Басты ақпарат

Ұлы Абай ұлықталған күн

Елімізде Абай күні тұңғыш рет атап өтілді.  Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов­тың сөзімен айтсақ, Президенттің тапсырмасына сәйкес «Қазақтың бас ақынының» туған күні – Үкіметтің қаулысымен Абай күні болып белгіленді. Оныншы тамыз күні хакім атамыздың туғанына 175 жыл толды. Осыған орай ел­­ордадағы тұғырлы тұл­­ғаның ескерткішіне Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Мәдениет және спорт ми­нистрі Ақбота Райымқұлова,
Нұр-­Сұлтан қала­сының әкімі Алтай Көлгінов және қоғам қайраткерлері мен зиялылар гүл шоғын қойды.

Салтанатты жиынға қатысқан филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков данышпанның терең ойлары мен шығармашылығы жайын­да парасатты сөз өрбітті.
«Абайдың қазақты сынамаған жері жоқ. Бірақ қазақты жанындай сүйді. Бір өкініштісі, Абай сынаған көп әдеттен әлі күнге арыла алмай келеміз. Қайта оның үстіне бірталай қайғы-қасірет қосылды. Біз осыдан түгел арылып, Абайды қайта түсініп, ұғынып оқуымыз қажет» деді ғалым. Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет адамзаттың алғашқы ұстазы Аристотельден бастап, ұлы ұстаздар мен классиктердің қай-қайсымен де Абайды терезесі тең тұратын данышпан деп есептейтіндігін айтты:
– Қазақстан Жазушылар одағы мерейтойға орай ақынның поэзиялық күнтізбесін шығардық. Сонымен бірге интерактивті кітабын дайындап, оған өлеңдері, қара сөзі және әндерін енгіздік. Бұл кітапты бағалы дүние деп айтуға болады. Қазіргі күні кемеңгер тұлғаның шығармалары он тілге аударылып, оқырманға жол тарта бастады. Бұдан бөлек, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты дайындаған ақынның үш томдық академиялық танымдық жинағы жарық көреді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button