Басты ақпаратҚала мен Сала

Жайлы өмір сүретін қала

Өткен аптада елордалықтар Астана қаласының 2035 жылға дейінгі Бас жоспарының жобасымен танысып, қоғамдық талқылауға қатысты. Іс-шара­ның барлық күні диалог түрінде өтті. Қала тұрғындары өз пікірін ортаға салып, кері байланыс арқылы және жазбаша түрде өз тілегін қалдырды. Ал жобаны әзірлеушілер әрбір ұсынысты назарға алып, қойылған сұрақтарға жауап берді. Алматы ауданы келешекте қалай дамитыны туралы өткен талқылауға 200-ден астам адам қатысса, Байқоңыр ауданы бойынша қоғамдық тыңдауға 182 адамнан ұсыныстар мен ескертпелер келіп түсті.

Абаттандыру жалғасады

Қалалық Урбанистика орталығының жетекшісі Елнар Базыкеннің айтуынша, елордада келешекте атқарылатын істің барлығы дерлік қалалықтардың жайлы өмір сүруіне бағытталады. Ол сондай-ақ, Сity Transportation Systems компаниясының талдауына сәйкес, соңғы кездері қала тұрғындары тарапынан велосипедтерге сұраныстың өте жоғары екенін атап өтті. Бұл – Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы жүзеге асыратын басым бағыттың негізі. Осыған орай, болашақта елордада 124 шақырым велосипед жолдарының құрылысы жоспарланып отыр.

– Жасыратыны жоқ, ке­йінгі кездері Астанада көліктің осы түрін пайдаланушылар қатары көбейді. Жазда мен де велосипедпен қаланы айналып шықтым, сонда онымен жүрудің әлдеқайда ыңғайлы әрі қауіпсіз екенін байқадым. Болашақта қаланың кешенді көлік моделі әзірленетін болады, – деді орталық жетекшісі.

Бас жоспардың жобасында Сарыарқа ауданы теміржол вокзалынан қалалық әкімдікке дейін, Есіл ауданы орталық саябақтан ҚР Тұңғыш Президентінің кітапханасына дейін және Алматы ауданы ҚР Ұлттық музейінен «Жерұйық» паркіне дейін өтетін туристік велосипед маршруты көрсетілген.

– Веложолдардан басқа, қадамдық қолжетімділік қағидаты бойынша бос уақытты өткізу үшін қоғамдық кеңістіктер құрылады. Қалада абаттандыру бағдарламасы бар, ол учаскелерді анықтайды, аудан әкімдіктері осы бағытта жұмыс істейді. Келесі жылы абаттандыруды қажет ететін учаскелерді табуға назар аударылып, соның негізінде жоспарлар жасалады. Сондай-ақ біздің қала тұрғындары үшін жаңа қоғамдық кеңістіктер құрылады. Менің ойымша, олардың барлығы тұрғындардың жайлы өмір сүруіне бағытталады және бұл жұмыстар жыл бойы жалғасады. Сөйтіп, 2030 жылға қарай біздің қала ең қолайлы, жасыл қалалардың біріне айналады, – деді Елнар Базыкен.

Соңғы жылдары Астанада жыл сайын 200-ден астам аула аумағы мен қоғамдық кеңістіктер, атап айтсақ, саябақтар, скверлер, бульварлар абаттандырылуда. Мысалы, 2023 жылы «Үркер» немесе «Ильинка», «Тельман» тұрғын алаптарында, Ш.Айтматов көшесі ауданында, Ж.Тәшенев пен Таха Хусейн көшелерінің қиылысы ауданында, Абай даңғылында гүлзарларды абаттандыру жоспарлануда. Сондай-ақ Абылай хан даңғылы бойынша Күйші Дина көшесінен Ғ.Мұстафин көшесіне дейін, Т.Жүргенов, 28/1, Р.Қошқарбаев, 45 көшелерімен, Қордай және Тайқазан, К.Әзірбаев көшелерінің қиылысында және т. б. жаңа аллеялар пайда болады.

Жол мәселесі шешіледі

«Астана Бас жоспары» ҒЗЖИ» инженерлік инфрақұрылым шеберханасының жетекшісі Азамат Хамитовтің айтуынша, қаланың Бас жоспарында жобалау мәртебесінде тұрған Мыңжылдық аллеясы ауданында жалпы ұзындығы 18,4 шақырым болатын 10 магистралдық көше, атап айтсақ, Ұлы дала даңғылы, 62, 105, сондай-ақ Ш.Қалдаяқов, А50, А51, В12 көшелерінде жол салу көзделіп отыр. Бұл көшелерді жөндегеннен кейін кептеліс азаяды, осы жолдардың ішінде инженерлік желілер салынады, бұл адамдарды сумен, кәрізбен, нөсермен қамтамасыз етеді.

– Бүгінде қаланы ауыз сумен үздіксіз жабдықтау үшін қуаттылығы тәулігіне 105 мың текше метр «Интернациональный» тұрғын алабы ауданында 3-НФС салынып жатыр. Нысан ішінара осы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі, ал 2023 жылдан бастап оның қуатын арттыру жоспарлануда, – деді А.Хамитов.

Алматы ауданында ғана емес, бүкіл қалада магистралдық коллекторлары бар кәріз тазарту құрылыстарын (2-КОС) жобалау жұмысы жүргізілуде. Мәселен, Мыңжылдық аллеясының оңтүстігінде 370 Гкал «Оңтүстік-Шығыс» қазандығының құрылысы басталды, ол аллея маңындағы аудандарды, жаңа теміржол вокзалын, ­перспективалы құрылыс ауданын жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ №2 ЖЭО-ны екі қазандықпен кеңейту жоспарлануда.

Қаланы газдандыру мәселесі алдымен Алматы ауданында қолға алынғаны белгілі. Ол үшін қалада 680 шақырымнан астам газ тарату желілері салынды, орамішілік желілер тартылды.

Мыңжылдық аллеясының нөсер кәрізі туралы айтатын болсақ, мұнда «Нұрлы жол» вокзалының сыртында 2-4 тазарту құрылғысының құрылысы аяқталып, ауданның су басу мәселесін шешетін нөсер кәрізі жеткізу желілерінің құрылысы басталды. 2023 жылы үздіксіз электрмен жабдықтауды қамтамасыз ететін «Жұлдыз» қосалқы стансасы қайта жаңартылады.

– Астана қаласының Отын-­энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы Шарль де Голль көшесі, Тәуелсіздік даңғылы, нақтырақ айтсақ, «Южный» гараж кооперативі бойынша екі тарату пунктінің жобасын жүргізуде, бұл ауданды электрмен жабдықтауды қамтамасыз етеді, – деді А.Хамитов.

Сондай-ақ Бас жоспарды әзірлеушілер «Күйгенжар» тұрғын алабында және Майбалық ауданында экопарк құруды ұсынды.

Байқоңыр ауданында басты назар Асан қайғы көшесінің бо­йындағы аумақты қайта жаңарту мен жаңғыртуға аударылады. Бұл жобаны 2018 жылы елорда мәслихаты әзірлеп, бекіткен болатын.

– Байқоңыр ауданының болашағы зор. Егер мемлекеттік қаражат есебінен осы аумақтағы учаскелерді бұзу және сатып алу ұйымдастырылса, бұл қаланың қалыптасқан бөлігінің келбетін едәуір жақсартады, инвесторларға оң жағалаудағы жаңа заманауи тұрғын үй кешендерін салуға күшті серпін береді және ескірген, апатты үйлерде тұратын адамдарды көшіру мәселесін шешеді, – деді шеберхана жетекшісі.

«Өндіріс» тұрғын алабында әлеуметтік нысандар салу арқылы тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау көзделіп отыр. Жақында мұнда дене шынықтыру-сауықтыру орталығы ашылды. Б.Тоқтамысовтың айтуынша, тағы бір бағыт – өнеркәсіп кәсіпорын­дарын дамыту. Бұл ретте №1, №2 индустриалды парктер және логистика орталығы сияқты алаңдарда жаңа кәсіпорындар орналасады. Байқоңыр ауданы тұрғындарының сұрағына жауап бере отырып, Елнар Базыкен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру туралы айтты.

– Жоба аясында «Егемен ­Қазақстан» газеті көшесінде сквер құруды жоспарлап отырмыз. Бүгінде осыған байланыс­ты жұмыс жүргізіліп жатыр. Аудан әкімдіктерімен бірлесіп, қараусыз қалған жерлердің болашағын талқыладық және алдағы уақытта оларды дамыту бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізетін боламыз, – деді орталық жетекшісі.

Қала белсенділерінің бірі Артем Таха Хусейн, Ж.Тәшенев, А.Кравцов көшелерінің маңында орналасқан жеке сектор мәселесін көтерді. Астананың өзі тұратын ауданында газдандыру және орталық жылыту қарастырылмаған 120 жеке үй барын, қыста бұл маңды түтін басатынын айтып шағымданған елордалық азамат қалалықтарды толғандырған өзекті мәселеге ерекше назар аударуды өтінді. Қоғамдық тыңдау барысында барлық ескертпелер мен ұсыныстар қабылданды. Алдағы уақытта олардың барлығы да есепке алынады.

 

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button