Басты ақпаратТағзым

Жақыптың жүрегі

Осыдан алпыс екі жыл бұрын ­Сәбит Мұқановтың романы желісімен түсірілген «Ботагөз» көркем фильмі көрерменге жол тартты. Бас кейіпкер бейнесін қазақ киносы мен бейнелеу өнеріне өлшеусіз үлес қосқан Гүлфайрус Ысмайылова сомдаған кинотуындыда сонымен қатар Ыдырыс Ноғайбаев, Қанабек Байсейітов, Мүлік Сүртібаев, Қалибек Қуанышбаев сынды өнер саңлақтары, атақты актриса, белгілі режиссер Леонид Гайдайдың жары Нина Гребешкова көрінді. Асанәлі Әшімовтің өмірбаянында да бұл фильм оқшау тұр. Себебі әйгілі әртістің кинодағы ғұмыры дәл осы фильмнен басталды.«Ботагөздің» көп­шілік көрініс­теріне сол кездегі 18 жасар Жақып Омаровтың қатысқанын қазір біреу білер, біреу білмес. Алайда оның бағын кино емес, театр ашты. Бар саналы ғұмырын шығармашылыққа арнаған талантты режиссер соңғы сәттеріне дейін «хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер – театрға» (Ғ.Мүсірепов) қызмет етті. Алматы, Тараз, Қарағанды, Шымкент театрларында айшықты қолтаңбасын қалдырды. Ал елордадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының жоқ жерден іргетасын қалағанын бәрі біледі.
Қаллеки театрының ал­ғашқы жетістіктері де Жақып Омаров есімімен тікелей байланысты. Режиссер 1996 жылы Мәде­ниет министрінің сол кездегі бірінші орынбасары, сыралғы досы Есмұхан Обаев­қа телефон шалып, Уфа қаласындағы түркі тілдес халықтардың «Туғанлық» атты II фестиваліне жолдама алып беруін сұраған еді. Министрлік оның өтінішін жерде қалдырмай, бауырлас елдегі театр өнерінің мерекесіне Қазақстаннан жалғыз ұжым болып Қуанышбаев театры аттанды. Фестивальдің қазылар алқасы Жақып Омаров өзі сахналаған драматург Шахмет Құсайыновтың «Алдар көсе» комедиясына тәнті болып, үш аталымда марапаттады. Оның бірін «Өнерді дамытудағы ерен еңбегі үшін» режиссер алса, жас ұжымға – «Үміт» аталымы және актер Шәміл Жүніске «Екінші кезектегі үздік рөлі үшін» жүлдесі берілді.
«Жарты тәуліктей өткен қорытынды жиында «аһ» ұрған халыққа лық толы зәулім зал қазақ режиссері Жақып Омарұлының жас театрына орындарынан үш рет тұрып, ұзақ қол соғып, құрмет көрсетті. Тек қана Жақаң жоқ еді, ол қаннен қаперсіз мәңгілік екінші өміріне жол тартқан еді» деп жазады Қаллеки театрының сол алғашқы жеңісіне куәгер болған белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай.
Иә, Жақып Омаровтың өмірі сол Уфа сапарында кенеттен үзіліп, өнерге іңкәр жүрегі соғуын тоқтатты. Қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырында сахна суреткері әр жанрда тоқсанға жуық спектакль қойды. Соның ішінде Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» драмасы ерекше орында тұр.
1991 жылдың 15 қарашасында осы спектакльмен Қаллеки театрының тұсауы кесілді. Қазір Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театры мәртебесін иеленген өнер ұжымының шымылдығы да дәл осы қойылыммен түрілді. Жақып Омаров өмірден өтерінен үш айдай бұрын ғана Көкшетауға барып бұл спектакльді қойған еді. Сондықтан туған жеріндегі театрдың ашылуына оның да септігі тиді деп әбден айтуға болады. Ал осылардан бұрын, дәл айт­қанда 1982 жылы «Ақан сері – Ақтоқты» Шымкентте қойылғанда оны автордың өзі, қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов тамашалады. Режиссерге де, актерлердің кейіпкерлерді сомдауына да риза болып, батасын берді.
Бір атап өтерлігі, Жақып Омаров осы бір ғана спектакльді сахналағанда өзін-өзі қайталамай, үш театрда үш түрлі етіп қойды. Шымкентте қойғанда шығарма желісін Науан хазірет пен Ақан сері арасында қарама-қайшылықтар арқылы өрбітті. Қаллеки театрында оқиғаны Ақан мен Жалмұхан арасындағы тартысқа негіздеді. Ал Көкшетауда Ақан сері мен Ақтоқты махаббатын негізге алды.
Әйгілі композитор, «Қазақ вальсінің королі» атанып кеткен Шәмші Қалдаяқов туралы ел театрларында бірнеше спектакль сахналанды. Бұл қатарда Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» мен Қаллеки театрының репертуарындағы Серік Тұрғынбекұлының «Шәмші» элегиясын айтуға болады. Бірақ Шәмші бейнесін театрға алғаш шығарған – Жақып Омаров.
– Тоқсаныншы жылдың тамызында Оразбек Бодықов Шәмші Қалдаяқовты Шымкенттегі үйімізге ертіп келді. Ол кезде Жақаң Қаллеки театрының бас режиссерлігіне енді тағайындалып жатқан. Сөйтсе, Оразбек ағамыздың «Қайран Шәмші» деген пьесасы бар екен. Бұл шығарманы Шымкент пен Жетісай театрлары қабылдамай қойыпты. Жақаң пьесаны оқыды да, біршама сын айтып, қайта жазып шығу керектігін жеткізді. Шәмші басынан небір қиындықтарды өткерген ғой. Соның бәрін қосып, Шәмшіге өмірі мен шығармашылығы туралы спектакль қоюға уәдесін берді. Ақмолаға келген соң Оразбек Бодықовты шақырып алды. Он бес күн бірге отырып, пьесаны қайта жазып шықты. Бірақ спектакль Шәмші өмірден озған соң бір жылдан кейін ғана, 1993 жылы қойылды. Композитор бейнесін Жақаң Жезқазғаннан театрға арнайы алдырған әртіс Нұрай Танабаев сәтті сомдады. Актердің ойынын көрген Оразбек Бодықовтың өзінің «Шәмшіден айнымайды ғой» деп көңілі босады, – дейді Жақып Омаровтың жары, Қаллеки театрының актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Түймехан Атымтаева.
Астанамызды қазақыландыруда Жақып Омаровтың еңбегін атап айтпай кетпеуге болмайды. Тәуелсіздігіміздің елең-алаң жылдары режиссердің театрландырылған қойылымдары қаланың әр жерінде көрсетіліп жүрді. Бұл тұрғыда Жақып Омарұлын дала сахнасының негізін салушы деп те атауға болады. Ақмоладағы Бөгенбай батыр­дың 300 жылдығы, ­Сәкен Сейфуллиннің 100 жылдығы, Көкшетаудағы Абылай ханның 280 жылдығы, Қарағандыдағы Бұқар жыраудың 325 жылдығы, Актөбедегі Есет батырдың мерейтойы, жаугершілік заманда бар қазақтың басын біріктірген Ордабасыдағы Төле, Қазыбек, Әйтеке билерге арналған сахналық көрі­ніс­тердің авторы – Жақып Омаров.
Ақан мен Біржан секілді сал-серілердің елінде дүние­ге келген ол бастапқыда әнші болуды армандады. Домбыра, скрипка, пианинода еркін ойнады. Тәп-тәуір дауысы да болатын. «Талай тойларда қасқая тұрып, өзінің лирико-драмалық аса жағымды қоңыр үнімен шырқата салған «Қаракесек» пен «Сұршақызды» ынтыға тыңдаған құлақта арман бар ма еді?!» деп еске алған еді бұл өнерін Әшірбек Сығай.
Алайда жастайынан жетім қалып, өзін өсіріп, тәрбиелеген ағасы Айтқожаның айтуымен ауылшаруашылық техникумына оқуға түсті. Сол жерде бағына орай өнері Владимир Альтергот пен Тамара Ланд есімді ерлі-зайыпты ұстаздарының көзіне шалынып, бұл оқуын тастап, театр студиясына түсті. Орда бұзар отыз жасында Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік өнер институтының режиссерлік бөлімін бітірді. Әйгілі Әзірбайжан Мәмбетов пен Нұрмұхан Жантөриннің мектебінен өтті. Мәмбетов кейіннен Жақып Омаровты өзінің ең дарынды шәкірттерінің біріне балайтын. Ал Жақып Омаров Жантөрин театрдан ұзақ уақытқа алыстағанда оған Ебіней Бөкетов қазақшалаған Шекспирдің «Макбет» спектаклінде басты рөлді ойнатып, саңлақ әртістің қайтадан сахнаға оралуына септігін тигізді.
«Әзірбайжан Мәмбетов – Жақып Омаровтың ұстазы ғой. «Ана – Жер-Ананы» қойып жатқанымызда Жақаң: «Менің ұстазым келеді, дұрыс ойнаңдар» деді. Сонда Әзекең Рахилям Машурова екеуі келіп көрді. Жақып марқұм қолын қанатын жайғандай етіп жүретін. Спектакль біткенде ол: «Әзеке, сіздің қойған «Ана – Жер-
Анаңыздан» біздікі 25 процент шықса мен ризамын» деді. Әзеке, сахнаның алдына шығып: «125 процент» деді ризашылықпен» деп еске алады қазір режиссердің тұстасы, Жақып Омаров Қаллеки театрына Қарағандыдан шақырған белгілі актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рымкеш Омарханова.
Қаллеки театры ашылғанда режиссер Рымкеш Омарханова мен Нұрай Тана­баевпен қатар Шәміл Жүніс, Гүлбаршын Қылышбай, Айман Аймағамбет, Бақыт Исабекова, Болат Ыбы­раев секілді әртістерді жан-жақтан Ақмолаға шақырды. Түймехан Атымтаева жары болған соң қашанда қасынан табылатыны белгілі. Осылардың бәрі Жақып Омаровқа астаналық театрдың негізін қаласты. Осы актерлер қазіргі кезде режиссерді үнемі сағынышпен еске алып отырады. Жақып Омаров өзі театрға шақырған әртіс­терге қамқорлығын аямайтын. Театр ашылғанда 15 пәтер берілсе, солардың бәрін ұжымға бөліп берді. Өзі қызметкерлері баспаналы болғанша, «Мәскеу» қонақүйінде тұрды.
Әнге, музыкаға құштарлығынан ұлының біріне Біржан есімін қойды. Нұржан, Бауыржан, Қонаевтың құрметіне қойылған Дінмұхамеджан деген ұлдары да бар. Бауыржаны – көңілді тапқырлар клубындағы «Спарта» командасының белді мүшелерінің бірі. Әкесінің жолын қуып, бұл да ертең салмақты жанрға ойысатынына сенгіміз келеді. Ал Біржаны Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын аяқтаса да, кәсіпкерлікпен айналысады. Дегенмен бұдан да әке өнегесі мен өнері текке кетпегенін байқаймыз.
Жақып Омаров 1993 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанды. Өмірден өткен соң елордада өзі негізін қалаған театр бо­йындағы көшеге аты берілді. Тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. Осы жылы режиссер сексен жастың сеңгіріне шығар еді. Өкінішке қарай, мерейтойы атаусыз қалды. Келер жылы Қаллеки театры жаңа, еңселі ғимаратқа көшеді. Сол кезде ескерілуі тиіс деп ойлаймыз. Елордада жылда өтетін «Самғау» театр фестиваліне аты берілсе де артық етпейді. Жақып Омаров атындағы фестиваль ұйымдастырылса да құба-құп.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button