті «КСРО халық әртісі» атағын алған Күләш Байсейі­това есімі берілді. Тамаша! – деген едік. Театрдың алғашқы маусымы 2000 жылдың 14 қазанында М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсымен бастады. Операны сахнаға КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халық қаһарманы, режиссер Әзірбайжан Мәмбетов шығарды. Айрықша атап өтетін жайт, 2004 жылы Күләш Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры Халықаралық музыкалық театрлардың ассоциациясының құрамына мүше болды. Бұл театр әртіс­терінің еңбегінің жоғары бағасының белгісі еді. Ал енді, 2013 жылы жаңадан «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театры еңселі ғимараты пайдалануға беріліп, аталған театр коллективі соған көшірілгенде, атақты әншіміз Күләш Байсейітова есімі қалың қауымға белгісіз себептермен «ұмытылып», ескерілмей қалды. Бұл дұрыс па? Әрине, жоқ. Сондықтан, дүние жүзіне танылған әншіміз есімі жаңа опера және балет театрына да бірге көшіріліп, Күләш Байсейітова атындағы «Астана опера» театры аталуы заңды құбылыс болар еді. Бірақ, шешім дұрыс қабылданбады. Мүмкін әлі де кеш емес шығар… Ал бұл ұсыныс шешімін таппаса, «Жастар театрын» «Күләш Байсейітова атындағы Жастар театры» деп атаған дұрыс болар еді.

«Жастар сарайы» жайлы. Аса көрнекті ақынымыз, сталиндік террордың жазықсыз құрбаны Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» деген өлеңінің тәрбиелік мәнінің зор екені белгілі. Жалынды ақын өскелең ұрпақтың кемелденіп қалыптасуының айрықша болу керектігін, олардың айбынды да қайсар шарапатты жасампаздықтарынан үлкен үміт күткен. Сондықтан «Жастар сарайы» Мағжан Жұмабаев атындағы «Жастар сарайы» деп аталса, қалың жұрттың ой-арманынан шығары даусыз.

Ал «Музыкалық жас көрер­мен театры» – Қадыр Мырза Әлі атындағы «Музыкалық жас көрермен театры» деп аталса, абыройлы іс болар деген ойдамыз. Осы ұсыныс­тар жүзеге асса, халқымыз ардақтаған Күләш Байсейі­това, Мағжан Жұмабаев пен Қадыр Мырза Әліге арналған лайықты құрмет болары сөзсіз дегіміз келеді. Сонымен қоса, көрермен қауым да үш театрды шатастырмай, уақтылы өзіне керек мәдениет ошағына жол табар еді. Осы ұсынысты қалың жұртшылық, зиялы қауым қолдайды деген үміттеміз. Ұлт перзенттерін құрмет тұту, елге деген жемісті де қайырлы еңбектерін лайықты ұлықтау – біздің парызымыз.

Нақыпбек СӘДУАҚАСТЕГІ,

заңгер-құқықтанушы, публицист

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button